Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаушы іргелі ұйым «КәсіпҚорған» кәсіподағы «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс ошағындағы қауіпсіздігі мен еңбек жағдайын жақсартуға баса көңіл аударады.
Техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының оң бағытта жүзеге асуы мен еңбеккерлердің қауіпсіз жағдайда жұмыс жасауына арналған шараларды бақылауда да кәсіподақ нақты жұмыстарды атқарып келеді.
«Қазақмыс» корпорациясының әрбір өндірістік алаңындағы нысандардың қалыпты жұмысына көңіл бөлетін кәсіподақтың бұл бағыттағы жұмысы жүйелі.
Жақында «КәсіпҚорған» кәсіподағы төрағасының орынбасары Абзал Жаңабергенов «Қарағандытүстімет» ӨБ қарасты «Нұрқазған» кенішінде болып, аталған бағыттар бойынша кеніште жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Абзал Жұмағұлұлы сапары барысында кеншілердің тамақтанатын асханасы мен жуынатын орындарының жағдайын көрді. 700 метрлік тереңдікке бойлайтын шахтаға түсіп, кеншілермен тілдесті. Шыңыраудағы қауіпсіздіктің жай-күйін бақылады. Кәсіподақ төрағасының орынбасарына кеніштің бас инженері Төлеген Құлашов пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов және телім басшылары шахтадағы техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саясаты бойынша жүзеге асырылған жұмыстарды баяндап, кеніштің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.