«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай Беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек»
(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан).
Елімізде спорт саласын дамытудың тиімді тетіктерін қалыптастыру арқылы оның түрлерін дамытуға мүмкіндіктер баршылық. Күні кеше ғана Парижде аяқталған ХХХІІІ жазғы Олимпиадада ел намысын қорғаған спортшыларымыздың жетістігі келер жас буын чемпиондардың жігерін қайрай түсері хақ.
Спортты дамыту арқылы сол мемлекеттің әлеуетін танитын болсақ, жергілікті жерлерде де бұқаралық спорттың кең етек жаюына баса мән берген жөн. Біздің Ұлытау облысы спортшыларының бағындырып жүрген шыңы, алып жүрген жүлдесіне көңіл марқаяды. Әсіресе, мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» корпорациясының құрылымында еңбек етіп жүрген азаматтар арасында Азия чемпионы атанып, спорт шебері атағын иеленіп те үлгергендер бар. Спорт күні қарсаңында спортшыларымызбен дидарласудың сәті түскен болатын.
Әңгімеміздің әлқиссасын Арұлан Құрманәлиевтен бастағанды жөн көрдім. Ол Жезқазған кентінде туып, сол жерде білім алған азамат. Мектеп жасынан спортқа әуес болды. Әлем елдерінде дамыған грэпплинг күресімен шұғылданып, бірқатар додаларда топ жарды. Спорттың бұл түріне оны Рустам Сефербеков баулыды. Кәсіби тұрғыда Арұлан грэпплингпен 2018 жылдан бері айналысып келеді. Шығыс Жезқазған кеніші Анненск шахтасына 2021 жылы электрслесарь болып жұмысқа орналасты. Ұжымдағы «спортшы жігіт» атанған ол конвейерлік телімнің мақтанышы. Арұлан Құрманәлиевтің алты жылдағы жетістіктерін санағанда тек әлемдік чемпионаттың алтын жүлдесі кем екендігі аңғарылды. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін спортшымыз қазір Астанада дайындық үстінде. Арұлан 2022 жылы Испанияның Понтеведра қаласында өткен әлемдік чемпионатта қола медаль алса, Польшаның Варшава қаласында 2023 жылы өткен чемпионатта тағы қола тақты. Биылғы жылы Астанада өткен Азия чемпионатында алтынмен оралса, сол жүлдені Филиппиннің Тагатай қаласында өткен Азия чемпионатында тағы еншіледі.
– Грэпплинг жекпе-жек спортының бір түрі болып саналады. Өткен ғасырдың 90-жылдары алғаш рет әлемдік деңгейде жарыс ұйымдастырылған. Содан бері бұл спорт түрі қанатын кеңге жайды. Спорттың ерекше түріне бала кезден қызықтым. Әлемдік деңгейге шығу үшін көп дайындықтан өттім. Қазір де дайындық үстіндемін. Биыл Астанада өтетін чемпионаттың іріктеу кезеңіне қызу дайындық үстіндемін. Іріктеу ойыны тамыздың 24 – 26 күндері өтеді. Осы іріктеуден өтсем, әлемдік чемпионатта бақ сынаймын.
Спортқа ден қою арқылы мен өзімде кез-келген жағдайға дайын болу тактикасын қалыптастырдым. Спорт адамды физикалық тұрғыдан шыңдап қана қоймай, рухани тұрғыдан да байыта түседі. Іздену арқылы денені, миды да жаттықтырамын. Осы жылдар ішінде мені қолдап, жетістікке жетуімен себепші болған жаттықтырушыларыма, ата-анама алғыс білдіремін.
Тағы бір айта кетерлігі, жарыс жолына тың дайындықпен шығуыма үнемі демеуші болып жүрген ұжымыма, «КәсіпҚорған» кәсіподағына ризашылығым шексіз. Менің спорттағы баспалдағымның көтерілер шыңы енді ғана бастау алды. Сондықтан әлі көп шыңдалу керек. Адам шыңдалу арқылы ғана жетістікке жетеді, – дейді Арұлан.
Жігері жалынды, жанарында от бар жас спортшының алдағы мақсаты айқын. Әлем чемпионы атағын алып, еліміздің айбынын асқақтату. Ырымдап қойылған Арұлан есіміне сай, арын биік қойып, елдің ұланы атанатын азаматтың спорттағы жолы ашық, жеңісі көп болсын деп тіледік.
Суретте: Арұлан Құрманәлиев.
***
Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде «Қазақмыс» корпорациясының атын спорттық додаларда паш еткен футбол, хоккей клубтары өндірістің әр буынында еңбек еткен жалынды жастардан құралғанын көпшілік ұмыта қоймаса керек. Сол спортшылардың бүгінгі жалғасы ретінде ала доп бәсекесінің аламанында металлургтердің намысын қорғап жүрген «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытының құрама командасын ерекше атап өткен жөн.
Aға буын салып кеткен сара жолды жаңғыртып, түрлі спорттық жарыстарда топ жарған құрама команданың 2019 жылдан бергі жетістігіне көңіл қуанады. Команда капитаны Саржан Базарбайдың айтуынша, құрамадағы жігіттердің барлығының бала кезден футболға деген бейімі ерекше. Екпіндік еңбектен бөлек, спортты серік еткен олар Қазақстан Чемпионатының бірнеше ойынына қатысты.
– Команда жасақталған сәттен бастап жарыс жолындағы ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жетерлік. Өндірістен қол үзбей, спортты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен біз құраманың даңқын асыру жолында дайындығымызды бәсеңдетпейміз. «Қазақмыс» кәсіпорындары арасында өткен 2019 – 2022 жылдар аралығындағы ойындарында Жезқазған мыс қорыту зауыты құрамасының қоржынында екі қола, екі алтын бар. Суперлига ойынының 2023 жылғы қысқы матчында күміс алсақ, 2024 жылғы бәсекесінде қоланы еншіледік. Көктемде алтын бұйырды.
Супер кубокта алтын жеңіп алдық. Қарағандыда өткен металлургтер кубогында қола қолымызға тисе, «Қазақмыс» Холдингтің Кубогы бойынша 2023 – 2024 жылдары қола алдық. Облыстың Жастар Кубогында екі жыл қатарынан күміске қол жеткіздік. 2022 жылғы облыстық турнирде алтын иелендік.
Бригадирлер кеңесі ұйымдастырған жарыста 2021 жылы күміс алсақ, үш жылдан соң, алтын медальге қол жеткіздік. Мұндай жетістіктерге жетуіміз команда құрамындағы жігіттердің тұрақты түрдегі дайындығының арқасы. Әрбір жарыс жолына тыңғылықты дайындықпен шығамыз. Өйткені біз тұтас бір кәсіпорынның ғана емес, өндірісті өңірдің намысын қорғауға бара жатқанымызды түсінеміз, – дейді Саржан Базарбай.
Жезқазған мыс қорыту зауытының футбол құрамасының ойыны, жетістігі шағын бәсекеден басталып, дүбірлі додаларға ұласып келеді. Команда ойыншыларының бәсекедегі қарқынына сарапшылар да оң баға беріп жататын кездер де жиі болады. Жеткен жетістіктеріне көңілдерін масайратпай, ел чемпионы атануды көздейтін команда жігіттерінің алдағы ойындары жеңісті де жемісті болсын деп тілейміз.
Қазақ спортын дамытып, биік дәрежеге шығару ең әуелі кең масштабтан емес, шағын ортада қалыптасатынын ескерсек, біздің өндірісті өңірде де спорт десе делебесі қозатын жастарымыз баршылық. Оларды қолдап, қанатын қатайтып, спорттық сынға салу үлкен жүлделерге қол жеткізудің кілті болмақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.