Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында және Ұлытау облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай облыстағы мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада ұйымдастырылды.
«Ел жанашырлары» спартакиадасына облыстық басқармалардың, облыс әкімдіктерінің, барлық қалалар мен аудандардың атынан командалар қатысты. Спорт сүйер қауым шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, суда жүзу, бильярд сынды спорттық ойындардың 7 түрі бойынша бақ сынады. Спартакиаданың 300-ден астам қатысушысы үздік атағын са-
рапқа салды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Берік Ахметов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дидар Мүтәліпов, спартакиаданың бас төрешісі Батырлан Өмірзақов спортшыларға сәттілік тілеп, жарыс ережесін түсіндірді.
Екі күнге созылған спартакиадада мемлекеттік қызметшілер барын салды. Иә,мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Қызметте ақ жағалы көйлек пен келісті костюм киіп, галстук байлайтын мемқызметші екі күн бойы еркін форматта жүрді. Бір-бірімен жұмыстан тыс еркін сөйлесті. Өз кәсібімен емес, спорттық сайыста бақтарын сынады.
Сонымен, жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды Жаңаарқа ауданы әкімдігінің қызметкерлері, 2-орынды Ұлытау ауданы әкімдігінің қызметкерлері иеленді.Ал үшінші орынды Жезқазған қаласы әкімдігінің қызметкерлері алды.
Сайыс нәтижесінде аталған спорт түрлері бойынша мықты ойыншылар анықталып,Ұлытау облысының құрама командасы жасақталды.
Спортшылар 20 – 25 маусым аралығында өтетін республикалық мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадаға қатысатын болады.