Қадірменді халайық, қуаныш құтты болсын! Аймақтың ақжарылқап күні туды! Жезқазғанға облыс орталығы мәртебесін қайтару өңір тұрғындарының көптен бері армандап, жиі-жиі көтеріп жүрген аса үлкен мәселесі еді. Сәтін салғанда осы күрделі мәселенің күрмеуі ойдағыдай шешіліп, арада тура 25 жыл өткенде Жезқазған қайтадан облыс орталығына айналды. Президенттің 3 мамырдағы Жарлығымен Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың саяси-экономикалық жағдай мың құбылып тұрған қазіргідей сын сағатта үш бірдей облысты жаңадан ашуының өзі үлкен ерлік десек болады. Облыстарымыздың ел жүрегіне жақын, ерекше тарихи атауларға ие болуы да сүйсінерлік іс. Сонымен, Жезқазған – Ұлытау облысының орталығы!
Ендігі жерде өткенді қазбалап, өкпелі істі қоздыра берудің қисыны жоқ. Бүгінде ел экономикасында дағдарыс ахуалының дендеп тұрғанын да ескермесек болмайды. Жаңа аудандар құру жөніндегі мәселенің күнтәртібіне қойылмауы да осыған байланысты болса керек. Бәрі бірден бола бермеуіне де түсіністікпен қараған жөн шығар. Облыстың шаңырақ көтеруінің өзі үлкен олжа. Келешекте облысымыз дамыса, халқы өсіп, іргесі кеңейе берері анық. Алдағы міндет – жаңа облысты дамыту. Осы жолда ел болып жұмылып, ардагерлеріміз ақылшы, жастарымыз бастамашы, атқарушы билігіміз сындарлы басшылық жасай білсе дейміз. Көзін тапсақ, Жезқазғанның мысынан бөлек, өмірімізді өрге тартар Қаражалдың темірі, Қарабидайықтың көмірі, Жәйремнің мырыш-марганеці ел кәдесіне айналып жатыр. Жаңаарқа мен Ұлытаудың ауылшаруашылығын өркендетудегі мүмкіндіктері де аса ауқымды. Ең бастысы «Қазақмыс» корпорациясының бас офисі өзімізде болатын болды. Компания басшылығы мәлімдегендей, салықтың басым бөлігіҰлытау облысының бюджетіне түседі.
Ұлытау – бар қазақтың кие тұтар, қасиетті мекені. Қастерлі өңірдің ұлтымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, ел бірлігін сақтаудағы алатын орны зор. Жаңа облысымыз ежелгі жолдағы осынау асыл мұраттарына сай болып, дамудың даңғыл жолына түссін деп тілейміз!
Амандық РАХҰЛЫ.