2025 жылдың алғашқы екі аптасын да еңсеріп тастадық. Алда қызығы да, шыжығы да көп күндер мен айлар жатыр. Сағат сайын өзгеретін ақпаратты ағынына қарағанда елді елең еткізер жаңалықтар да аз емес. Десек те, көпшілік оқырманды толғандыратыны АЭС-ті кім салады, салық қалай өзгереді және уақыт белдеуі қалпына келе ме деген сауалдар.
2025 жылдың басты оқиғалары – Қазақстанда АЭС-ті кім салатыны туралы шешім мен уақыт белдеуін ауыстырудың халыққа әсерін зерттеу нәтижесі болмақ. Сондай-ақ, жаңа жылда Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылданады және бизнеске салық мөлшерлемесі артады. Денсаулық сақтау саласында да өзгерістер болмақ. Медициналық сақтандыруы жоқ қазақстандықтарға көмек алу қиынға соғуы мүмкін. Төменде біз осыларды жіктеп айтуға тырыстық.
Әлеуметтің әлеуеті
Сонымен, бұған дейін мәлім болғанындай, 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болды. Ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 85 мың теңге болып қалады.Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 32 360 теңге, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері — 62 771 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5 %-ға артады.
Жыл басынан нақты деректерді ескере отырып, әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «әлеуметтік әмиян» жобасы да енгізілуге тиіс. «Әлеуметтік әмиян» азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларын алуын жеңілдетуі керек, өйткені барлық құралы eGov қосымшасында болады, ал ваучерлер жекелендірілген түрде жазылады, бұл кез келген заңсыз тіркеу мүмкіндігін шектейді.
Денсаулық сақтау саласы
2025 жылғы қаңтарда уақыт белдеуінің ауысуы қазақстандықтарға қалай әсер ететінін зерттеу басталады. Бастапқы жоспар бойынша, зерттеу үш жыл бойы жасалмақ болған, алайда билеуші «Amanat» партиясы бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды қолдап, зерттеуді үш айда аяқтауды талап етті. Олар 2025 жылы наурызда зерттеу нәтижесін, ұсыныстар мен нақты шешу жолдарын ұсынуды сұрады.
Сонымен қатар, қаңтардан бастап мемлекеттік қаржыландыру бар медицина ұйымында пациенттерді Face ID арқылы жеке басының сәйкестігін анықтау жүйесін енгізбек. Осылайша жалған тіркеулер мен вакцинаның алдын алмақшы. Науқастың шынымен сол адам екенін екі жолмен анықтайды: Face ID арқылы және eGov порталындағы цифрлық құжаттар арқылы, яғни алты цифрдан тұратын код немесе QR.
2025 жылы денсаулық сақтау министрлігі қаржы министрлігімен ақпа-
раттық жүйелерді біріктіргеннен кейін импортталған дәрілердің бағасын көріп, ел ішінде реттей алады. Ал жыл соңына дейін үкімет денсаулық сақтау саласына ұлттық бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізуге уәде берді.
Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап онкологиялық аурулар бойынша скринингтен медициналық сақтандыру статусына қарамастан барлық адам өте алады және бұл қызмет кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек қатарында болады. Жыл ортасына қарай қатерлі ісікке қарсы қазақстандық препараттың клиникалық сынақтары аяқталады деп отыр. Одан кейін препарат тіркеуге жіберіледі және оны онкоорталықтарда қолдана бастайды.
Бұдан бөлек, 2025 жылы негізгі мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қарастыратын медициналық сақтандыру туралы заң жобасын әзірлеу жоспарда бар. Бұл түзетулер алғашқы көмекті негізгі пакеттен алып тастауды қарастырады, бұл медициналық сақтандырылмаған қазақстандықтардың көмек алуын қиындата түсуі мүмкін.
Салық саласында
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы салық заңнамасында өзгерістер күшіне енді. Әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі 3,5 %-дан 5 %-ға дейін ұлғайса, әлеуметтік салық мөлшерлемесі 9,5 %-дан 11 %-ға дейін артады. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары 1,5 %-дан 2,5 %-ға дейін көбейеді, ал жұмысшылардың міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі бірыңғай төлемнің 10,5 %-ына тең болады, әлеуметтік төлемдер – 18,9 %. Бірыңғай төлемнің жалпы мөлшерлемесі 23,8% болады.
2025 жылғы шілдеге дейін жаңа Салық кодексі қабылданады, ол 2026 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа кодекс 1,3 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 110 салық жеңілдігін жоюды және 400 млрд теңге сомасында 29 салық жеңілдігінің қолданылу мерзімін шектеуді қарастырады.
Сонымен қатар, корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін саралау ұсынылады. Негізгі мөлшерлеме 20 % деңгейінде сақталады, ал жоғарылаған 25 % мөлшерлеме банк саласы мен ойын бизнесіне белгіленеді. Жоғары өңделген өнімдерді шығару, қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін мөлшерлеме 10 % болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін 3 % мөлшерлеме сақталады. Сонымен қатар, бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына қарай ауыстырмақ, ал жеңілдетілген салық тек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сақталады. Сондай-ақ, сыртқы жарнама орналастыру үшін ақы алу және кейбір қызмет түрлерімен айналысуға лицензиялар алу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылды.
Жаңа Салық кодексі БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босатуды қарастырады. Сондай-ақ, 10 жылдан аса қызмет көрсеткен автокөліктер үшін салық мөлшерін 30 %-ға, 20 жылдан асқан көліктер үшін 50 %-ға төмендету ұсынылады.
Одан бөлек, «сән-салтанатқа салық» енгізіледі – 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысанына мүлік салығының жоғарыланған мөлшерлемесі, сондай-ақ 75 млн теңгеден асатын кедендік құны бар жеңіл автокөліктерге, қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне және ұшу құрылғыларына қосымша акциздер салынады.
Энергетика
2025 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумды құру және оған қатысушылар туралы шешім қабылданады. Нақты қашан қабылданатынын үкімет айтқан жоқ, тек сол сәтке құжаттама әзірленіп, мердігер мен жобалаушы туралы шешім қабылданатынын атап өтті. Консорциумда бес мемлекеттен артық болмайды, яғни құрылысқа түрлі қосалқы мердігер компаниялар қатысады.
Ресейлік компания жазда Көкшетауда көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО құрылысының «белсенді кезеңін» бастайды. Артынша Семей мен Өскеменде тағы екі ЖЭО құрылысының басталу мерзімі де жариялануға тиіс.
Сонымен қатар, 2025 жылы балама энергия көздері саласын дамыту бойынша заң жобасы әзірленеді.
2025 жылға арналған жоспарда халықты газбен қамту деңгейін 62,1%-ға дейін жеткізу немесе 55 мыңнан астам адам тұратын 21 елді мекенді газбен қамту көзделген.
Білім және ғылым
2025 жыл Қазақстанда жұмысшылар мамандығы жылы деп жарияланды. Оның аясында оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда техникалық және кәсіби білімді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлейді. Жоспарда колледждерді техникалық қамтамасыз ету, педагог кадрлар мен оқыту бағдарламасына қойылатын талаптар, колледждердің сапасын бағалау және оларды қаржыландыру шаралары қамтылуға тиіс.
Оқу-ағарту министрлігі жаңа жылда колледждерді төрт лигаға бөлуді жоспарлап отыр. Бұл тиімді көшбасшылық моделін құру, цифрландыру, мамандарды даярлау деңгейін көтеру және білім беру ұйымдары арасындағы өзара әрекеттесуді күшейту үшін жасалмақ. Осылайша, басқару мен оқытуда жоғары стандарт көрсеткен, инновациялық инфрақұрылымы бар колледждер «көшбасшы» болмақ. Олар «тірек колледждерге» үлгі болуы керек. Сондай-ақ, модернизация мен өсу сатысында жүрген, жаңа технологияларды белсенді енгізіп, өз деңгейін көтеруге ұмтылатын «әлеуметтік колледждер» болады. Төртіншісі – «мақсатты колледждер», сапалы білім беру стандартын ұсынатын, бірақ дамымай, бір орында тұрған, инфрақұрылымы ескірген, бәсекеге қабілеті әлсіз колледждер.
Сонымен қатар, ведомство биыл Қазақстанда үш ауысыммен оқитын бірде-бір мектеп, оқушыларға мектепте орын жетіспеу деген болмайды деп отыр.
2025 жылдан бастап балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл мектепке дейінгі мекемелерге кезекте тұрғандарды азайтады және бюджеттің ақшасын үнемдейді. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі бойынша барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымына белгіленген талаптарға сай болған жағдайда ғана бюджеттен қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Ал ата-аналар балабақшаны өзі таңдай алады. Сонымен қатар, бюджеттен ақшаны есептеу және аудару ата-аналар сабаққа қатысу парағындағы ақпаратты растағаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Арнайы білім алу қажеттігі бар балалар санының артуымен биыл колледждерде педагог-көмекшілерді дайындау басталады. Қазір 3,5 мың маман жетіспейді.
Кәсіпкерлік саласы
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң күшіне енді. Жедел сатып алуды қамтамасыз ету үшін шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды. Сатып алу нәтижесіне шағымдану веб-портал арқылы және жеңімпазды конкурстық комиссия анықтаған сатып алулар бойынша ғана жүреді.
Бұрын мемсатыпалу бір ғана өнім беруші қатысқан кезде жарамсыз деп танылуы мүмкін болса, енді ол біліктілік талаптарына сәйкес деп танылған жағдайда бір ғана компания қатысса да, онымен шарт жасасуға жол беріледі. Тұтынушылардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жедел сатып алуы үшін 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен қызметтерді 500 АЕК-ке дейін бір көзден алу тәсілімен сатып алу құқығы қарастырылған, бұл шек ауыл әкімдіктеріне 3000-нан 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қажет болған жағдайда тауар, жұмыс және қызметтерді бір көзден сатып алуға болады.
Сатып алынатын тауар, жұмыс және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін оң беделі барлар арасында сатып алуға мүмкіндік беретін әлеуетті өнім берушілердің реестрі енгізіледі. Жеткізуші туралы ақпарат мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің деректерін (жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылық, салық берешегінің жоқтығы, қаржылық есептің ашық болуы және т.б.) пайдалану арқылы қалыптасады. Бұдан бөлек, енді құрылыс бойынша келісімшартты «кілт өткізгенге дейін» шартымен жасауға болады, яғни бір тауарды ұсынушы компания нысан құрылысының барлық кезеңіне жауапты болады.
Заңға енгізілген түзетулердің тағы бір блогы өнім беруші компания жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Басшысы немесе құрылтайшысы бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты болғандар және жалақы бойынша мерзімі өткен әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді. Енді субмердігерлерге тек 30 % жұмыс пен қызметтерді беруге болады, ал отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қаржы министрлігі арнайы тауарлар мен қызметтердің тізімін бекітеді, олар тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынады.
Айтпақшы, төртінші кезеңдегі жалпы декларациялауды тапсыруға тиіс болған қазақстандықтар осы міндеттен босатылды. Алайда олар табысын ерікті түрде декларациялауға мүмкіндік алады. Бірақ, келесі тұлғалар үшін декларациялау міндетті болып қалады. Олар – мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, шетелде активі бар адамдар, сайлауға түсетін үміткерлер, мемлекеттік қызметке және оған теңестірілген қызметке келетін тұлғалар, сондай-ақ ірі банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының қатысушылары болуды қалайтындар, кәсіпкерлер, басшылар, квазимемлекеттік және жеке компаниялардың құрылтайшылары (оның ішінде 25 %-дан астам акцияға ие тұлғалардың), жұбайлары, бір жыл ішінде 20 000 АЕК-тен жоғары қымбат сатып алу жасаған адамдар.
Топтаманы әзірлеген Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.