Облыстағы экологиялық жағдайларды зерттеу жұмыстары бойынша құрылған арнайы комиссияның кезекті отырысы өтті. Оны Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ұлантай Үсенов ашып, жүргізіп отырды.
Төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау болжанатын аумақты зерделеу комиссиясының жұмысы қоғам назарында. Айта кетейік, зерттеу шаралары барысында ауадан, топырақтан, жер асты, жер үсті суынан, өсімдіктерден, жануарлардан, онкологиялық аурудың көрсеткіші, бала туу, өлім деңгейі, өндіріс орындарының ауаға шығарған шығындыларынан сынамалар алынып, егжей-тегжейлі тексерілуде. Ресми қорытынды содан кейін бір-ақ шығарылады.
– Біз зерттеулерді мезгілге сай бағыттарда жүргізудеміз. Қаңтардағы зерттеулер қорытындысы бойынша әлі ештеңе айта алмаймыз. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірнеше зерттеу жасадық, – деді «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС ғылым департаментінің Ұлытау облысы бойынша директоры Наталья Яковлева кеңесте.
Облыстық комиссиясының отырысы айына бір рет ұйымдастырылып тұрады. Комиссия мүшелері көпті толғандырған сауалдарды ортаға салды. Қоғамдық талқы ендігі ақпан айында жалғасын табатын болады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.