«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы өзінің мүшелерінің балалары үшін биыл жаңажылдық кешті ерекше етіп ұйымдастыруда. Екі аптаға жалғасатын ертеңгілік Жезқазған, Сәтбаев қалаларында өткізілуде.
Әрбір өнеркәсіп ошағындағы кәсіподақ комитеттері еңбеккерлердің балаларына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау мақсатында қос қаладағы мейрамханаларда мерекеге сай шоу бағдарлама ұйымдастырды. Ертеңгілікке келген балаларға Серке Қожамқұлов атындағы театрдың әртістері мағыналы да мәнді қойылымдар ұсынды. Жалпы, биылғы жылы «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы 40-қа жуық жаңажылдық ертеңгіліктің өтуіне атсалысады. Сонымен қатар, кәсіподақ атынан әрбір ата-ананың балаларына жаңа жылға арнайы әзірленген тәтті сыйлықтар үлестірілуде. – Біз биылғы жылы да балақайлардың келер жылды жақсы көңіл-күйде қарсы алуына бар күшімізді салудамыз. Баланың көрген әрбір қызықты сәттері ұзаққа дейін есте қалады ғой. Сондықтан кәсіподақтың Жезқазған филиалы жаңа жылды ерекше бағдарламамен қарсы алуды жөн санады. Ертеңгілікке қатысқан балақайлардың жүзінен жаңа жыл кеші көңілді өтіп жатқанын аңғаруға болады, – дейді Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі Жанар Салықова.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.