Желмаядай желген уақыт деген, қандай жүйрік! Содан беріде 10 жыл өте шығыпты. Мен «Мысты өңірде» бас редактор болып жүрген кезімде, 2013 жылы басылымның 25 жылдығын мерекелік сипатта атап өткен едік. Енді міне, 35 жылдық тарихында журналистикадағы жолымның бұл газетпен қалай тоғысқанын еске алудың сәті түсіп отыр. Бұған да шүкіршілік дейміз.
Ол кезде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған-Ұлытау өңірі бойынша меншікті тілшісі болып істейтінмін. Ойда жоқта «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының тарапынан ұсыныс болып, «Мысты өңірдің» тізгінін ұстау жөнінде шақырту алдым. Бұл 2008 жылдың шілде айы болатын. Шыны керек, бұл шақыртуға онша елп ете қалмадым. Өйткені, алты жылдан бері облыстық газет редакциясындағы әріптестермен етене араласып, ұйымшыл ұжымға сіңісіп кеткен едім. Оның үстіне шығармашылық адамына меншікті тілшінің жұмысы жайлы, еркін жүріп жұмыс істеуге мүмкіндігі мол. Алайда, «құда түсушілер» айналдырып болмады. Сол уақытта «Қазақмыстың» президенті Владимир Кимнің мәдениет мәселері жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Махмутов Жезқазғанда жиі болып, корпорацияның имиджін көтеруге байланысты журналистердің басқосуын ұйымдастырып жүретін. Сонымен қатар, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әнуар Омармен бірлесіп кітап шығару, түрлі фестивальдар өткізу сияқты шаралармен айналысып жүргенінде де жиі кездесіп қалатынбыз. Сол жігіт қоймай, қайта-қайта шақырумен болды. Мен қашқақтай берген соң араға Әнуар бауырымызды салса керек. Содан Әнуар да үгіттеп, «Нұрлан арқылы редакцияға көмек жасалады, барғаныңыз дұрыс» деп болмай қойды. Редактор болып келуге келісе қоймауымның тағы бір себебі, сол кездері редакцияда айтыс-тартыс белең алып, былық-шылықтың салдары сотқа дейін жетіп жатқан бір келеңсіз жағдайлар орын алған еді. Содан да тартынып жүргем. Облыстағы бастығым Мағауия Сембаймен ақылдастым. Ол қарсы болмады. Ақырында қолқа салушылар қоймаған соң бір-екі жылдай істеп көрмекке бекініп, шілде айының соңына таман «Мысты өңірдің» бас редакторы болуға келістім.
Газеттің құрылтайшысы корпорацияның Жастар одағы болатын. Оның басшысы Сергей Тысеевич оңаша әңгімеде ең әуелі ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды дұрыстау жөнінде айрықша айтып, қызметіме сәттілік тілеп әкеліп отырғызды. Байыптап қарасам, шағын ұжымның жағдайы онша мәз емес. Жалақы мөлшері аз. Редакция корпорациядан қарызға ақша алған. Сол қарызды қайтару жөнінде хаттар келіп жатыр екен. Құрылтайшы бұрынғы бас редактордың жалақы мөлшерін қалдырып, менің айлығымды 120 мың теңге деп белгілеген-ді. Ол кезде бұл мың доллар көлеміндегі жап-жақсы ақша болатын. Қатардағы журналистердің жалақы жағдайымен танысқан соң құрылтайшыға барып, қызметкерлердің айлығын көбейту жөнінде мәселе қойдым. Ол «бұлай болмайды» деп ат-тонын ала қашсын. Редакция өз қаржысын өзі табуы керек екен. Газет корпорация құрылымына жатпайды. Сондықтан ол жақтан ешқандай қаржылық көмек жасалмайтынын түсіндіре келіп, құрылтайшы «айлықты көбейтіп алып, ертең жалақы бере алмай қалатын жағдай болса адамдар өзіңді сотқа береді. Шотыңдағы қаржыңның мүмкіндігі келген кезде қызметкерлердің жұмысқа қатысуына қарай үстеме ақы төлеп, көтермелеу әдісін қолданғаның жөн» деп біраз нәрсені үйретті. «Бұл жағдайда менің 120 мың жалақы алғаным қисынсыз, айлығымды төмендетіңіз» деп мәселе қоюға мәжбүр болдым. Содан ию-қию келісіммен айлық жалақымды 95 мың теңгеге түсіртіп, тілшілерге 5 мың теңгеден қосатын болып тарқастық. Редакторлық алғашқы қызметім осылай басталған еді. Мұны әркім әрқалай түсінді.
Қаржы түсірудің жалғыз көзі – газетке жазылу ғана болды. Бар күшті соған салдық. Кеніш, зауыт сияқты кәсіпорын ұжымдарын аралап, газетке жаздыру деген алақан жайып, садақа сұрағандай бір абыройсыз тірлік-тін. Газетке жазыл деп барған жерлеріміз: «онда оқитын не бар?» деп шалқиятыны да жанға бататын. Сол үшін газетті ел оқитындай деңгейге көтеруге тырысып, барымызды салдық. Шығармашылық адамдардың да саны шамалы еді. Бұрынғы кадрлардан Әлібек Әбдіраштан басқа жазатын журналистер жоққа тән. Оған құрылтайшының көзқарасы дұрыс болмай шықты, бірдеңе қылып жұмыстан шығару жайлы маған астыртын тапсырма жүктеді. Әлібек сол тұста қосымша «Жас Алашта» істеп, «Қазақмыс» туралы сын материалдарды жиі жазып жүргендіктен, олар үшін жайсыз адам қатарында саналатын. Бірақ, мен құрылтайшымыздың бұл қисынсыз тапсырмасын құптамай, оны орындай қойған жоқпын. Қатарымызды нығайту қажеттігі туындады. Жаңа адамдар іздей бастадық. Хабарландыру беріп жас журналистерді жұмысқа шақырдық. Бұрыннан білетін тәжірибелі әріптестерімізді қатарға тарттық. Артық адам алуды қалта көтермейді. Әр теңгені санап, сақ қимылдауға мәжбүр болдық. «Сарыарқа» газетінде тілші болып жүрген Абдолла Дастановты бас редактордың орынбасарлығына, жұмыссыз үйінде жатқан Балтабек Әбеуді бөлім меңгерушілігіне шақырдым. Хабарландыруымыз бойынша Балқаштан хабарласқан Мейрамкүл Саяжанқызын да шақырып жұмысқа қабылдадық, жатақхана мәселесін шешіп бердік.Осылайша біршама әлденіп алған соң оқырманның көңілінен шығатын дүниелерді жазуды басты орынға қойдық. Өңірдің шешілмей жатқан проблемалары туралы көкейкесті тақырыптарды көтеруге күш салдық.
Әлі есімде, 2010 жылғы Үкіметтің қазан айындағы отырысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Э.Огайдың: «Жезқазған кеніштерінің мыс қоры алдымыздағы 10-15 жыл ішінде түгесілуіне байланысты корпорация бұл өңірде өз жұмысын тоқтатады» деген мәлімдемесі Жезқазған, Сәтбаев қалалары тұрғындарының арасында үлкен қобалжушылық туғызды. Бұл жағдайдан біз де сырт қалмай, газетте «Шикізатқа тәуелділік алысқа апармайды» деген мақала жарияладық. Онда күндердің күнінде өңірдегі кен қоры таусылған жағдайда 180 мыңға жуық тұрғыны бар қанаттас екі қаланың тыныс-тіршілігін сақтап қалудың мәселесі көтерілді. Одан әрі «Осы Үкімет Жезқазғанды біле ме екен?» деген мақаламызда Жезқазған облыс мәртебесінен айрылған 13 жылдан бері «бұл өңір «Қазақмыстың» қамқорлығына бөленген» деп, Үкімет тарапынан қаланың одан әрі дамуы тұрмақ, қазіргі тыныс-тіршілігін қалыпты сақтауға да көңіл бөлінбей жүргені жөнінде өткір мәселелерді қозғадық. Шағын қалаларды дамыту жөніндегі Үкімет бағдарламасының шапағаты Сәтбаев пен Жезқазғанға тимей келе жатқаны туралы көптеген дәйектерді келтіріп жаздық. Осы мәселелерге өңір ақсақалдары да үн қосып, облыс, республика басшылығына ұжымдасып хат жазу көбейді. Біз өз тарапымыздан газетте көтерілген мәселелерді сол кездегі ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевке жіберген едік. Мұхамбет Жұманазарұлы халық атынан білдірген аманатымызды назардан тыс қалдырмай үлкен айтарлықтай жанашырлық танытты. Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына өңір проблемасын қамтыған депутаттық сауалын жолдап, жан-жақты қозғау сала білді. Ол кісінің депутаттық сауалын, оған Үкімет басшысының берген жауабын толықтай біз газетте жариялап, көпшілікке жеткізіп отырдық. Сол тұстағы Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов те осы туындаған жағдайға түсіністікпен қарап, Жезқазғанға ай сайын келіп ақсақалдармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен жүйелі кездесіп отырды. Көтерілген мәселелерді облыс әкімінің Үкіметке, Президентке дейін тиянақты жеткізе білуінің арқасында Жезқазған-Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Кешенді жоспар қабылданып, ел көңілі біршама тыншығандай болған.
Қаржы жағдайының жалғыз көзі – газет таралымы да жаман болған жоқ. Мен басшылықта болған 5,5 жылдың ішінде «Мысты өңірдің» таралымы 9-10 мыңнан төмендеген емес. Ол тұстағы газеттің оқылуы, көтерілген тақырыптарға оқырманның үн қосуы да дұрыс болушы еді. Осы Есқұла су құбырын қайта жаңғыртып, оның суын Жезқазғанға дейін жеткізу жобасына республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге қаржы бөлінетін болғанда белгілі су шаруашылығының мамандары, ардагерлер қауымы мұның өте тиімсіз жоба екенін алға тартып, газетте мәселе көтерді. Өңір тұрғындары атынан жоғары жаққа хат жолдады. Есқұланың суы Сәтбаевтан артылмайтынын, Жезқазғанға жетпейтінін дәлелдеп жазған мамандардың сол пікірі дер кезінде ескерілмеді. Содан бергі ондаған жылдан бері жырға айналған Есқұла суының шындығында Жезқазғанға жеткізілмей, одан беріде қосымша қаншама миллиард қаржы бөлініп, ысырап болып жатқанын көргенде сол кездегі жұртшылықтың айтқандарының ақиқаттығына көзім жете түседі. Жалпы ауызсу проблемасы, қаланы жерасты суымен қамтамасыз ету жайы сол уақыттарда басылым бетінде көп көтерілді. Қаланың әлеуметтік мәселелері, күнделікті тұрмыстағы кездесетін түйткілдер де назардан тыс қалмай, «Ұрымтал» деген айдармен ұтқыр түйрей жазылып отыратын.
Құрылтайшы қаржылай қолдау көрсетпесе де жастар одағының күшімен газетке жаздыруға көмектесіп отырды. Үйреніскен соң ішкі жұмысымызға көп араласқан жоқ. Корпорация басшыларына жол тауып, екінші қабаттағы кеңсемізге толықтай күрделі жөндеу жасатып алдық. Баспасөз күнінде «Қазақмыс» тарапынан сыйлыққа Алматыдағы дүкеннен тауар алуға сертификат беретін бір дәстүр болатын. Екі жылдай соған компьютер және басқа да техникалық құралдарымызды жаңартып алудың сәті түсті. Сөйтіп, әуелде бір-екі жыл ғана істеп кетермін деген корпорацияға тән газетте алты жылға жуық отырып қалған соң ойлана келіп, басқаларға орын босатқанды жөн көрдім. Өз еркіммен сұранып, орнымды орынбасарыма тапсырып жылы қоштасқан жайымыз бар. Одан бергі кезеңде де байырғы басылыммен байланысым үзілмей келеді. Газеттің 35 жылдық белесі құтты болсын, дейміз!
Амандық РАХҰЛЫ,
«Мысты өңірдің» 2008 – 2013 жылдардағы Бас редакторы.