«ҚазақмысМэйнтенансСервисиз» ЖШС құрамындағы Жезқазғансервис кәсіпорны жер асты техникаларына күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өндірістік үдерістің толассыз жүзеге асуына үлес қосып отыр.
Техниканың тілін тапқан кәсіпорынға қарасты сервистік телімдердегі еңбеккерлердің әлеуметтік мәселелері мен жұмыс жағдайы, өндірістік қауіпсіздік бағытындағы жүргізілетін шаралардың тиімділігі сынды басты бағыттар «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің назарында. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәриямкүл Тәкішева өңірде орын тепкен шахталардағы сервистік телімдерде жиі болып, аталған бағыттардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын, бақылап, еңбек ұжымдарын толғандыратын мәселелермен танысып отырады. Мәриямкүл Өмірбекқызы жақында Шығыс Жезқазған кенішінің Анненск шахтасындағы сервистік телімде болып, шипажайларға жолдама алу тәртібін, ауыр және зиянды өндірісте еңбек етіп жүрген еңбеккерлердің ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасының ережелерін түсіндіріп берді.
Сервистік телім еңбеккерлері шипажайға жолдама алу, ерікті медициналық сақтандыру туралы мәлімметтер бойынша сұрақтарға нақты жауап алды.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.