Сәтбаев қаласымен бірге Жезқазғанды да ауызсумен жабдықтау мақсатында Есқұла су құбырының құрылысы 2010 жылы қолға алынған еді. Содан бергі 14 жылдың ішінде бұл жобаны жүзеге асыру созбақталып, әбден жырға айналып келеді. Жезқазғандықтар Есқұланың суын ішеді деп жоспарланған құрылысқа жыл сайын мемлекеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, құрылысқа тартылған мердігерлердің шалағайлығынан бірнеше рет ақау шыққан жоба түпкілікті мақсатына жетпей қойды. Көпшілік жұрттың есінен шыға бастаған осы жобаның ескірмеген тарихына тағы бір көз тастап көрейікші.
Бұл маңызды жобаның тапсырыс берушісі қазіргі Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары комитеті болып табылады. Алғашқы жылдары құрылыс жұмыстарына 5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Әуелден қырсық шалғандай, құбыр тартудың жолы кеніштер аумағындағы жер қабатының құлау аумағына түсуіне байланысты 2012 жылдың желтоқсанында құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды. Бұдан соң жобаға түзету енгізіліп, су құбырының жолы 4,56 шақырымға ұлғайды. Соның нәтижесінде Есқұла су құбырының жалпы ұзындығы 71,860 шақырымды құрайтын болып, қосымша қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2014 жылы қайта жаңғыртылды. Сол уақытта жобаны аяқтау 2017 жылға жоспарланды. Одан кейін 2018 жылы аяқталатын болды деді. Ақырында қосымша жұмыс көлемінің анықталуына байланысты жобаға екінші рет түзету жасалды. Соған орай тағы да қосымша қаржы талап етілді. Мәселен, құрылыс барысында техсовет плиэтилен тұрбаны 385 млн. теңге тұратын шыныпластикке өзгерткені 2019 жылы белгілі болған. Құбыр жүйесін тексеріп көргенде 60-тан аса ақау шыққан. Осы ақауларды жөндеп қалпына келтіруге 1 млрд. теңге қаржы шығын болған. Әсіресе, № 1 және № 2 резервуарды құрастыруды сапасыз орындаған бұрынғы бас мердігер «Caspian Contractors Trust» ЖШС-
нің жұмысында көп келеңсіздік болды. Министрлік онымен соттасып біраз
әуреленгені есте.
Сол кездегі Қарағанды облысының әкіміне 2020 жылдың мамыр айында нысан басындағы инженерлер құбыр құрылысының барлық үш кезеңін 2020 жылдың соңында толық аяқтаймыз деген уәдесі де бос сөз болып қалды. Түзету енгізілген жобаға сәйкес Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша Есқұла су құбыры құрылысының жобасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қарағанды облысы бюджетінің резервінен 7,01 млрд. теңге қаржы бөлінгентін. Содан 2020 жылдың қорытындысы бойынша игерілмей қалған 1,9 млрд. теңге облыстың бюджетіне қайтарылды.
Бұдан әрі жобаны аяқтау үшін 2020 жылдың соңында Су ресурстары комитеті Жамбыл облысының «СК Megaron» ЖШС-мен 2,09 млрд. теңгеге шарт жасасты. Жобаның аяқталуы 2021 жылы деп келісілді. Бірақта, тапсырыс беруші комитет тарапынан тиісті бақылау болмауынан нысанның құрылысы бұл жылы да аяқталмады. Оның үстіне Қазақстан-Қытай шекарасындағы (Қорғас) су тазарту станциясына арналған және гипохлоридті жабдықтарды жеткізудің кешігуіне байланысты 537,5 млн. теңге көлеміндегі қаражат игерілмеді. Осылайша жыл сайын қаржы бөлінгенмен, тиісті нәтиже болмай қойған нысан жемқорлардың жемсауын толтыратын жобаға айналған жоқ па деген де ой келеді. Өткен жылдың аяғына таман Есқұланы тағы да еске алып, «Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысы Алмас Жандарбековтен осы жоба бойынша Жезқазғанға су келетін түрі бар ма деп сұраған едік.
– 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде жобаны аяқтауға 427,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Жұмыс кестесіне сәйкес нысан 2023 жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын. Алайда, құбыр бүгінге дейін пайдалануға берілмей отыр. Осы мәселе бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан министрліктің атына бірнеше рет хат жіберілді. Су ресурстары комитетінің бізге берген ақпараты бойынша нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың аяғында жоспарлануда, – деген еді сол жолы Алмас Әлімбекұлы.
Міне, ағымдағы жыл түгілі одан кейінгі жылдың бесінші айына да қадам басқалы отырмыз. Есқұла су құбырын Жезқазғанға жеткізу туралы ешқандай сыбыс естілер емес. Негізінде, Жезқазғанға дейін тартылатын осы құбырдың дабыры 14 жылдан да бұрын басталған болатын. Сол алғашқы кездің өзінде-ақ өңір тұрғындары жобаның өте тиімсіз екенін айтып дабыл қаққан еді.
Менің қолымда 2008 жылдың желтоқсан айында 53 адам қол қойып, ҚР Парламентіне, ҚР Үкіметіне және Қарағанды облысының әкіміне жолдаған Жезқазған қаласы қоғамдық өкілдерінің ашық хаты сақтаулы. Сол хаттан үзінді келтірейін. «Біз Жезді кенті мен Сәтбаев қаласын сумен жабдықтап, 40 жыл бойы пайдаланылып келе жатқан Есқұла су құбырын жаңартып, оны Жезқазғанға дейін жеткізуді көздейтін жобаның жай-жапсарын жақында білдік. Бұл жобаға республикалық бюджеттен Үкімет 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөліпті. Бірден айтуымыз керек, Жезқазған қаласын ауызсумен қамтамасыз етудің бұл – кездейсоқ таңдалған, ең тиімсіз жобасы болғалы тұр. Біріншіден, оның құрылыс жұмысы, сондай-ақ құбырды одан әрі пайдалану өте қымбатқа түседі. Мәселен, жоғары диаметрлі полиэтилен тұрбадан ұзындығы 78,2 шақырым құбыр тартып, тағы да жаңадан 5 нысан салынатын бұл күрделі құрылысқа 5-6 жыл уақыт кетеді. Жобада көрсетілген 3 жылда игеру мүмкін емес. Тапсырыс беруші Жезқазған әкімдігі, қаржы мәселесі шешілгенмен құрылыс жүргізуші мердігер әлі белгісіз. Екіншіден, бұл жоба жүзеге асқан күнде Есқұла су көзі Жезқазғанды ауызсумен толық қамтамасыз ете алмайды. Су көлемінің жетпеген елеулі мөлшерін бұрынғыша Кеңгір су қоймасынан толықтыру жалғаса бермекші. Сонда толықтай жер астынан келетін сапалы су мәселесі шешілмейтін болса қыруар қаржыны босқа жұмсаудың қажеті қанша?», – деп жанайқайларын білдірген екен қоғам өкілдері. Хатқа қол қоюшылардың арасында су мамандары, қаланың сыйлы ақсақалдары бар-тын. Олардың біразы бұл күнді көрмей өмірден өтіп кетсе, біразы басқа жақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Дегенмен, қоғам өкілдерінің қисынды пікірі мен орынды ұсынысына кезінде дұрыстап құлақ асқанда жылдарға созылған мұндай шырғалаң болмас па еді? Есқұла суы Жезқазғанға жетеді дегенге әлі де ешкім сене алмай отыр. Оның суын кеншілер қаласы Сәтбаев тұрғындарының ойдағыдай тұтынуына шүкіршілік етуге болар. Жалпы жағдайды айқындай түсу үшін жақында кеншілер қаласындағы сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын басшысымен де сөйлескен едік.
– Есқұла жерасты су көзін жинақтаушы нысан 1976 жылы пайдалануға берілгенде жылына 39 млн. текше метр ауызсу береді деп жобаланған болатын. «Союзводаканал проект» институтының жобасы бойынша салынған жерасты су көзінің пайдалану мерзімі 27,5 жылға арналған-тын. Отыз жылдай пайдаланылған соң Есқұланың су қорына 2007 жылы қайта есептеу жасалып, тәуліктік су алу көлемі 83 мың текше метр, жылдық көлемі 30 млн. текше метр мөлшерінде бекітілді. Нақты іс жүзінде Сәтбаев қаласына жылына 13 млн. текше метр су береді. Барлығы 25 артезиандық ұңғымасы бар. Есқұла су жинағышының жылдық су беру көлемін 30 млн. текше метрге жеткізу мақсатында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС бас жобалау институты жұмыс істемей тұрған 6 ұңғыманы қайтадан бұрғылау және жаңадан 4 ұңғыманы бұрғылау жөнінде 2023 жылы жобалау-сметалық құжатын әзірледі. Жобаның құны 4,7 млрд. теңге. Жобаны облыстық бюджет есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Есқұладан бұл жобадағы су көлемін алуға қол жеткізілсе, 21 млн. текше метр ауызсу Сәтбаев қаласын қамтамасыз етсе, қалған 9 млн. текше метрін Жезқазғанға беру көзделуде, – дейді «Сәтбаев жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС басшысы Ержан Тоқымбаев.
Міне, талай жылдан бері өңірді дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың бірінен екіншісіне көшіп, елді алдандырып жүрген «керемет жобаның» қазіргі жай-күйі осындай. Болашақта нәтижесі қандай болады? Оны алдағы уақыт көрсетер.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.