Бірінші қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Яғни, кез-келген мекеме басшылары, құрылтайшылар мен жеке кәсіпкерлер Қазақстанда ғана емес, шетелде де тіркелген мүлігін декларациялауы керек. Бұл міндетті.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру; жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру; сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Бірінші кезеңде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «кіріс» декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс етті. Екінші кезеңде, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары – 22,6 мың адам табыс етті.
Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. 27,0 мыңға жуық адам табыс етеді деп жоспарлануда.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі. Жалпыға бірдей декларациялау кезінде жеке тұлғалар табыс құжатын жүйе бойынша активтер мен міндеттемелер туралы 250 форма негізінде тапсырады. Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүліктер туралы есепті 270 үлгіде өткізеді.
Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.
Айта кетейік, декларацияны 2024 жылдың 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.