Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған биылғы Жолдауында тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі деген болатын. Осы ретте 2021 жылы басталған Ұлытау облысын газдандыру жұмыстары одан әрі жалғасуда.
Алғаш болып газға Талап ауылы қосылды. Қазір Жезқазған қаласына қарасты бірнеше шағынауданның тұрғындары көгілдір отын тұтынып отыр.
Мамандардың айтуларынша, газға бүгін 3764 үйдің 1128 үйі қосылған. Енді 2673 үйдің газға қосылуға мүмкіндігі бар.
Алдағы уақытта газға біртіндеп әлеуметтік нысандар да қосылмақ. Газдың бір текше метрінің бағасы 40 теңге шамасында. Ал, газды үйге тарту құны 700 мың теңге көлемінде. Қазір облыста 10 мердігер құрылыс компаниялары жұмыс істеп жатыр, қайсысын таңдасаңыз да өз еркіңізде.
Тұрғын үйлер мен нысандардың иелері көгілдір отынға қосылу үшін, ең алдымен, газ тарату ұйымынан техникалық шарттар алуы тиіс. Егер әлгі үй немесе нысан техникалық шартқа сай келмесе, онда көгілдір отын қосылмайды. Ең алдымен қауіпсіздік нормаларын сақтау маңызды.
Өңірді газдандыру жұмыстары Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарына да енген. Осылайша, Сәтбаев, Қаражал, Жаңаарқа ауданы тұрғындары 2026 жылға дейін газбен қамтылатын болады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.