Жаңаарқа ауданында ет өнімдерін өңдейтін және тәулігіне 3 мың консерві шығаратын ет комбинаты ашылды. Бұл жаңа жобаны «ULY DALA Co» ЖШС өз қаражаты есебінен 330 млн. теңге инвестиция салу арқылы жүзеге асырып отыр.
Бірегей кәсіпорында салқындату қоймалары, тоңазыту камералары, зертханасы бар мал сою цехы және консерві цехы орналасқан. Сойылған малдың терісін сақтайтын қойма да қарастырылған.
– Комбинаттың тәулігіне 4 тонна ет өңдей алатын мүмкіндігі бар. Мұнда қалбырдағы бұқтырылған етпен қоса түшпара, котлет, манты сияқты жартылай фабрикаттық өнімдер шығару да жолға қойылған. Аудан өңіріндегі шаруа қожалықтары мен жеке адамдар енді алысқа сабылмай малдарын бізге өткізулеріне болады. Етпен үздіксіз қамтамасыз ететін мал бордақылау алаңын іске қосу да ойластырылған, – дейді «ULY DALA Co» ЖШС директоры Жамбыл Жүндібаев.
Ет өңдейтін кешен Бидайық ауылдық округіне қарасты Ақтайлақ елді мекенінде орналасқан. Аумағы 4 гектар жерді алып жатқан комбинаттың қызметкерлерге арналған жатақханасы, асханасы мен қонақ бөлмесі де бар. Қазірде жаңа өндірісте 20 адам еңбек етуде.