Ұлытау – Жезқазған өңірінде төрт айдан бері экологиялық төтенше жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы деп танылу мүмкіндігін зерделеп, кешенді бағалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Ғылыми зерттеу жұмысымен айналысып отырған «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС әр айда атқарылған жұмыстары жөнінде комиссия мүшелері мен аймақтың қоғамдық өкілдері алдында есеп беріп келеді. Облыс әкімдігінде өткен осындай кезекті отырыста серіктестік өкілдері үстіміздегі жылдың тамыз айында атқарған жұмыстарының нәтижелерімен таныстырып есеп берді. Отырысқа Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов қатысты.
Зерттеу жұмыстары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Зерттеп-зерделеу барысында комиссия мүшелерінің ұсыныстары да назарға алынуда. Осыған орай «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС директоры Сейілхан Асқаров өткен айдағы отырыста комиссия мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалу жайы туралы хабардар етті. Мәселен, айтылған ұсыныстар бойынша судың қосымша 3 сынамасы алынған. Оған 57 көрсеткіш бойынша сараптамалық талдау жасағанда судың химиялық құрамындағы заттардың қалыпты нормадағыдан жоғары екені анықталды.
Есеп беру жиынында «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС-нің Ұлытау облысындағы өкілдігінің директоры Ерлан Садуақасов атмосфералық ауаны, топырақты, суды тексеріп, сараптау бойынша атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды. Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы елді мекендері ауасының сапасын бағалау мақсатында автоматтандырылған онлайн бақылау станциялары арқылы өлшеулер жасалғанда күкіртті сутек, күкірт диоксиді мөлшерден жоғары болғанын көрсеткен. Жезқазған қаласындағы постылар № 8 гимназия, № 13 мектеп, № 26 мектеп, теміржол вокзалы және Нагорная 15 аумағында орналасқан. Мәселен, төрт постыда 35 күннің 33 күнінде зиянды қалдықтардың жоғары болғаны тіркелген. Сәтбаев қаласындағы атмосфералық ауа сапасын бағалаудың нәтижелері де күкірт және азот диоксидтерінің тиісті мөлшерден артық екенін көрсетіпті. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының, сондай-ақ кент әкімінің қатысуымен Қарсақбай елді мекенінің аумағында бірлескен далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Атмосфералық ауаның сапасына өлшеу жасалып, топырақ үлгілері алынған. Аумақта гаммалық зерттеулер жүргізіліп, ауадағы радонды өлшеу шаралары атқарылған. Сараптаманың алғашқы нәтижелері бойынша елді мекен аумағында ауыр металдардың тиісті мөлшерден айтарлықтай асып кеткені анықталып отыр.
Комиссия отырысында өсімдіктер дүниесінің, топырақ қабаттарының жағдайы, әлеуметтік-экономикалық дамуды бағалау және тұрғындардың денсаулығын зерделеу бойынша атқарылған жұмыстар да ортаға салынды. Бұл жөнінде «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС Ғылым және аналитикалық зерттеулер департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Наталья Яковлева баяндады. Топырақтың экологиялық жағдайына зерттеулер жүргізілген. Топырақтың физикалық-химиялық ерекшелігін анықтау мақсатында 68 сынама алынып, химиялық зертханада зерттелуде. Жалпы есепті кезеңдегі тұрғындардың денсаулық жағдайы жөніндегі ақпараттар да жинақталу үстінде. Жануарлар әлемінің жағдайы да зерделенуде. Қалалар мен елді мекендердегі ауызсудың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына зерттеулер нәтижесі бойынша ауыр металдар мөлшері жоғары екені анықталған. Жалпы судың жоғарғы бетіндегі минералдық кермектігі нормадағы 7.0 орнына Кеңгір қоймасында – 9.60, Қаракеңгірде – 9.80, Байқоңыр өзенінде 14.0, Ақтас бөгетінде – 9.10, Қарсақбай кентіндегі Қумола өзенінде – 13.75, Терісаққан мен Қараторғай өзендерінде – 3.90, Жезді өзенінде 9.0 көрсеткіші мөлшерінде болған. Жерасты суының ластану мөлшерін айқындау бойынша да талдаулар жасалуда.
Есептік кездесуде комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов комиссия мүшелерін аймақтың экологиялық ахуалын зерттеу жобасын жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды. Жиынға қатысушылар маңызды жобаның жүзеге асырылу барысы туралы жұртшылыққа кеңінен хабардар ету керектігін ұсына келе өңірдің экологиялық ахуалындағы бірқатар түйткілді мәселелерге назар аударды.
Жиында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов комиссия мүшелері мен қоғам белсенділерінің сұрақтарына жауап бере отырып, өңірдің экологиялық жағдайына кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 16 маусымда облысқа келген сапары кезінде берілген тапсырмасының аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алда әлі ауқымды міндеттер тұрғанына, оны сапалы атқару қажеттігіне тоқталды.
Амандық РАХҰЛЫ.