«Қазақмыс» сынды мыс алыбының құрамындағы тау-кен, байыту, металлургия сынды құрылымдарында бүгінде жастардың қатары қалың. Олардың мақсаты мен міндеті ортақ арнаға тоғысқан. Жалынды жастардың сенімді серігіне айналған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolahsaq» Жастар одағы өндіріс өрендерінің белсенділігін арттыру жолында негізгі тірек болып отыр.
Өндіріс пен өнерді, спортты серік еткен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolahsaq» Жастар одағының әр өңірдегі белсенді мүшелері жайында қалам тербегенді жөн көрдік.
Алғашқы кейіпкеріміз – Асхат Дүзбаев. Асхат Аманбекұлы мамандандырылған жөндеу механикалық басқармасында 1999 жылдан бері үздіксіз қызмет етуде. Еңбек жолын дәнекерлеушіден бастаған. Бүгінгі күні мамандандырылған жөндеу механикалық басқармасының №5 телімінің аға шебері. Осы жылдар аралығында тәлімгерлік көрсетіп, біршама жастың тәжірибе жинақтауына білімін де, біліктілігін де бағыттап жүр.
Асхат Дүзбаев
«Jastar Bolashaq» Жастар одағының ұймдастыруымен өткізілген спорттық іс-шаралардың жеңімпазы әрі белсенді қатысушысы. Жас отбасылар арсында ұйымдастырылатын сайыстардың жеңімпазы. Мамандандырылған жөндеу механикалық басқармасының волейбол құрамасының жетекшісі. Жұбайы Мадина Серікбекқызымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Сыйлар Асхатұлы «Jastar Bolashaq» Жастар одағының қолдауымен 2021 жылы Қырғызстан мемлекетінің астанасы Бішкекте өткен зілтемір көтеруден әлем чемпионатына қатысып, жүлделі бірінші орын иеленіп келді. Қызы Айару Асхатқызы «Jastar Bolashaq» Жастар одағының ұйымдастыруымен жүзуден өтетін жарыстардың қатысушысы.
– Өмірімізді өндіріспен өрнектеген соң оның қызығына да, қиындығына да қатар шыдау керек. Сонда жеңіске жетесің. Біздің жігерімізге жігер қосып, қай кезде де қолдап келе жатқан «Jastar Bolashaq» Жастар одағына өз басым ризамын, – дейді Асхат.
Металлургия саласының өкілі Ербол Өтегенов «КазКат» зауытында 2002 жылдан бері еңбек етіп келеді. Металл илектеушіден ыстық металл құюшыға дейінгі жолдан өтті. Қазіргі таңда ол 5 разрядты ыстық металл құюшы. Сонымен қатар Ербол Өтегенов электртиегіш машинасының да тілін тауып, онымен де жұмыс жасауға деген ептілігін көрсетіп жүр.
– Зауыттың жұмысына төселгендіктен мұндағы үдерістерге әбден қанығып қалдым. Сондықтан мен үшін жұмыстың ауыры жоқ. Жұмыстан бос уақытта Жастар одағы ұйымдастырған жарыстарға отбасымызбен қатысып тұрамыз. Жас еңбеккерлерді қолдаудағы бұл ұйымының бастамалары көңілден шығады, – дейді ол.
Ербол Өтегенов
Кеше ғана кәсіби мерекесін атап өткен Әшім Әбдінасыров екі жоғары мамандықтың иесі. Металлург және заңгер. Еңбек жолын 2018 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытындағы шихта дайындау цехында ұнтақтаушы болып бастады. 2022 жылдан бері шихта дайындау цехының негізгі мамандығы – күйдіруші болып ауысты. Қазіргі уақытта телім шебері қызметінде. Әшім – қарапайым еңбек жолынан өтіп, өндірісте өсіп келе жатқан жастың бірі. Жұмысының жауапкершілігін сезіне білетін ол спортты да серік етіп келеді. Зілтемір көтеруден Қазақстан Республикасының спорт шебері және Карағанды және Ұлытау облысының бірнеше рет жеңімпазы атанды. Қазақстан Республикасының және Еуропа чемпионатының жүлделерін иеленген.
– «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарындағы жастардың басын бір арнаға топтастырған «Jastar Bolashaq» Жастар одағы бізге көп мүмкіндіктер беруде. Әсіресе, спорттық жарыстарға шығып, күшімді сынауда осы ұйым үнемі қолдау танытып келеді, – дейді Әшім Әбдінасыров.
Әшім Әбдінасыров
Тау-кен өндірісінде еңбек ететін әулеттің өкілі Дәурен Асылбек Сәтбаев қаласына көңілді тапқырлар клубының белсенді мүшесі ретінде танымал. КТК ойындарының жеңімпазы Дәуреннің өндіріске келгеніне көп бола қойған жоқ. Ол қазір Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің №9 күрделі тау-кен телімінде бетоншы болып еңбек етуде.
Әкесі Әбдірашит Құсаинов ұзақ жылдан бері аталмыш тресте электр жабдықтарын жөндеуші. Ағасы Данияр да осы тресте көтеру, жеткізу техникасының машинисі. Анасы Қарлығаш та осындағы хронометражда қызмет атқарған. Қазір жеке кәсіпкер.
Әзіл-қалжыңмен қоғамдағы ащы шындықты астарлап жеткізіп, өндірістің де өзекті мәселелерін айтып жүрген көңілді тапқырлардың қатарында Дәуреннің есімі 2008 жылдан бастап атала бастады. Содан бері ол КТК ойындарында өз командасын жеңіске жетеледі. Өзі де бірнеше мәрте «Үздік ойыншы» атанды.
Дәурен Асылбек
2018 жылы «Жайдарман» ойындарының жоғары лигасында Сәтбаев құрамасымен өнер көрсетті. Кеншілер КТК құрамасына 2013 жылы келді. 2021 жылы Шығыс Жезқазған кенішінің құрамында ойнап бас жүлдеге ие болса, биыл өзі жұмыс атқарып жүрген Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің құрамасымен тағы бас жүлдені қанжығаға байлады.
– Өнер мен өндірісті қатар алып жүруіме тура келеді. Өйткені, мен КТК ойындары десе, ерекше ықыласпен қараймын. Мені мектепаралық, қалалық, кеншілер арасындағы және «Жайдарман» ойындарының жоғары лигасына дейін көтеріп, танытқан осы КТК ойыны болатын. Менің осы ойындарда шыңдалуыма көп көмегін тигізген Батырлан Сейтжапаров болатын. Енді, міне, «Jastar Bolashaq» Жастар одағы арқылы өнеріміді одан әрі паш етуге мүмкіндік мол, – дейді Дәурен.
Балқаш өндірістік аймағындағы ауыр жүктерді тасымалдаумен айналысатын «Транко Балқаш» ЖШС қарасты қойма шаруашылығында Мөлдір Алғазинова есімді ару еңбек етуде. «Jastar Bolashaq» Жастар одағының белсенді мүшесі Мөлдірдің қатысуынсыз кәсіпорындағы бір де бір іс-шара өтпейді.
Мөлдір Алғазинова
Оның әуелете салған әнін естіген көрермен ыстық ықыласын білдіріп жатады. Мөлдір тек кәсіпорындағы шараларда ғана емес қалалық деңгейде де өнерімен танымал. Әріптестерінің айтуынша, Мөлдір Думанқызы жан-жақты. Барлығына да үлгеруге тырысады. Ол «Раяна» би тобын құрушы әрі жетекшісі. Талантымен танылып жүрген Мөлдірдің алар асуы әлі алда дейді әріптестері.
Өндіріс пен спортты серік етіп жүрген жастардың өкілінің бірі – Самат Жапаров 2017 жылдан бастап Батыс кеніші №67 шахтаның конвейер телімінде электрослесарь болып еңбек етіп келеді. Батыс кенішінің белсендісі.
Әкесі Марат Жапаров отыз жылдан аса Ғ. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде кенші болып еңбек етті. Әке жолымен шахтаны таңдаған Самат еңбек озаты, ала доптың шебері. Бала кезінен футболмен айналысқан ол 2015 жылдан бастап кәсіби тұрғыда шұғылданады. Ұлытау облысының «Сәтбаев» футбол командасының капитаны. Сәтбаев – Жезқазған аймағының бірнеше дүркін чемпионы.
2017 жылы Балқаш қаласында өткен жарыста облыс чемпионы атағын алды. 2018 жылы «Қазақмыс» корпорациясының чемпионы атанып, «Қазақмыс» Холдингі атынан Ресейдің Сочи қаласына жарысқа барды.
«Қазақмыс» компаниялар Тобы қызметкерлерінің арасында өткізіліп тұратын жарыстардан Саматтың өз командасымен жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Самат футболдан басқа жүзу, теннис сынды спорт түрлерімен шұғылданады. Ат үстінде жүріп, серуендегенді ұнатады.
Самат Жапаров
Самат «Jastar Bolashaq» Жастар одағының бұқаралық спортты дамытудағы бастамалары үшін риза:
«Еңбек еткен адам тыныға да білу керек. Мен жұмыстан соң спортпен шұғылданып, денсаулығымды нығайтамын. Бір ғана футбол емес, қосымша спорт түрлері-
мен де жаттығамын. Жарыстарға шығып, бағымды да сынаймын. Бізге осындай мүмкіндік берген Жастар одағының бастамаларына сәттілік тілеймін».
Самат «Jastar Bolashaq» Жастар одағы өндіріс жастарына арнайы тағайындаған «Даңқты жастар» төсбелгісінің иегері. Оған бұл төсбелгі өндірістегі жеке табысы мен ұйымның қоғамдық жұмысындағы белсенділігі, спортты насихаттаудағы үлесі үшін берілді.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп Абай дана айтқандай, «Қазақмыс» корпорациясы деңгейінде өндірістегі көрсеткішімен де өнердегі және спорттағы жетістігімен көзге түсіп жүрген сүйсінер ұл-қыздар жетерлік. Міне, сондай мақтан тұтар жастың қатарында Азамат Әбішев бар.
Азамат құю-механикалық зауытына 2008 жылы жұмысқа орналасқан. Бригадир Қанат Нарбаевтың қарамағында жабдықтарды жөндеудің тілін меңгерген Азамат 2014 жылы металл құрастырмалары цехына ауысып, Серік Амралин бастаған бригадаға слесарь жөндеуші болып келді. Азамат бригададағы жігіттердің біліктілігі мен тәжірибесін жоғары бағалайды. Олардан үйренетін тұстарының көп екендігін де алға тартты.
– Қай бригадада болсам да алдыңғы аға буынның тәжірибесіне сүйеніп, көп нәрсені үйрендім. Қос бригадирім де үнемі алға қарай ұмтылуға ынталандырды. Қазіргі бригададағы жігіттердің кәсібилігіне шүбә жоқ, – дейді ол.
Інісі Дархан Ғ. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінде бағдарламашы болып қызмет атқарады. Азамат бала кезден футбол, волейбол, теннис ойнағанды жақсы көреді, осы уақыт ішінде корпорация жарыстарында, қалалық, аудандық жарыстарда жүлделі орындарға ие болдып келеді.
Азамат Әбішев
Сыршыл ақын Мағжан Жұмабайұлы сенген жаңа дәуірдің жастары өндірісті өркендетумен қатар, бойларындағы сан қырлы өнерлерін де өрге бастырып, танылып келеді. Олардың тынысының ашылуына қолдау жасай білген «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolahsaq» Жастар одағы талапты, дарынды жастарды көтермелеуге әрқашан асық.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.