«Денсаулық – зор байлық» деп халық тегін айтпаған ғой. Иә, бас амандығына, денсаулығына тең келер ешқандай бақ-дәулет жоқ. Зор байлықты сыйлайтындар – дәрігерлер қауымы. Науқастана қалсаң, ем-домын жасап, сырқатыңа шипа беретінсолабзалжандар. Осы бір кәсіп иелері қандай да құрмет-қошеметке әбден лайықты.
Ұлытау аймағының халқы үшін «Жезқазған Медициналық орталығы» аталатын емдеу мекемесі жақсы танымал. Осындағы отбасылық дәрігерлік орталықтың меңгерушісі Гүлназ Қайырбекқызы Еспенбетовамен сұхбат барысында оған анық көзіміз жетті. Ол жетекшілікететін бұл Жезқазған қаласындағы емхананың Сәтбаев және Балқаш қалаларында филиалдары бар екен. Яғни, аталған үш қаланың тұрғындарына Медициналық орталықтың емханасы қызмет көрсетуде.
Бұрын «Қазақмыс» корпорациясының осы үш қаладағы еңбеккерлері осындағы дәрігерлерге көрініп, ем алатын. Емхана отбасылық дәрігерлік орталық болып қайта құрылғаннан бері «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істемейтіндігіне қарамастан оған өз тілектерімен келіп тіркелген тұрғындардың баршасына медициналық қызмет көрсетілуде. Гүлназ Қайырбекқызының айтуынша, осы емханаға жезқазғандықтардың 15 мыңнан астамы, оның Сәтбаевтағы филиалына қала тұрғындарының 17 мыңнан астамы, ал Балқаштағы филиалына 8 мыңнан астамы тіркелген.
Бұл отбасылық дәрігерлік орталықтар жалпы тәжірибелік дәрігерлермен және орта медициналық қызметкерлермен толық қамтылған. Осы ретте Гүлназ Еспенбетова:
– Бізде кадр тапшылығы деген болмайды. Өйткені Медициналық орталықтың директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Владимир Михайлович Моторыкиннің тікелей басшылығымен мамандар іріктеліп алынады және барлығының өз деңгейінде жұмыс істеуіне толық жағдай жасалады. Мәселен, тұрғынүй жағдайына келсек, Медициналық орталықтың жанындағы 40 пәтерлік үй-жай оларды ңигілігіне берілген. Одан қалды, сырттан келгендердің жалдамалы пәтер ақысы мекеме есебінен төленеді. Басшымыз, сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруді, мамандардың тәжірибе алмасуын үнемі басты назарында ұстайды. Бізде ең соңғы үлгідегі компьютерлік аппаратуралармен, қондырғылармен жабдықтау жайы жете жолға қойылған. Осы кешенді жұмыстардың арқасында еміміз шипалы, қызметіміз көпшіліктің көңілінен шыға білуде, – деді мақтанышты үнмен әңгіме қозғап.
Отбасылық дәрігерлік орталықтың меңгерушісі Гүлназ Еспенбетова
Облыс орталығындағы бұл емхана мен Сәтбаев қаласындағы филиалда – 8 жалпы тәжірибелік дәрігер, сондай-ақ бірінде – екеу, ал екіншісінде 3 педиатр, ал Балқаш қаласындағы филиалда 5 дәрігер бар көрінеді. Емхана жетекшісі ұжымның таңдаулыларының аты-жөнін айта отырсақ деген өтінішімізге олардың санын ғана айтумен шектелді.
– Емхана дәрігерлерінің бәрі де таңдаулы. Тәжірибе жинақтағандар. Бөле-жара айтуымның еш реті жоқ, – деп қысқа қайырды уәжін Гүлназ Қайырбекқызы.
Сөз суыртпақтап отырып білгеніміз емхана жетекшісінің жалпы еңбек өтілімі 25 жыл екен. Семей медициналық институтының түлегі. Осы Медициналық орталықта дәрігер болғанына 16 жыл болыпты. 2015 жылдан бері – емхана меңгерушісі. Германияда және Санкт-Петербург қаласында біліктілік курсынан өткен екен.
Отбасылық дәрігерлік орталықтың меңгерушісі Г. Еспенбетова күтпеген жерден бізге ұсыныс жасап:
– Бізге жұмысқа келіп тұрғанына небәрі үш-ақ ай болды. Осы аз уақыт ішінде өзінің кәсіби біліктілігімен танылды. Ұжымымызға сіңісіп үлгерді. Сол дәрігер Дана Төленбетқызы Ұлтанбековамен тілдессеңіз қайтеді, – десін.
Сөйлестік. Шымкент қаласынан келіпті. Түркістан қаласындағы қазақ- түрік медициналық университетінің емдеуісі бөлімін 2012 жылы бітірген екен.
– Міне, дәм-тұз айдап отбасымызбен Ұлытау жеріне келіп қалдық. Мен өзі ауылда да, қалада да дәрігер болып көрдім. Жезқазғандағы мына емдеу мекемесі маған қатты ұнады. Ауласы көк желекке, алқызыл гүлдерге тұнып тұр. Еңселі ғимараты қандай! Ал, ішіне қадам басқанда емханаға емес, көпшілікке арналған өнер ордасына кіріп келгендей күй кешесің. Мұның бәрі, дәрігер көзімен қарағанда, ем алушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыны анық. Осы сыртқы әсер, одан кейінгі сенің жылы жүзбен, ізетті сөзбен қарсы алуың – бәрі-бәрі еміңнің шипалы болуына ықпал етері анық, – деді учаскелік дәрігер Дана Ұлтанбекова.
Жоғары санатты дәрігер-терапевт, учаскелік дәрігер Дана Ұлтанбекова
«Сырт көз – сыншы» дегеніміз осы. Қолда бар асылымызды кейде өзіміз бағаламай жатамыз. Сондай-ақ емдеу мекемесі туралы әңгіме қозғағанда жоғары білімді дәрігерлерді ауызға алып, орта білімді медбикелерді назардан тыс қалдыратынымыз және бар. Біле-білсек, ол орта медициналық мамандардың денсаулық сақтау ісіндегі қызметі етенеден жоғары бағаланады. Осы тұрғыдаұжымжетекшісі Г. Еспенбетова:
– Орыс тілінен тікелей аударып, бұл кәсіп иелерін «медбике» дейміз ғой көбіне. Дұрысы «мейірбике» атағанымыз жөн болар. Олар – емделушілерге нағыз мейірімділік сыйлайтын жандар. Олар – дәрігерлердің көзі мен қолы. Өйткені бар ем-домды жасайтын мейірбикелер, – дегенеді.
Сол елгезек мейірбикенің бірі – Гүлмира Шахизадаева. Ол жақында Медбике күніне орай денсаулық сақтау ісіне қосқан еңбек үлесі үшін Медициналықорталық директоры В. М. Моторыкиннің Грамотасымен марапатталған. Жезқазған медициналық колледжінің фельдшерлік бөлімін бітірген соң конкурстық негізде қалалық жеделжәрдем мекемесіне жұмысқа қабылданады. Онда 10 жыл қызмет етіп, кәсіби біліктілігін жетілдіре түседі. Содан Медициналық орталыққа жұмысқа ауысып, емхананың № 2 учаскесінде бір орында тұрақты мейірбике қызметін атқарып келе жатқанына 9 жыл толған екен. Әріптестері Гүлмира Қуатқызын емделушілерге жан жылуы мен ыстық ықыласын сыйлай білген, өз кәсібін бар жан-тәнімен сүйгенм аман тұрғысында бағалайды.
– Менің мамандығымның қыр-сырын үйренуіме Перизат Ташенқызы Меркенованың айтарлықтай ықпалы болды деп білемін. Ол бүгінде Медициналық орталықтың бас медбикесі бола жүріп, көптеген жас мамандарға тәлімгерлік етуде, – дейді Гүлмира Қуатқызы ағынан жарылып.
Емханадағы №2 учаскеніі мейірбикесі Гүлмира Шахизадаева
– Халық денсаулығының күзетінде сап түзеген сақшылар тәрізді тәуліктің әр сәтінде медициналық қызмет көрсетуге әзір тұратын орта буын мамандардың еңбегін сөзбен айтып жеткізе алмас едім. Бөліміміздегі алты медбике мен төрт санитарканың жұмысына дән ризамын. Олар емделушілерімізге тік тұрып қызмет жасап, жылы қабағымен, ілтипатты лебізімен көп көңілінен шыға білуде, – дейді № 1 коммерциялық бөлімнің меңгерушісі Гүлмира Сатбекқызы Дауытова.
Медициналық орталықтың ауруханасында терапия, хирургия, гинекология тәрізді бірнеше бөлім бар. Сондай-ақ 2 коммерциялық бөлім емделушілерге ақылы негізде стационарлық қызмет көрсетеді. Гүлмира Дауытова жетекшілік ететін № 1 коммерциялық бөлім 2002 жылы алғашқы болып ашылады.
– Біздің бөлім 12 төсектік, – дейді Гүлмира Сатбекқызы. – Ақылы негізде болғанына қарамастан бізде емделуге тілек білдірушілер көп. Өйткені басқа бөлімдегілер тек өз науқас түрі бойынша ем жасаса, ал біз кешенді түрде медициналық қызмет көрсетеміз. Қажетінше ауруханадағы басқа мамандарға көрсетіп, кеңесеміз.
Әңгімелесе келе білгеніміз, Гүлмира Дауытова Қарағанды медициналық институтының 1985 жылғы түлегі екен. Осы бөлімге 2006 жылдан бастап жетекшілік етеді. «Қазақстан Республикасы денсаулық саласының үздігі» атағын иеленген. Жоғары санатты дәрігер-аллерголог. Әр жылдарда Иркутск, Санкт-Петербург және Мәскеу қалаларында кәсіби біліктілігін көтеру курстарынан өткен.
Медициналық орталықтағы денсаулық сақшыларының осалы жоқ деп біледі тұрғындар. Бәрі шетінен таңдаулы. Осы бір ізгілікті мамандықты жүрек қалауымен таңдағандар туралы көп айтуға болар еді. Ең бастысы олар медицинаға қызмет етуді қалап алып, бар өмірін арнауда. Иә, денсаулық сақтау қызметкерлері өздерінің бар жан жылуымен, ыстық ықыласымен және күш-қайратымен шын берілгендіктің жарқын үлгісін таныта білуде.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.