Жезқазған қаласын көгілдір отынмен қамту жобасының екінші кезеңі аясында Бекболатсай және Қостанкелді шағынаудандарына газ құбыры тартылды. Көгілдір отынды көп күткен тұрғындар іргеге жеткен газды үйге кіргізіп, игілігін көре бастады. Жалпы, Ұлытау өңіріне газ тарту жұмыстары 2019 жылы басталған. Бүгінге дейін облыс орталығына қарасты Талап пен Қабанбай ауылдарына және Бөгенбай шағын ауданына магистралдық құбырлар жүргізілді.
Жезқазғанды газдандыру жобасы 3 кезектен тұрады. Жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуық. Бекболатсай және Қостанкелді елді мекендеріне құбыр тарту жұмыстары айналасы бір жылдың көлемінде аяқталды. 2,7 млрд теңгеге 43 шақырым магистралдық және орамішілік құбыр жүргізілді. Мұнда 1400-ге жуық абонент бар.
Жезқазған қаласын газдандыру жобасы 3 кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады. Бүгін, міне, екі іске қосу кешенін қамтитын құрылыстың I кезегі бойынша жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, әлеуметтік осал санатқа жататын тұрғындар газдандыру бойынша әкімдіктен біржолғы әлеуметтік көмек ала алады. Оның көлемі 250 айлық есептік көрсеткіштен тұрады. Әзірге осы бағдарлама арқылы 4 тұрғын көгілдір отынға қосылған. Өңірді газдандыру жұмыстары Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарына да енген. Осылайша, Сәтбаев, Қаражал, Жаңаарқа ауданы тұрғындары 2026 жылға дейін газбен қамтылатын болады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.