«Адамды адам еткен еңбек» десек, оның жемісін көріп, абыройға кенелу бір бақыт. Қоғам дамуының ұшар биігінде тұратын адам еңбегі қазір де өз құндылығын жойған жоқ.
Өндірісте болсын басқа да салада болсын заманауи технологиялар қолданысқа енгізілгенімен, адамның ой және қол еңбегінің маңызды екендігін бұл ғасыр да айғақтап тұр. Сондықтан болар қарапайым еңбек адамына деген құрметтің де жыл санап артып келе жатқандығы. Оған дәлел елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып өтіледі.
Осы мерекеге орай мүшелігінде 56 мыңнан аса еңбеккері бар Тау-кен – металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы еңбек озаттарын марапаттап, ұлықтауды дәстүрге айналдырған. Осы дәстүр биыл да кәсіподақ тарапынан қолдау тауып, мерекелік жиын ұйымдастырылды.
Кен өндіру, байыту, металлургия салаларынан бөлек, қосалқы құрылымдардың да еңбек озаттары ұлықталған салтанатты бас қосуда «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Сатыбалдин жұртшылықты мерекемен құттықтап, еңбек адамының бүгінгі таңдағы егеменді еліміздің дамуындағы үлесіне тоқтала келіп, өндірістің өркендеуі жолында аянбай тер төккен аға буынға алғысын жеткізді. Сонымен қатар Ерболат Жалғасбайұлы қазіргі алмағайып кезеңде тұрақты еңбек етіп, қоғам ішінде ынтымақ пен берекені ту етіп ұстануға шақырды. Кәсіподақ төрағасы қырық жылдан аса еңбек еткен майталмандарға «Еңбек ардагері» медалі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағының 10 жылдығына арнайы тағайындалған мерекелік төсбелгіні табыс етті. «Кәсіподақтың құрметті қайраткері» төсбелгісіне отыздан аса кәсіподақтың белсенді мүшесі марапатталды. Солардың қатарында газетіміздің тілшісі, бір кездері кәсіподақтың баспасөз қызметінде еңбек етіп, оның тыныс-тіршілігін қалың оқырманға жеткізген Шахмұрат Ибадатов та бар. Шахмұрат Ибадатұлына табысталған «кәсіподақтың құрметті қайраткері» төсбелгісі оның ұйымға қосқан үлесіне берілген баға деп білеміз.
Салтанатты жиында кәсіподақ ұйымының стратегиялық бағдарламаларын орындап, еңбекте табысқажеткен бір топ майталман «КәсіпҚорған» кәсіподағы төрағасының Құрмет грамотасына ие болды.
Кәсіподақ ұйымының мерекелік жиынына арнайы қатысқан меймандар «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің Бас инженері Бақыт Қиямбеков, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, «Жезқазғантүстімет» ӨБ басқармасының персонал жөніндегі директоры Бақыт Түсіпбеков, білікті бригадир, Қазақстанның Еңбек Ері, сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Тұрсынбек Макишев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағының төрағасы Луиза Мыңбаева жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, «Еңбек ардагері» медалін, «Кәсіподақтың Құрметті қайраткері» және Жастар одағы тарапынан тағайындалған «Дарынды жастар» төсблегісін тапсырды. Еңбек күнінде кәсіподақтың Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергеновтің Құрмет грамотасы бірқатар еңбеккерлерге табысталды. Бұл мараптқа газеттің аға тілшісі Бағдат Қазкенов те ие болды.
Мерекелік кеш барысында кен өндірісі саласында әулеттерімен жемісті еңбек етіп жүрген Майзенгельтер, түсті металлургиядан Жезқазған мыс қорыту зауытында саланың дамуында айрықша орындары бар Дүйсембаевтар әулеттері мен байыту өндірісінен Жезқазған байыту фабрикасында құрметке кенелген Давыдюк әулетіне ерекше ықыла, пейіл білдірілді.
Өркендеу мен дамуға негіз болар еңбек адамын ұлықтаған «КәсіпҚорған» кәсіподағы олардың мәртебесін бір асқақтатып тастады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.