Осыдан жарты ғасыр бұрын «Жезқазған туы» газеті өмірге келгенде жаңа басылымға жер-жерден келген кәсіби журналистердің бірі Ескен Қасенов ағамыз еді. Ол кісі Батыс Қазақстан облысындағы ақпарат құралдарында қызмет істеп жүрген кезінде 1973 жылдың жазында Жезқазғанға шақыртумен келіп, алғашқы газет шығарушылардың қатарына қосылған-тын. Содан беріде редакцияда жиырма жылдан аса абыройлы еңбекетіп, ұжымға сыйлы болды. Әріптестеріміздің үлкені бар, кішісі бар бәрі ол кісіні «Есаға» дейтін. Редакциядағы ең жасы үлкен ақсақалымыз да сол кісі болатын. Есағаң қашанда байыпты, байсалды күйінде үлкендік жолынан тайған емес. Өмірден түйгені көп ақсақал зейнетке шыққан соң да біраз жыл қаламын қаңтармай, бізбен қатарласа еңбек етті. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, журналистік тәжірибесін үйретіп отыратын.
Негізінде Есағаң туралы көзі тірісінде жазбақшы болған едім, сәті түспей қалды. «ОрталықҚазақстан» газетінің тілшісі болып жүрген кезімде, 2005 жылы болу керек, ол кісімен кездесіп кеңірек әңгіме-дүкен құрған кезіміз болған. Ардагер ағамыз ол уақытта зейнеткер, көбіне көл жағалап балық аулауға шығып тұратын.Балық аулау – сүйікті хоббиі еді. «Кеңгір, Жезді өзендері бойындағы балығы бар суларды жағалап бақтым» деп жан рахатына бөлейтін әуестігі туралы сүйсіне айтатын. Жалпы, журналистік жолда жүргенде кейде бірыңғайы келмей, жазылмай қалатын материалдар болады. Есағаң жайлы да жазар дүнием сондай бір мәнәйі себеппен қолға алын байқалған-тын. Жақында архивімде жинақталған ескі қағаздарды ақтарып отырғанда Есағаңмен сол уақыттағы әңгіме барысында қойын кітапшама түртіп алған деректердің алдымнан шыққаны. Абзал ағаны еске алып, ойланып қалдым. Ол кісінің өмірден өткеніне де 20 жылдан асыпты. Биыл туғанына 95 жыл толады екен. Жазылмай қалған материал – мойындағы қарыз сияқты. Енді міне, сол қарызға тән парызды өтеудің сәті келгендей. Оның үстіне, аймақ баспасөзінің қарашаңырағы – кешегі «Жезқазған туы», одан кейінгі «Сарыарқаның» 50 жылдық мерейтойы аясында газеттің алғашқы шығарушыларының бірі болған ардагер журналист Ескен Қасенұлы туралы естелік жазудың өзі қисынды көрінді.
Есағаң 1928 жылы Ерейментау баурайындағы елдімекендердің бірінде туған еді. Кейін бұл жерде кент орнап, Ерейментау ауданы құрылды. Балалықшағы Көкше өңіріндегі шағын қалашық Степнякта өтіпті. «Степнякқа әкеміз ел басына түскен қуғын-сүргіннен, күштеп ұжымшарға кіргізу шараларынан қашқақтап барған болуы керек. Одан әрі ашаршылық жылдары бассауғалап Севкрайға – Омбы облысына да бардық. Кейін әкей Степнякқа қайтып келді», – деп еске алған еді жарықтық, қиындықпен өткен кезеңдер жайлы. Шешесі өмірден ертерек өтіпті. Соғыс басталар алдындағы қыста Ескеңнің әкесі де қайтыс болады. Әлі буыны бекімеген 13 жасар баланың ендігі арқасүйері алдындағы ағасы Қабдеш болатын. Қатал тағдыр мұны да көпсінсе керек. Ер басына күн туған сұрапыл кезде ағасы әскер қатарына шақырылып, 1943 жылы майданға аттанады. Сол жылы Харьков түбіндегі кескілескен ұрыстардың бірінде Қабдеш ағасы мерт болады. Жас бала енді бірыңғай жеңгесінің тәрбиесінде қалады. Әкесінен қалған бір бие, бір сиырды күнкөріс қылғанмен жағдай ауыр еді. Ескен сегізінші кластан соң оқуды тастап, 15 жасында Степняктағы шахтаға жұмысқа тұрады. Бір жарым жылдай істегенде денсаулығы сыр беріп, одан нан комбинатын аауысады. Соғыс аяқталғанда мұғалімдер қайтадан мектепке шақырып, оқуын жалғастырады. Оныншыны бітіріп Алматыға аттанады, КазГУ-дің журналистика бөліміне оқуға түседі.
Студенттік дәуір басталғаннан соң қиындықтар артта қалғандай болып, білім нәрімен сусындауға бар ынтасымен бас қояды. Факультет деканы Қайыржан Бекқожин, фольклордан дәріс оқыған МұхтарӘуезов, қазақ әдебиеті теориясынан берген Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев, сатирадан сабақ берген фельетонист Сейділда Төлешев сынды қазақтың ғұламалары мен мықты ұстаздарының алдынан өтіп, тәлім-тәрбиесін алады.Болашақ мамандығының қыр-сырына тереңдеп бойлайды. «Қызылордалық Қуатжан Досжанов, жезқазғандық Ошақбай Асылбеков үшеуміз журфакта бірге оқып, жұбымыз жазылмаған жолдас болдық», – деп Есағаңның студенттік шағын еске алғаны есімде.
Университетті 1952 жылы ойдағыдай бітіріп, Ескен Қасенов жас маман ретінде жолдамамен Оралға барады. Батыс Қазақстан облыстық газетінде журналистік алғашқы қадамын бастайды. Бір жыл істеген соң ел жағына барғысы келген жігітке редактор рұхсат береді. Содан Көкшетауға келіп «Көкшетау правдасы» газетіне орналасады. Еркеш Ыбраhым, Қайыркен Сұлтанов сынды Орталық өңірлерге де жақсы танымал журналистермен әріптес болады. Бұл жерде біршама тәжірибе жинақтап алып, 1960 жылы облыстық радиокомитетіне бас редакторлық қызметке ауысады. Осы кезеңде Тың өлкесінің құрылуына байланысты қазақ газеттері жабыла бастайды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті 1963 жылы коммунист ЕскенҚасеновті Оралға облыстық радиокомитіне қызметке жібереді. Орал өңірінде орнығып, он жылдай телевидение мен радиода істейді. Жезқазған облысы ашылғанда газеттің алғашқы редакторы болған Сайлаубек Қожамсейітовтің арнайы шақыртуымен Есағаң «Жезқазған туына» келіп, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық газеттің насихат, хат бөлімдерінде істеп, Жезқазған аймағына журналистік қалам қайратымен танылды. Арасында төрт-бес жылдай Жезқазған облыстық телерадиокомитетінде бас редактор болып, 1982 жылы газетке қайтып оралды. «Қазақстан коммунисі» журналынан Орталық Комитеттің жолдамасымен келген газеттің алғашқы редакторы туралы «Қожамсейітов жан-жақты білімдар азамат еді, «Жезқазған туына» кәсіби білікті журналистерді тартып, жақсы ұжым қалыптастырды» деп ризашылықпен айтып отыратын. Есағаң бұдан кейінгі редакторлар Ұзақбай Төлеуовпен, Сабыр Сауытбаевпен де жақсы сыйластықта болып еңбек етті. Еңбек адамдары туралы жазуды басты орынға қойды. Ақжайық өңірінде де осы ұстанымда болыпты. Жезқазған мыс заводының үздік металлургі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Смағзұм Салқауов, Қаражал автобазасының озат жүргізушісі Қырғызбай Үсенов және басқа да озаттар туралы сүйекті материалдар жазғанын әріптестері жақсы біледі. Есағаң хат бөліміндекөбірекістеді. Хат қорытумашығы, материалды тартымды даярлау жөнінен жас журналистерге жалықпай жол көрсете білді. ҚР Журналистер одағының мүшесі, дербес зейнеткер Ескен Қасенұлы «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбекардагері» медальдарының игері болатын. ВДНХ дипломымен және көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Есағаңның үйіндегі жеңгеміз славян ұлтынан болатын. Бірақ, дастарқан жасауы, қонақ күтуі жағынан қазақылық жолынан жаңылған жоқ. Есағаңның қас-қабағына қарап, көңілін тауып отыратын. Ағамыз тағдыр қосқан жарымен әуелде қалай жолыққанын да айтқаны бар. «Көкшетауда істеп жүргенімде бірде Красноармейский ауданына іссапарға барғам. Москваның қаржы институтын бітіріп, тыңға келген орыс қызы екен. Автотресте экономист болып істейді. Танысып-біліскен соң Фаина Наумовнамен тіл табысып, түсінісіп кеттік. Міне, осы жеңгелеріңмен отасқанымызға 50 жыл болды» дегенеді сонда. Балалары Сайлау мен Дина өмірде өз орындарын тауып, бүгінде бір-бір үй болып отыр.
Есағаң жұмыс бабында адалдық пен әділдік жолынан таймаған, кісілік келбеті жоғары әріптес аға ретінде есімізде қалды. Өте мәдениетті, ешкімге артық дауыс көтермейтін көргені көп, кішіпейіл адам болатын. Көп сөзге жоқ. Аракідік шешіліп әңгіме айта қалса, сөз арасында «понимаешь» дегенді жиі қыстырып қойып, айтарын әріқарай байыппен жалғастыра беретін. Ол кісіні әріден білетін замандастары Қанжығалы Бөгенбайдай тектінің ұрпағы ғой деп көтермелеп, құрмет тұтатынын да байқаған едік. Бірақ, әсіремақтан мен кеуде керуден қашанда аулақ Есағаң мұндай кеу-кеулеудің өзінде ұстамды мінезі мен қарапайым қалпынан айныған емес. Жақсы ағаның жатқан жері жайлы болсын!
Амандық РАХҰЛЫ.