Өткен аптада өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы Жаңаарқа ауданына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар барысында аймақ басшысы ауданның бірқатар өңірлерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Берік Әбдіғалиұлының алғаш атбасын тіреген жері Ақтүбек ауылы болды. Орайы келгенде айта кетейік, соңғы кездері аталмыш ауылда ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі де бірегейі – ауыз су құбырын жаңғырту жұмысы. Жалпы, бұл жұмыс үстіміздегі жылдың шілде айының басында қолға алынған еді. Жоба барысында ауылға ауыз су жеткізетін бұрынғы темір құбырлар заманауи полиэтилен құбырмен алмастырылады. Желінің жалпы ұзындығы 24 шақырым.
Бүгінгі күні су желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оған 17 адам, 7 техника жұмылдырылып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін ұлттық қордан 207 млн. теңге облыстық бюджеттен 42 млн. теңге қаражат бөлінген.
Бұдан соң өңір басшысы ауылдағы мектеп және тұрғын үй құрылыстарын аралап, жұмыстың барасымен танысты.
Облыс әкімінің Жаңаарқа ауданындағы жұмыс сапары Байдалы би ауылында жалғасты. Мұнда бүгінде дәрігерлік-акушерлік пункт салынуда. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған бұл бағыттағы жұмыс қазір Ұлытау облысы бойынша қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш ауылдағы ФАП ғимараты да тұрғызылып, әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Алайда, ауылда дәрігер-мамандар жоқ. Аймақ басшысы осы мәселеге баса назар аударуды тапсырды. «Ең әуелі мамандар шақырып, оларды тұрақтандыруға жұмыс жасау қажет», – деді Берік Әбдіғалиұлы жұмыстың барысын пысықтай келіп.
Өңір басшысы өз жұмыс сапарының барасында аудандағы өзге да маңызды нысандарды аралады. Құрылыс жұмыстарының жай-жапсарымен жақынырақ танысты. Әсіресе, жергілікті құрылыс материалдарын өндіретін шағын зауыттың жұмысын ширатып, өңірдегі құрылыстарға осы зауыт құйған кірпіштерді пайдалануға тапсырма берді.
Сол сияқты Берік Әбдіғалиұлы аудандағы Қараағаш орманшылығында болып, өңірдеге жасыл желекті аймақты қорғау, өрттен сақтау шараларымен танысты. Шаруашылықтағы жұмысты ширатуды тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.