Сәтбаев қаласында Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Ерден Сандыбайұлы атындағы V Республикалық ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауы болып өтті. Екі күнге созылған дәстүрлі өнер додасына Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент, Қызылорда, Қарағанды, Степняк және Сәтбаев қалаларынан 27 үміткер қатысты.
Байқауға қатысушылардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ермұрат Үсенов бастаған өнер тарландары қазылық жасады.
Ақтық сайыста өнер көрсеткен 15 өнерпаздың ішінен суырылып шыққандары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Дәулет Мықтыбаев атындағы арнайы жүлде Ақжол Есімқановқа, Жаппас Қаламбаев атындағы арнайы жүлде Анарбек Мырзабайға табысталды. Сол сияқты, «Дипломант» жүлдесімен 50000 ақшалай сыйақы Ержан Мукышовке, Әділ Дәуленге және Айжан Жаубасоваға берілді. Байқаудың III орны мен 100000 теңге ақшалай сыйақыны Нұртілеу Мұхтархан, Самал Майданова және Айгерім Шамей иеленсе, II орын мен 200000 теңге ақшалай сыйақыны Арайлым Болат пен Гаухар Алтынбекова еншіледі. I орын мен 300000 теңге ақшалай сыйақы Темірхан Алиевке бұйырды.
Ал, Бас жүлде мен 500000 теңге ақшалай сыйақыны Жания Естайқызы қанжығасына байлады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.