1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Сәтбаев қаласының жұртшылығы ерекше оқиғаның куәсі болды. Қаланың қақ ортасында, кеншілер алаңында, Ш. Ділдебаев атындағы Мәдениет үйінің қарсы бетінде жаңа демалыс аймағы пайдалануға берілді. Бұл – қала тұрғындары үшін қуанышты сәт қана емес, сонымен бірге өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.
Демалыс орнының ерекшеліктері
Жаңа қоғамдық кеңістік «Қазақмыс» корпорациясы мен Сәтбаев қаласы әкімдігінің бірлескен еңбегі нәтижесінде салынды. Жалпы құны 650 миллион теңге болатын жоба қала орталығында 0,5 гектар аумақты қамтиды. Заманауи урбанистика талаптарына сай абаттандырылған бұл аймақ – балалардан бастап ересектерге дейін барлық тұрғындарға арналған сүйікті орынға айналары сөзсіз.
Жаңа алаңда жүргізілген жұмыстар ауқымды. Аумағы толықтай өрнектаспен төселіп, сәнді серуен жолақтары мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жасыл желек отырғызылып, балалар алаңқайлары, орындықтар, жарық шамдары мен шағын сәулет нысандары орнатылды. Алайда, нысанның нағыз көркі – интерактивті құрғақ субұрқақ. Бұл субұрқақ тек көркемдік элемент қана емес, сонымен қатар балалар мен қала тұрғындарының жазғы уақытта сүйікті орнына айналмақ.
Тұсаукесер салтанаты – мерекелік көңіл күйдің айнасы
Жаңа демалыс орнын салтанатты түрде ашу рәсімі балалар мерекесімен орайлас келіп, нағыз қалалық мерекеге ұласты. Таңғы тоғыздан бастап алаңға қала тұрғындары, балалар мен олардың ата-аналары жинала бастады. Көңілді музыка, әдемі безендірілген сахна, аниматорлар мен танымал кейіпкерлер балалардың шат күлкісін тудырды.
Салтанатты ашылу барысында Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев пен «Қазақмыс» корпорациясының өкілі Асқар Құйқабаев тұрғындарға құттықтау сөз сөйледі. «Бұл жоба – жай ғана жаңа нысан емес, Сәтбаев қаласындағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауы нәтижесінде бұған дейін кеншілер қаласында «Ақбота» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп қайта ашылса, Жезқазғанда еліміздегі ең ірі шахмат академиясы мен «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Ал Ulytau Educational Foundation «Ұстаз Ұлытау» жобасы арқылы бүкіл өңірде білім саласын дамытуда. Алда – техникалық университет ашу жоспары бар.
«Қазақмыс» корпорациясы мен Сәтбаев қаласы әкімдігі бұдан әрі де осындай әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асырып, қаланың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатына үлес қоса бермек», – деді шаһар басшысы мен корпорация өкілдері өз сөздерінде.