Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов бастаған облыстық мәслихат депутаттары облыс орталығындағы жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының басшылығымен кездесті. Жиында түйткілді мәселелер талқыланды.
Кәсіпорын директоры Ахметулла Мырзалиевтің айтуынша, мекеме өз қаражаты есебінен 587 млн. теңгеге жылу желілерін тартуды жоспарлап отыр, қала әкімдігі тарапынан тағы 1 млрд теңге бөлінген. Бұл сомаға биыл 30 шақырымғ ажуық жылу желілерін тарту жоспарлануда. Алайда, кәсіпорын қарызға белшесінен батқан. Бүгінде 3,2 млрд теңге берешегі бар екен.
– Бірқатар мәселелер бар. Олар бізде де конкурстық процедуралар арқылы шешіледі, – деді жылу және сумен жабдықтау кәсіпорын директоры А. Мырзалиев.
– Берешегіміз бар. Сондықтан тендерлерге қатысу қиын. Бірақ соған қарамастан құбырларды сатып алып жатырмыз. Әрине, бізде қаржы жетпейді, себебі компанияның есепшоты бұғатталған.
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов жылу желілерін тартуға әкімдік тарапынантағы 500 млн теңге бөлінетінін атап өтті. Жылу желілеріне жұмсалатын қаржының барлығы депутаттардың назарында. Кәсіпорын директоры да толық бақылауда ұстауы қажет.
Сонымен қатар облыстық мәслихатының төрағасын құбырларды ауыстыру жұмыстарының сапасына алаңдаушылық білдірді.
– Абай көшесіндегі мердігер құбырларды толығымен қазып, ауыстырғанына өзім куә болдым – деді ол. – Біріншіден, бұл құбырлар әлі іске қосылмаған, құбырлардың дұрыс жалғанғанына кім кепілдік береді? Пластикалық құбырлар тым ауыр қысымды көтере алмайды. Сондықтан жүргізіліп жатқан жұмыстарды ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын.
Қаладағы жылу құбырларының 60 пайыздан астамы әбден шіріп тозғанын ескерсек, бұл түйткілді облыс әкімі де жеке бақылауында ұстап отыр.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.