Жезқазғанда «Ауыл өнімдері» әлеуметтік шағын маркеттері қанат жая бастады. «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бұрынғы «ULY DALA» сауда павильондарын фермерлерге өтеусіз пайдалануға беру нәтижесінде қалада 5 шағын маркет ашу көзделуде. Қазірде оның үшеуі өз иелерін тауыпты. Қаланың 9-орамында орналасқан соның бірінің жұмысын қолға алған Азамат Шадиев Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылындағы «Азат» шаруа қожалығының жетекшісі екен.
Сауда павильондарын шаруа иелеріне пайдалануға берудің тиімділігі – фермерлер ет, сүт, қымыз, май сияқты өздері өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сатуға қол жеткізуде. Екіншіден, сауда нүктесін өтеусіз пайдалану басқа да азық-түлік тауарларын неғұрлым қолжетімді бағамен сатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыстық тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін де осы шағын маркеттер арқылы сату қарастырылуда. Осы мақсатта жұмыс істеуді талап ететін сауда орнын фермер Азамат Шадиев «Ұлытау» ӘКК комиссиясының шешімімен алып отыр.
– Комиссия шаруашылығымыздың жағдайын, жылдық табысымыздың көлемі мен барлық мүмкіндіктерімізді жан-жақты сараптап, тексеру арқылы шешім шығарды. Тиісті талаптарын қойды. Сауда орнының жарық, су сияқты коммуналдық шығындарын ғана төлейміз. Әлеуметтік дүкен болған соң азық-түлік тауарларының бағасын нарықтағыдан төмен бағамен сатудамыз. Мұнда ауыл өнімдерімен қатар халықтың күнделікті тұтынуына қажетті азық-түліктің барлық түрі сатылады. Мен өзім көбінесе ауылдағы шаруашылықтамын. Шағын маркеттің ішкі жұмыстарына балаларым ие болып ұйымдастыруда, – дейді фермер.
Азамат Шадиев «Азат» шаруа қожалығының жұмысын 2007 жылы бастаған еді. Әуелде мемлекеттен көмек алмай, өз қолындағы малын өсіру арқылы ұйымдастырды. Ұқыптылық пен ұтымды істердің арқасында төрт түлігі түлеп, жыл сайын мал басы көбейе түсті. Қазірде шаруашылықта 200-дей сиыр малы, 300-ден аса жылқы, 500 қой бағылуда. Екі-үш жыл бұрын асыл тұқымды сиыр өсіруді қолға алған-тын. Қазір ақбас сиыры 90 басқа жетті. Асыл тұқымды мал басына мемлекеттен субсидия алып келеді. Шаруашылыққа қажетті техникалары да бар. Биылғы қысқа сақадай сайланып, 600 тонна жем-шөп дайындапты. Қосымша жем алып қыста мал бордақылайды. Осы жұмыстармен айналысатын 3-4 жұмысшысы тұрақты еңбек етеді. Азаматтың бұдан басқа Жезқазған – Қарағанды автожолының бойында «Азат» атты кафесі бар. Жолаушыларға дәмін ұсынып, қызмет көрсететін бұл дәмханада да 3-4 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Жеңіс ауылының тұрғындары қызық-қуанышын өткізіп отырған еңселі тойхананы да Азамат ашқан болатын. Кәсіпкерлік аясын кеңейте түсуді көздеген фермер енді Жезқазған қаласындағы вокзал жағынан бір ғимарат сатып алып, кафе ашуды қолға алыпты.
Шаруашылығы шалқып, кәсібі өрге басқан кәсіпкер-фермер ауылдағы қайырымдылық шараларынан да шет қалмайды. Жоқжітікке көмек қолын созып тұрады. Жұмысын жақында бастаған 9-орамдағы шағын маркеті аптаның әр жұмасында 50 бөлке нанды келушілерге тегін таратып отыр. «Алаған қолым – береген» демекші, нан алып жатқан егде жастағы адамдардың «еңбектерің жана берсін» деп, бата-тілектерін білдіріп бара жатқандарын көрдік. Шағын маркетке келіп ауыл өнімдерін алушылар қатары күн санап көбейе түсуде.
Амандық РАХҰЛЫ.