Кеншілер мерекесі қарсаңында Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтаның атпал азаматтары туралы мақала жазатын болдым. Әрине, әңгіменің әл-қиссасын әріден бастайын деп кеніштің арғы, бергі тарихын көтеріп көрдім. Сөйтсем…
Оңтүстік кеніш – «Озаттар отаны» деп аталады. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Осы өңірдегі кеншілер арасындағы ерен еңбектері үшін жоғары марапатқа, наградаларға ие болғандары жағынан аталмыш кеніш оқ бойы озып тұр. Кеудесіне «Алтын жұлдыз» таққан айтулы үш кеншінің үшеуі де осы кеніштің нағыз шамшырағы болғанын айтпай кетуге әсте болмас. Осы кеніште 1956 жылдан еңбек еткен Қазақстан Республикасының Құрметті кеншісі – Әубәкір Құсайынов кеңестер кезеңіндегі ең жоғары атақ Социалистік Еңбек Ері атанса, оның сол бір өнегелі жолын есімдерін елі сыйлаған даңғайыр кеншілер Социалистік Еңбек Ерлері Қазымхан Кентаев пен Демберген Баймағанбетов жақсы жалғастырды. Үзіліссіз еңбек етіп, табыстың тайқазанын тасытқандардың бірі – №45 шахтаның забойшысы Тайғара Естаев Ленин орденін омырауына таққан еді. Дәл осындай құрмет пен марапатқа №65 шахтаның забойшылар бригадирлері Н.Я.Сидоренко (Ленин ордені) мен Жоламан Жұмаев (Халықтар Достығы ордені) та ие болды.
Міне, алпыс бестің алыптарының ісін бүгінгі ұрпақтар да сәтті жалғастырып жатыр. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болған №17 теміржол телімінің Қайрат Жұлдызғалиев басқаратын бригада кеншілері де кеніш табысының тайқазанын тасытып жүрген жандар. Олардың қатарында да «Кенші даңқы» төсбелгісін таққандар мен осы құрметті атаққа лайықтылар аз емес.
– Біздің негізгі жұмысымыз забойларда қопарылған кенді жер бетіне шығару. Бригадада 10 жігіт еңбек етеді. Оның жетеуі – электровоз машинисі, үшеуі тиеушілер, «люковойлар». 7 электровоз үш айналмадан кен тасиды. 3 жігіт сол үш айналамда вагондарға кен тиеп тұрады. Бір электровоз 10 вагон тартады, Вагондардың әрқайсысы 10 тоннадан. Сонда бір аусымда біз 500-600 тонна кен шығарамыз, – дейді Қайрат Жұлдызғалиев бізбен әңгімесінде.
Қайраттың осы бригадада еңбек етіп келе жатқанына да 23 жыл болыпты. Шахтаға ең алғаш 2000 жылы түскен екен. Алғашқыда слесарь болып, вагон жөндеген.
– 2007 жылы бригадиріміз Әділхан Төлепбергенов зейнет демалысына шықты да мені өзінің орнына бригадер етіп ұсынды. Жігіттер де, шахта басшылары да оны қолдады. Міне, содан бері осы бригадаға жетекшілік жасап келемін, – дейді Қайрат.
Бригада шын мәнінде сайдың тасындай іріктелген, өз істеріне мығым жігіттер. Осы күнге дейін аусымдық норманың орындалмай қалған күні болған емес. Бұрғышылардың маңдай терімен бұрғыланып, қопарушылардың тындырымды ісінің арқасында алынған кенді шашау шығармай жер бетіне жеткізуде бригаданың еңбегі ерен.
– Бұл біздің бірлесе еңбек етуіміздің жемісі. Бригададағы жігіттер қашанда бірін-бірі қолдап, бірінің орнын бірі жоқтатпай жүреді. Бұл қалыптасқан дәстүр. Кезінде аға буын бізді осыған үйретті. Біз соны мүлтіксіз жалғастырып келеміз, – дейді бригадир жігіттері жайлы жылы лебіз білдіріп.
Рас, кеше өзімен бірге жұмыс істеп, кеншілік еңбектің ыстық, суығын бірге көрген жігіттердің көбі денсаулығына байланысты еңбек демалысына кеткен. Олардың орнын жастар басыпты. Бұрынғыдан келе жатқан Ахан Қожахметов, Жандос Атаханов өз істерімен кейінгі келген кеншілерге үлгі болуда. Ахан осы салада 30 жылдай тер төксе, Жандостың жер астындағы еңбек өтілі 15 жылдан асыпты.
Әңгімеміздің басында бригадада жоғары марапаттарға ие болып жүрген жігіттер аз емес дегенді айтып қалдық қой. Бұл риясыз шындық. Аталмыш бригаданың бригадирі Қайрат Жұлдызғалиев осыдан біраз жыл бұрын ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін таққан екен. Биыл соның екіншісінен үмітті. Жандос Атаханов та осы құрметті атаққа ұсынылғандардың қатарында. Ахан Қожахметов та осы санаттағы жігіттердің бірі.
Қысқасы, Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтаның №17 теміржол учаскесінде тер төгіп жүрген Қайрат Жұлдызғалиевтің бригадасы өздерінің төл мерекелерін барынша лайықты қарсы алып отыр. Олар алдағы уақытта да кеніш табысының тайқазанын тасытуда еселі еңбек ете беретін болады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.