Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 2022 жылғы маусымда облысқа сапары кезінде берген тапсырмасына орай облыс әкімдігінің қаулысымен аумақты зерттейтін арнайы комиссия құрылғаны белгілі. «Экосервис-С» мекемесі 2023 жылы сәуірде қанаттас жатқан қос қала мен Ұлытау ауданында қоршаған орта мен халық денсаулығын кешенді бақылауды бастады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бекіткен өлшемшарт негізінде жұмыс атқарды.
Бақылау 2024 жылдың қазанына дейін жалғасады. Аралық кезеңде статистикалық ақпарат жинақталады, бұған дейін жүргізілген зерттеу талданып, жүйеленеді. Мақсат – Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының экологиялық жай-күйіне кешенді сипаттама беру арқылы оларды «төтенше экологиялық жағдай аймағы» немесе «экологиялық апатты аймақ» деп тану мүмкіндігі туралы ғылыми негізделген қорытынды жасау.
Арнайы комиссияның кезекті мәжілісінде отырғанда менің ойыма осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрынғы бір оқиға орала берді.
Елдіктің ерен үлгісі
1990 жылы наурызда Жезді аудандық Кеңесінің сессиясы «Экология» бағдарламасын талқылады. Сонда аудандық Кеңестің аппарат жетекшісі, әрі депутаты Файзолла Әжібеков Арал теңізінің тартылуы салдарынан зардап шеккен экологиялық апатты аймаққа Жезді ауданын да енгізу туралы тосын ұсыныс тастады. Депутаттар бірауыздан қолдады. Сөйтіп, қабылданған экологиялық бағдарламаны жүзеге асыру, ауданды Арал апатты аймағына енгізу бағытында бірегей іс-қимыл басталды.
– Сол жылы қыста Түркістанға жолым түскен. Облыстық газеттен Арал теңізі тартылуы салдарынан Қызылорда облысына «экологиялық апатты аймақ» мәртебесі берілуі мүмкін екені, бірқатар жеңілдік жасалатыны жөнінде мақала оқыдым. Авторы осы аймаққа Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданын енгізуді ұсыныпты. «Қызылордамен қапталдас жатқан біздің аудан неге енбейді?» деген ой мазалап жүргенде сәтті сағаты соқты.
Оған аудандық Кеңес төрағасы Есболған Құтымбетов пен орынбасары Аманжол Дәукенов орасан еңбек сіңірді. Аужекең бір жылда Алматыда он шақты мәрте қызметтік сапарда болды. Құжаттың көпшілігі қаламы жүйрік журналист, аудандық газет редакторы, депутат Бақыт Сейтжановтың қолынан өтті. Депутаттар – қарсақбайлық Қоныс Шайхин мен сарысулық Жаңбырбай Жаужанбаев үлкен үлес қосты, – дейді еңбек ардагері.
Ауданның экологиялық ахуалын тексеріп, зерттеуге «Казгипрозем» институтының Жезқазған филиалы, Қазақ мемлекеттік университетінің талдамалы химия кафедрасы, «Баскосмостың» ғылыми-зерттеу институты, Москва мемлекеттік университеті, қолданбалы химия мемлекеттік институты, денсаулық сақтау министрлігінің биофизика институты, гигиена және кәсіптік патология ғылыми-зерттеу институты тартылды. Олар мол мәлімет жинақтап, тиісті қортындысын ұсынды.
Сол кезде аймақтың әлеуметтік жағдайы мен қоршаған ортаның күйі нашарлап кеткен еді. Өйткені, бұрын ғарыш кемесі ұшқанда бөлінетін улы заттың зардабына тарпаң табиғаттан тартқан залал келіп қосылды. Ауданның батыс шекарасы Арал теңізінен 100 шақырымда жатқандықтан тартылған теңіз түбінен көтерілген тұз бен шаң жердің сортаңдануына әкеп соқтырды. Зерттеу нәтижесі кейбір жерде кальций мөлшері – 7, магний – 24, калий 9 есе артып кеткенін көрсетті.
Бұл топырақ қабатына қатты зиян келтірді. Түз тағысының, жан-жануардың өлім-жітімі көбейіп кетті, жүні житіп, терісі жалаңаштануы, адам шашының түсуі сияқты оқыс жағдай кездесті. Әсіресе, сексенінші жылдар ортасында «Энергия» ғарыш кемесін екі рет ұшыру кезінде сайын далада сайран салған киік қынадай қырылды. Құжатпен қаруланған А. Дәукенов Жоғарғы Кеңес сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Аудан экологиясының мүшкіл халі оны апатты аймаққа енгізуге негіз болды.
ҚР Парламенті 1991 жылы төртінші тоқсанда «Арал өңірінде тұратын халықтың жағдайын түбегейлі өзгертудің шұғыл шаралары туралы» қаулы қабылдады. 1992 жылы шілдеде сол қаулы негізінде «Арал өңіріндегі экологиялық қасіреттен зардап шеккен азаматтарды әлеметтік қорғау туралы» Заң шықты. Соған сәйкес аудан жұртшылығы бірқатар жеңілдік иеленді. Бұл әлеуметтік жағынан қорғалуға, көрсетілер қызмет сапасының жақсаруына бағытталған игі іс, қайырлы қадам болды.
Тоқыраудың топанына тұншықты
Арнайы қабылданған экологиялық бағдарламаның арқасында аудан экономикасына ауқымды инвестиция құйыла бастады. Жаңадан бірнеше әлеуметтік нысан құрылысы басталды. Өкінішке орай, елдегі қаржы тапшылығы салдарынан тоқсаныншы жылдардың ортасында тоқтап қалды. Тек облыстық ауыл шаруа-
шылығы басқармасы экологиялық бағдарлама бойынша 2 пәтерлік 8 тұрғын үй салып үлгерді.
Ал, Сарысу селосында 504 оқушыға арналған мектептің бір жылда 3 қабаты қаланып, сосын қаражат тапшылығынан тоқтады. Бұдан он шақты жыл бұрын қайта жобаланып, бір қабатын алып тастап, 240 балаға арналған ғимарат пайдалануға берілді. Қарақұмның Қоскөл аулындағы 25 төсектік аурухана құрылысы жартылай жүрді. Оның материалдары кейін иесіздіктен талан-таражға түсті. Жезді кентінде басталған емхана құрылысы соның кебін киді.
Экологиялық бағдарлама аясында бөлінген қаржыға Жезді марганец кен басқармасы орталық қазандықты кеңейтуді, кәріз жүйесін қайта құруды қолға алған еді, іргетасы біткен кезде қаржыландыру тоқтатылды. Байқоңыр-Қызылүй бағытындағы 55 шақырымдық автомобиль жолының құрлысы 5 шақырымнан кейін қаңтарылды. Жездіде 60 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің іргетасы ғана көтерілді. Оның сапалы құйылғаны сондай, әлі сыр бермей тұр, Жездінің өркендеу кезеңіндегі жәдігер сияқты сақталған.
Елдіктің үлгісін көрсеткен жезділік жігіттердің жанқиярлығы арқасында бір қауым ел бірқатар жеңілдікке қол жеткізген еді. Айталық, аудан көлемінде 25 жыл тұрған ер адам – 55, әйел 50 жаста зейнеткерлікке шықты. Жұмыс істейтіннің жалақысына 20% коэффицент қосылды. Еңбек демалысы 7 күнге ұзартылып, 1 айлық көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленді. Ананың босанар алдындағы демалысы 90 күнге ұзартылды, бала мен жасөспірімді әлеуметтік қорғау, халыққа медициналық қызмет көрсету, азық-түлікпен жабдықтау, тұрғын үй салғанда өсімсіз несие алу кезінде көптеген жеңілдік қарастырылды
Амал не, тәуелсіздік тұғырына енді қонған елдің басталған істі жалғастыруға экономикалық әлеуеті жетпеді, қаражат тапшылығы қолбайлау болды. 1997 жылы қарашада «Арал өңіріндегі экологиялық қасіреттен зардап шеккен азаматтарды әлеметтік қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, көптеген жеңілдік қысқартылды, зейнетақыға ерте шығу тоқтатылды. Елдегі аумақтық өзгерістен соң, Жезқазған облысы – Қарағандыға, Жезді ауданы Ұлытауға қосылғаннан кейін бұл мәселе таза қозғалмай қалды.
Ұлытау ауданының Жезді аймағында тұратындар еңбекақыға 20 % үстемені, еңбек демалысына қосымша 7 күнді, еңбек демалысында төленетін бір айлық жәрдемақыны әлі алып келеді. Осының өзі дәтке қуат.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Төлеген БҮКІРОВ, Ұлытау облысының Құрметті азаматы:
– Мен Жезқазғанды бір адамдай білемін. Оның үстіне мамандармен жиі хабарласып, пікірлесіп тұрамын. Алдымен ауа туралы айтайын. Осыдан отыз төрт жыл бұрын Жезқазған қалалық Кеңесінің депутаты болып жүргенде біз топырақтан, судан, ауадан сынама алып, сараптама жасауға қол жеткіздік. Сондағы көрсеткішті ойласам, төбе шашым тік тұрады. Содан бері оң өзгеріс байқалмайды.
Ал, ауызсуға келсем, Кеңгір су қоймасы тұтынуға жарамайды. Жерасты су көзін ел игілігіне жарату жайы мардымсыз. Неше жылдан бері сөз жүзінде қалып келеді. Ауаның ахуалын айтпасам да ел біледі.
Жанат БАЙСАЛБЕКОВ, газет оқырманы:
– Зымыранның ең көп құлайтын жері – Ұлытау өңірі. Сынықтары ауыл маңына түсіп, шашылып жатқанын талай көргенмін. Ауылдың қолөнершілері одан не істемеді?! Қораның қабырғасын қаптады, қазан да, қалақ та, табақ та жасады, әйтеуір біраз кәдеге жаратты.
Зымыранның зиянын ол кезде білмедік. Енді ғана бағамдай бастадық. Экологиялық ахуалдың ушығып кеткеніне қазір көз жеткізіп жатырмыз. Бұл бағытта мақсатты жұмыс жүргізбесе болмайды. Аппатты аймаққа еніп, әртүрлі жеңілдікке қол жеткізу – маңызды мәселенің бірпарасы ғана.