Ұлытау спорт кешенінде ел чемпионатының күміс жүлдегері, Ұлытау өңірінің тумасы Батырлан Сариновты еске алуға арналған дзюдодан республикалық турнир өтті.
Жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 2005 және 2006 жылдары дүниеге келген ұл-қыздар бақтарын сынады. Турнирдің мақсаты – жас балуандардың дайындығын пысықтау және тәжірибелерін арттыру. Жарысқа Қазақстанның 10 облысынан балуандар келді. Ел чемпионатына дайындық болып табылатын бұл жарысқа спортшылар жақсы әзірлікпен келгендерін көрсетті.
Аталған жарыс дзюдошылар қатарының жыл санап артып келе жатқанын да танытты. Бұл жолы татамиге 300-ден астам балуан көтерілді.
Сонымен, дүбірлі бәсекенің соңғы күні әр салмақ дәрежесінде белдескен жас спортшылар арасынан мықтылар анықталды. Еңбектің еш кетпейтіні белгілі. Осы спорт түрімен 13 жылдан бері айналысып келе жатқан жезділік дзюдошы Абылайхан Алшымбек 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.
Жарыс ұйымдастырушылары мұндай турнирлер арқылы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырамыз, – дейді. Батырлан Саринов атындағы дәстүрлі дода келер жылы да өз жалғасын табатын болады. Бұл жолғы турнир осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Оның қорытындысында жаңа жеңімпаздардың есімдері анықталды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.