Мысты шаһар – Жезқазғанмен қатар қанатын жайып, өркендеу жолына түскен аймақтағы Жезқазған байыту фабрикасында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған «Фабрика жұлдыздары» байқауы ұйымдастырылды.
Кәсіпорындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мен Бригадирлер кеңесі ұйытқы болған байқауға әр цехтан арулар қатысып, өнерлерін паш етті. Аталмыш байқау «Менің цехым, менің телімім, менің қызметім», «Жеміс-жидектерді сәндеп кесу», «Сүйікті кином», «Өндірістегі әйелдің болашағы» сынды бөлімдерден тұрды.
Бірінші кезеңде қатысушылар өздерінің жұмыс орнын, атқаратын қызметін таныстырса, екінші айналымның тапсырмасы бойынша жеміс-жидектерді сәндеп кесудің үлгісін көрсетті. «Сүйікті кином» деп аталған кезеңде арулар өздерінің сүйікті киноларынан қойылымдарды залға жиылған көпшілікке тарту етті. Соңғы кезеңде өндірістегі арулар өздерін болашақта қалай елестететіндіктерін көрсетті.
Байқау нәтижесінде бас жүлдеге №1 бас корпустың қыз-келіншектері лайық деп танылды. І орын мен «Өзін және жұмыс орнын таныстыру» номинациясын №1 ұнтақтау корпусының арулары жеңіп алды. ІІ орын мен «Жеміс-жидектерді сәндеп кесу» аталымы №2 бас корпустың намысын қорғаған нәзік жандардың еншісіне тиді. Қойма шаруашылығының арулары ІІІ орын мен «Кинодан үздік үзінді көрсетушілер» аталымына қол жеткізді.
Айта кетейік, байқау бастауын алғанға дейін фабриканың бір топ үздік еңбеккер арулары корпорация, фабрика және кәсіподақ ұйымының марапаттарына ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.