Ұлытау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов келді. Сапар барысында облыс орталығында жұртшылықпен жүздесу өткізді.
Облыс тұрғындарымен кездесуге вице-министрмен бірге оның осында келуіне себепкер болған Парламент мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин мен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов және министрлікке қарасты департмент пен басқарма басшылары қатысты. Иә, жаңадан құрылған облыстағы өзекті мәселелердің басым бөлігі энергетика саласына қатысты. Біздің өңірде электр энергиясын тасымалдау мен таратуды төрт энергетикалық кәсіпорын жүзеге асырады: «Жезқазған электр желісін тарату компаниясы», «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС, «Энерготранзит компаниясы», «Ұлытау аудандық көп салалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорны». Әлібек Жұмабекұлы аталған мекемелердің жұмысына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
– Бүгінде өңірде электр энергиясы өндіру көлемі 1 млрд кВт сағатты құрайды. Бұл ретте тұтыну 1,9 млрд сағат болып отыр. Станцияның негізгі жабдықтарының физикалық тозуы 70 пайыз шамасында, – деді ол. Бұдан айқын көрініп тұрғандай, еліміз электр энергиясын өндіруге қарағанда екі есе көлемде көп тұтынады. Саланың құрал-жабдықтары әбден тозып бітуге шақ тұр.
Вице-министр баяндамасынан кейін жүздесу халықпен сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Облыс тұрғындарын электр энергиясы тарифының үздіксіз қымбаттауы, жылу электр орталығының тозып тұрғандығы, өңірге қарасты аудандардағы жанар-жағармай бекеттерінің жетіспеушілігі және көгілдір отынды үйге тарту жұмыстарының бағасы толғандыратыны белгілі болды.
Жезқазған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазанбаев қала тұрғындарын мазалайтын негізгі екі мәселе барын, олар электр энергиясының тарифі және «қыстан қалай шығамыз?» деген сұрақ екендігін жеткізді. «Жасыратыны жоқ, соңғы екі жылда қыстан әупірім деп шықтық. Қашан бір жүйеге келеміз?» – деді ол.
Вице-министр өңірде сала бойынша қордаланған шаруалардың шаш етектен екендігін ашып айтты. Жезқазғанда жаңа жылу электр орталығын салу мәселесі көп жылдан бері айтылып келеді. Көкейкесті сұрақ бүгінгі кездесудің де өзегіне айналды.
– Тұрғындар тарапынан көп нәрсені түртіп алдым. Бірінші, Жезқазғандағы жылу-электр орталығы бойынша, екінші, өңірдің қашық жерлеріне жанар-жағармай станция керек деп жатыр. Енді осылардың шешілу жағын қарастырамыз, – деді Әлібек Жамауов.
Тұрғындардың сауалдарын қойын дәптеріне түртіп алған вице-министр облыс деңгейінде шешілмей жатқандарына министрлік тарапынан міндетті түрде қолдау болатынына сендірді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.