Ол әкеден жеті жасында жетім қалды. Алдымен Аллаh, қанатымен су сепкен қарлығаштай өбектеген анасы Үрләпия, әке көзін көргендер мен туған-туыс қамқорлығы арқасында кемдік көрмей, ер жетті. Бірақ…
Әңгіме ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері, «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері, мерейлі металлург Жанұзақ КЕНБАЕВ туралы.
:анұзақ атажұрты – Бала Жезді өзенінің бойындағы «Қожықтың қызылүйінде» жарық дүниенің есігін ашты. Бүгінде бұл ауыл «Өрнек» деп аталады. Жезді мен Қарсақбайдың қақ ортасында тұр. Кейін анасы баласының болашағын ойлап Қарсақбайға қоныс аударғанымен, оқушы Жанұзақ жазғы демалысын осында өткізетін. Он бір жасынан шөп жинауға қатысты. Алатыны – ақша емес, қолдағы азын-аулақ малға жетерлік жемшөп. Анасы қолқанат болғанына мәз. Ал, әкесінің көзін көргендер: «Азамат болды деген осы!» деп, жігерлендіріп жіберетін.
Қарсақбайдағы № 1 орта мектепті бітіргесін бір жылдай әртүрлі жұмыстың басын шалды. Сосын Қарсақбай металлургия заводының теміржол цехына электрмонтер болып орналасты. Екі жылдан кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтты. Оралған бетте ойланбастан заводтың табалдырығын аттады. Әрине, жүрексінді. Алайда, сенімсіздік бұлты тез сейілді. Металлургиялық цехтың бастығы Жүрсін Жеңсікбаев жас жігітті керемет конверторшы Есенкелді Жанасовқа қадап тұрып тапсырды. Нағашысы Сейітмағамбет Құдабайұлынан да көп нәрсе үйренді.
Жалпы Жәкеңнің өмір жолында жақсы адамдар көп жолықты. Абыройлы азамат болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген әкесінің туған ағасы Қалмағамбеттің тәрбиесін көрді. Қиналғанда ақыл-кеңесін алды, арқа сүйеді. Әкесі Қалымбеттің көзін көрген інілері – Сауытбек Қаратеміров, Сейдіғали Секеманов, Батырбек Тілеуліұлы қандай еді?! Қашанда көмегін беруге әзір тұратын. Кездесе қалса әр істің жөн-жосығын көрсетіп, ақылын аямайтын. Кішкентай кезінде «Қалымбеттен қалған тұяқсың ғой!» деп кекілінен мейірлене сипайтыны күні кешегідей есінде.
Заводта жеті ай жұмыс істеді. Қарашаңырақтың қазанын қайнатқан кәсіпорын 1975 жылы 1 шілдеде қаңтарылды. «Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жезқазған кен-металлургия комбинаты басшысы Виктор Васильевич Гурбаның пәрменімен қарсақбайлық металлургтер Жезқазғанға қоныс аудара бастады. Мыс қорыту заводын бетке алып, жаңа қонысқа көшін түзеген көптің белортасында біз де бар едік. Мен электролит цехына келі орналастым» дейді Жәкең өткенді еске алып.
Бір қызығы, жас жігіттің назарын аударған Қарсақбайдағыға қарағанда қуаты әлдеқайда зор өндірістің өзіндік тыныс-тіршілігі емес, таза басқа болды. Өзге ұлттың өкіліне дейін қазақша сөйлейтін Қарсақбайдан келген оның байқағаны – төрт жүзден астам адам еңбек ететін аумағы атшаптырым цехта бір ауысымдағы қазағы саусақпен санарлықтай, оның өзінде жартысынан астамы орысша сөйлейді екен. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгерді. Өзге ұлт ұландары тарихи отанына қоныс аудара бастады. Қазақтың қарасы көбейді.
Цех бастығы Михаил Иванович Филимоновтың жеке қабылдау кезінде қадала қарап отырып: «Шыдайсың ба?» деп, екіұштылау астарлы сауал тастағаны да есінде. Сірә, орта бойлы жұқалтаң жігіттің қалжасына онша қанағаттана қоймаса керек. Ол сауал Жұбаныштың намысын қайрамаса, еңсесін түсірген жоқ. Кейін адамда ынта болса, алынбайтын асу жоғын ісімен дәлелдеді. Өндірістік тәлімгері Владимир Зарва жаны жайсаң жақсы жігіт еді, электролизші мамандығын мінсіз меңгеруіне көп көмек көрсетті.
Электролит цехы – заводтың барометрі іспеттес, өндірістің белді буыны. Тұтынушылардың талғамына төтеп беретін, төрт тоғыздықпен таңбаланатын шақпақ мыс осында шығарылады. Өнім сапасы мен саны осында сараланады. Кәсіпорынның экономикалық көрсеткіші, келешек көкжиегі мен көтерілер межесі тура осы цехтың ырғақты жұмысымен тығыз байланысты. Иә, нарықтық қатынас өндірісті ұйымдастыруға өзіндік тың тыныс берді. Бұрынғыдай ай соңында – «жоспар», мереке қарсаңында «көтеріңкі міндеттеме» деп сүрнігіп жүрген ешкім жоқ. Міндет – берілген тапсырманы тиянақты орындау.
Ол үшін өндірісті ұтымды ұйымдастыру – шарт! Өткен ғасырдың соңына салым электролит цехында өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар қайырлы қадам жасалды. Айталық, әрқайсысының құны 42 мың доллар тұратын алты сүзгі алынды. Бұл өнім сапасын айтарлықтай жақсартуға игі ықпал етті. Анод негізін электролиздеуден қалған тұнбада бағалы металл кетпейтін болды. Металлургтер үнемшілдікпен жұмыс істеудің көл-көсір пайдасын көрді: өнімнің өзіндік құны арзандады, қаржылай қомақты пайда түсті.
Үнемшілдікке жеткізген тағы бір жағымды жаңалық электр қуатын бақылау жүйесінің жолға қойылуы болды. Германиядан алынған қондырғы цехқа елеулі өзгеріс әкелді. Бұрын жұмсалған электр қуаты айдың аяғында шотқа салынса, енді компьютер арқылы сағат сайын бақыланатын болды. Сөйтіп, оны орынсыз, артық жұмсауға тосқауыл қойылды. Ұйымшыл ұжымдағы осындай шырайлы шаруаның басы-қасында біздің кейіпкеріміз Жанұзақ Кенбаев та жүрді. Еңбек елеусіз қалмады. Осы ғасырдың басында мыс қорыту заводының 30 жылдығы атап өтілгенде, таңдаулы отыз өндірісшінің қатарында «Жигули» темір тұлпарын тақымына басты.
Бір кезде цех бастығы: «Шыдайсың ба?» деп, сенімсіздікпен қараған Жәкең адам түгіл темірді тоздыратын өндірістік буында тура қырық жыл еселі еңбек етіп, 2015 жылы
1 шілдеде зейнет демалысына шықты. Орынша жеңгей екеуі ұлын – ұяға, қызын қияға қондырды. Өзінің ізін қуып инженер-металлург атанған ұлы Қуандық мыс ширатпасы заводында қызмет етіп, бес жылдан кейін бизнеске бет бұрды. Қызы Жанна да – жеке кәсіпкер, Астана қаласында тұрады. Жәкең мен жеңгейдің бүгінгі ермегі – алты немересі. Солардың тәтті қылығынан бойына қуатып алып, бақуатты жүріп жатқан жайы бар.
Қарсы алдымда жетпістің жайлауына ат шалдырған аға отыр. Әр сөзіне салмақ салып, сараң сөйлейді. «Жастай жетім қалсам да, кемдік көрген жоқпын. «Жалғыздың жары – Құдай!» деген. Бірақ, Отан алдындағы борышымды өтеуге шақырылғанда, үйленіп шаңырақ көтергенде әке орны ойсырап, еріксіз толқытқаны бар. Ешкім жетімдік көрмесін!» деп, үнсіз қалды. Көңіл толқынысынан кірпігіне қонақтаған бір тамшы жасты сұқ саусағымен сырып тастады…
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суретті түсірген автор.