Өндіріс ошақтары өндіретін өнімнің сапасын бақылау жұмысы «Қазақмыс» корпорациясы деңгейінде тұрақты жүзеге асып келеді. Қарағанды өндірістік алаңында орын тепкен «Нұрқазған» байыту фабрикасында сапа қызметінің тетігі мықтап қалыптасқан. Сапа қызметі күнінде аталмыш құрылымның майталмандарына фабрикадағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті құрмет көрсетті.
Комитет төрағасы Жанна Ертуғанованың ұйымдастырумен өткен жиынға фабрика директоры Нұрмұханбет Айбеков арнайы қатысып, сала саңлақтарын құттықтады.
– Өндірілген өнімнің сапасын бақылау дүниежүзінде жүзеге асырылып келеді. Кен өндіру мен байытуда да бұл бағыттың орны ерекше. Сондықтан техникалық бақылау бөлімдерінің қызметі корпорация деңгейінде жақсы жолға қойылған. Оның дамуына фабрикадағы бөлім де сүбелі үлес қосып отыр деп айта аламыз. Мерекемен құттықтай келе, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Нұрмұханбет Жанбекұлы.
Мерекеге орай фабрикадағы зертхананың басшысы Гүлжанат Әбдікәрімова фабрика басшылығы мен кәсіподақ комитетінің ұйғарымына сай үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Гүлжанат Қасымқызы – химия саласында 25 жылға таяу еңбек өтілі бар маман. Гүлжанат Әбдікәрімова 1999 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі химия факультетін тәмамдаған. Фабриканың бұл құрылымында 2009 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Алғашында 3-разрядты зертханашы болған Гүлжанат Қасымқызы еңбектегі қабілетінің арқасында біліктілігін сатылай көтерді. 2013 жылы аға зертханашы болса, 2019 жылдан бастап зертхананың тізгінін ұстады. Ширек ғасырлық еңбегінің әділ бағасын алған Гүлжанат Әбдікәрімова басшылық пен кәсіподаққа дән риза.
– Бұл жолғы мерекеде күтпеген марапат болды. Шағын зертханамызда фабрика өндірген өнімдерге талдау жасалады. Сапаны бақылауда да зертханашылардың еңбегі зор. Менің бұл жеткен жетістігім ұжымымның да табысы деп білемін. Осы саладағы жетістіктерімді бағалап, марапаттаған басшылыққа, кәсіподаққа алғысым шексіз, – дейді Гүлжанат Қасымқызы.
Үздіктерді марапаттау салтанатында аталмыш зертхананың зертханашысы Айгерім Боханова Сапа күніне орай ұйымдастырған сурет байқауының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, жиында «КәсіпҚорған» кәсіподағы Қарағанды филиалының төрағасы Мадияр Қалиев фабриканың техникалық бақылау бөлімінің бір топ қызметкерлеріне Құрмет грамотасын тапсырды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.