«Балам көз әйнегін тастады!» немесе «Баламның көру қабілеті жақсарды!» деп ерекше қуанышқа бөленетін ата-аналардың көңіл-күйін қазір жақсы түсінеміз. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын болса, таңқалғандайма едік. Өйткені, ол кезде көзіне көзәйнек іліп жүретін жасөспірімдер өте сирек еді ғой. «Балам, анау жотаға көз салып жіберші, біздің үйдің қозы-лағы көрінеме?» – деп көзұшында қарайғанға «дүрбі» етіп жататын үлкендер кез келген баланы ұстап алып. Ал, қазір ұялы телефон мен «көк жәшік» өзіне көп телмірген жасөспірімдердің көздерін «жеп» қойған заманға тап болдық.
Мұның сыртында өмірге шала келген сәбилердің арасында егер дер кезінде емделтпесе, суқараңғылыққа дейін алып келетін ретинопатия деп аталатын көз торшасы тамырларының патологиялық ауытқуы жиі кездесетін болды. Міне, осының барлығы кез-келген елдімекен демесек те, ірі қалаларда, аймақ орталықтарында балалар арасындағы көз ауруларын емдей алатын білікті мамандар мен заманауи медициналық құрал-жабдықтардың керектігін талап етіп отыр. Алайда, өкінішке орай, ондай мамандар аймақ бойынша ғана емес, еліміз бойынша да тапшы. Біздің қуанышымызға қарай, Ұлытау облысының орталығында ондай маман бар. Ол – аймағымыздағы бірегей балалар көз дәрігері Айгүл Хамитова.
Айгүл Шоқанқызы Қарағанды медицина институтын 1996 жылы бала дәрігері мамандығы бойынша оқып бітірген. Туған қаласы Жезқазғанда өз мамандығы бойынша жұмыс істей жүріп балалар арасында көз патологиясының жиі кездесетінін аңдады. Шыны керек, оларды емдейтін маман жоқ деп айтуға болар еді. Көз патологиясына тап болған сәбилердің ата-аналары басқа қалаларға барып емделуге мәжбүр болатын. Осы жәйт көңілін мазалай келе балалар көз дәрігері мамандығын қосымша игеруге шешім қабылдады. Сөйтіп, Қарағанды Медицина академиясында 6 айлық біліктілігін арттыру курсынан өтті. Әрине, медицинаның бұл саласында да өмірге белсенді түрде еніп жатқан жаңалықтар, емдеудің жаңа тәсілдері біліктілігін одан әрі дамытуды, талмай ізденуді қажетететіні анық еді. Содан Санкт-Петербург Медицина академиясында балалар офтальмологиясы кафедрасында 2 айлық курста білім алды. Белгілі офтальмолог, профессор Е. Сомовтыңлекциясынтыңдады. Алматыда Қазақ Ғылыми көз институтында бүгінгі күннің ең көкейкесті мәселесіне айналып отырған шала туған сәбилердің ретинопатиясын анықтап, емдеу бойынша осы саланың білікті маманы, медицина ғылымдарының кандидаты А. Шәріповадан тәлім алды.
Таяуда Айгүл Шоқанқызының көптен бергі арманы орындалды. Өзі отыз жылға тарта еңбек етіп келе жатқан Жезқазған көпсалалы ауруханасына бинокулярлы офтальмоскоп жабдығы «Қазақстан халқына» Қорының қолдауымен тарту етілді. Бұл медициналық жабдық шала туған сәбилерде ретинопатия ауруын дер кезінде анықтап, оның алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл Ұлытау облысы халқы үшін көптен үздіге күткен қуаныш еді. Заманауи жабдық та, оны пайдаланып сәбилердің жанарына жаңа жарық дарыта алар білікті әрі бірегей балалар көз дәрігері де бар. Ол – әрине, біздің мақаланың кейіпкері Айгүл Хамитова. Сәбилердің жанарын сақтап қалуды мақсат тұтқан кәсіби ішкі түйсігімен осы саланы игеріп, талмай ізденуі арқасында ол көптің көңіл қуанышына айналды.
– Мамандар соңғы жылдары елімізде шала туған балалардың саны артып келе жатқанына алаңдауда, – дейді Айгүл Шоқанқызы. – Оның салдарынан олардың арасында ретинопатияның даму қаупі күшейе түсуде. Енді жаңа жабдықтың арқасында сәбилер арасындағы бұл аурудың бетін қайтара аламыз. Тексеру сәби өмірге келгеннен соң екі аптадан кейін жүргізіледі. Дәрігерлік қарауды аталған ауруды дер кезінде ауыздықтау үшін қарқынды түрде жүзеге асырып жатырмыз.
Жаңа жабдық, білікті балалар көз дәрігері бар ұлытаулықтар енді бұрынғыдай Астана, Алматы аспай, сәбилерінің көз жанарын облыс орталығы Жезқазғанда емдеу мүмкіндігі туғанына аса қуанышты екендігінде сөз жоқ.
Ай НҰРИ.