Жезқазған қаласында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуде сенімділік орнықты. «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-не қарасты жылу-электр орталығында жетілдірілген үлгідегі технологиямен жабдықталып, жаңартылған № 8 қазандық іске қосылды.
Жылу қазандықтарын жаңарту өте күрделі жұмыс саналады. Мәселен, ЖЭО тарихында 1993 жылы № 11 қазандық толығымен жаңартылғаннан бері мұндай ауқымды жоба атқарыла қоймаған еді. Сондықтан, 210 мың сағаттан астам уақыт қызмет жасап, тозуы 90 %-ды құраған № 8 қазандықтың толықтай жаңартылуы жылу-энергетика саласындағы үлкен игілік ретінде бағалануда.
Өткен жылдың мамыр айында «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы бойынша ҚР Энергетика министрлігімен инвестициялық келісім жасалған болатын. Жобаның жалпы құны 8,8 млрд. теңге болды. Келісімге сәйкес 2025 жылдың шілдесінен бастап 2029 жылдың маусымына дейін 10,2 млрд. теңге инвестициялық салымдарды қайтару көзделген.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен күрделі жөндеуден өтіп, замануи озық технологиялармен жабдықталған № 8 қазандық енді сағатына 220 тонна бу өндіруге және электр қуаты өндірісін 40 мегаватқа арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа қазандықтың іске қосылуы қаладағы тұрғын үйлердің жылу жүйесінің жағдайын жақсартып, температураның бұрығыдан жоғары болуын қамтамасыз ететін болды. Қазіргі таңда ЖЭО-да 7 қазандық жұмыс істейді. Олардың бесеуі штаттық режимде жұмыс істеп тұрса, біреуі сынақ режимінде, екіншісі резервте тұр.
Амандық РАХҰЛЫ.