«КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы – тау-кен, байыту мен металлургия және аралас өндірісте 56 мың мүшесі бар іргелі қоғамдық құрылым. Сол ондаған мың адамның сеніміне селкеу түсірмеуді көздеген ол өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді.
Таяуда көпшілікті толғандырып жүрген бірқатар сауалды «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының төрағасы Уәлихан НҰРЖАНОВҚА қойған едік.
– Уәлихан Қуанышбекұлы, әңгімені Қоян жылының қорытындысынан бастасақ. Өткен жыл «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының қызметіне қандай өзіндік өрнек қалдырды?
– Қандай кәсіподақ ұйымы болмасын, оның негізгі міндеті – өз мүшелерінің мүддесі мен құқығын қолдау және қорғау болып табылады. Сондықтан, құрылғанына биыл бір мүшел толатын «КәсіпҚорған» кәсіподағы осы міндет үдесінен шығу үшін заң шеңберінде өз қызметін тиянақты атқарып келеді. Кәсіподақ – еңбек қатынасының тек бір тарабы. Оның екінші басты серігі, яғни біздің әлеуметтік әріптесіміз – жұмыс беруші, демек, компания мен кәсіпорын иесі және өкілі.
Ел арасында тарап кеткен бір қисынсыз түсінік бар: кәсіподақ өз мүшесінің мүддесін қорғау үшін жұмыс берушімен әрдайым текетіресте болып, онымен күрсеуі қажет. Шынтуайтында, жұмыс берушінің де, жұмыскерлер өкілі – кәсіподақтың да міндеті біреу, ол – өндірісті дамыта отырып, алынатын өнімді сапалы да мол мөлшерде шығара отырып, ел экономикасының дамуына, еңбеккерлердің әл-ауқатының жақсаруына күш салу.
«КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы «Қазақмыс» компаниясымен, аутсорсингтік кәсіп-
орындармен бұл бағытта тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Кәсіпорындар межелеген өндірістік көрсеткіштердің орындалуына қол жеткізіп отыр. Соның арқасында еңбеккерлердің жалақысын біршама көтеруге қол жеткіздік. Бүгінде біздің кәсіпорындардағы жалақы мөлшері сала бойынша ең жоғары деңгейде деп айтуға болады.
Өткен жылы Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерімен келісім жасалды, олар арқылы салалар бойынша еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар. Жаңадан құрылған Көлік министрлігімен де келісім жобасы дайындалуда.
«КәсіпҚорған» жұмыс берушілермен бірлесе отырып, еңбеккерлерді ынталандыру шараларына да белсене атсалысып келеді. Тек өткен жылы ғана кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен 427 адам «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы», «Құрметті кенші», «Құрметті металлург», «Құрметті энергетик», «Еңбек сіңірген энергетик», «Үздік автокөлікші», «Құрметті құрылысшы» салалық төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің жұмыс комиссияларында еңбек қатынастары мен кәсіподақтарға қатысты заң жобаларын дайындап, талқылауға белсенді түрде қатысып келеміз. Былтыр компаниядағы басқа кәсіподақтармен бірлесіп, ауыр және зиянды өндіріс еңбеккерлерін мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығару қажеттігін айтып ел Президентіне жолдау жасадық.
Нәтежиесі – зейнеткерлікке шығару жасын әзір шегерген жоқ, бірақ осындай өнді-
рістердегі еңбеккерлерге 55 жастан асқан соң төленетін арнайы өтемақы заңмен бекітілді, ол осы жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енді. Бұл арнайы өтемақы мәселені түбегейлі шешпейді, сондықтан бұл бағытта әлі де жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар кәсіподақтар туралы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу немесе оны түбегейлі қайта шығару қажеттігі де туындап отыр.
– Еңбек қорғау мен қауіпсіздік техникасы – өндірістің ортасында жүргендерді ғана емес, қалың көпшілікті толғандыратын өзекті мәселе. Осы бағыттағы жұмысты жолға қою бағытында кәсіподақтың, әсіресе, оның кәсіпорындардағы бастауыш буынының атқаратын рөлі қандай?
– Еңбек қауіпсіздігі, еңбеккерлерге жұмыс орнында қажетті жағдай жасауды бақылау – кәсіподақтардың жұмыс берушілермен бірлесіп атқаратын жұмысының маңыздысы деп айтуға болады. Еңбек кодексінің 203-бабына сәйкес кәсіподақтар бұл жұмысты кәсіпорынның ішкі бақылауына енетін еңбек қауіпсіздігінің өндірістік кеңестері арқылы жүргізеді. Олардың құрамына кәсіподақ ұйымдарының 251 еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторы енген.
Олар жыл бойы 4352 тексеріс жүргізіп, жіберілген 4338 олқылықтың жойылуына қол жеткізді. Өкінішке орай, кәсіпорындардағы өндірістік кеңестер олқылықтың алдын-алумен, оны болдырмаумен емес, көбіне кемшілік жіберген адамды жауапкершілікке тартумен айналысып келеді. Егер әрбір тәжірибелі жұмыскер қасындағы әріптесінің еңбек қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауын қадағалап отырса, бақытсыздық жағдайы тіптен аз болар еді. Осыған қол жеткізу – біздің басты мақсатымыздың бірі.
Негізі «Қазақмыс» пен аутсорсинг кәсіпорындары еңбек қауіпсіздігіне үлкен басымдылық береді. Ұжымдық келісім-шартта бұл бағытқа, жаңа технология мен техниканы өндіріске енгізуге, өндірістік-тұрмыстық қызмет көрсететін орындардың (асхана, жуынатын, шешінетін, киім кептіретін бөлмелер, т.б.) материалдық негізін нығайтуға, сапалы жұмыс аяқ киімімен, қорғаныш құралымен қамтамасыз етуге қосымша қаржы көзі қаралған. Жұмыста бақытсыздық жағдайын болдырмауға бағытталған ынталандыру шаралары да қарастырылған. Кісі өліміне әкеліп соққан оқиғалардан соң, жоғарда аталған іс-шаралардың нәтижесі жоққа шығып жатады.
– Әрине, өр тынысты өндіріс шипажай немесе медициналық мекеме емес. Қанша дегенмен адамның денсаулығы сыр беріп қалады. Оларды сауықтыру мен сақтандыруға қатысты кәсіподақ тарапынан қандай шаруа тындырылуда?
– Сақтандыру шаралары, әлбетте, жұмыс берушінің мойнында. Ал, сауықтыруға келсек, өз мүшелері үшін оның бір бөлігін «КәсіпҚорған» мойнына алған. Егер «КәсіпҚорған» құрылғанға дейін біздің еңбеккерлер тек Сарыағаш пен Мойылды шипажайларында емделсе, бүгінде Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының он шақты емдеу-сауықтыру санаториі мен профилакторийінде ем қабылдай алады. Тек өткен жылы «КәсіпҚорған» арқылы екі мыңнан астам кәсіподақ мүшесі ем-дом алып, оған 262 млн. теңге жұмсалды. Кәсіподақ мүшелерінің балалары жыл сайын сауықтыру лагерлерінде демалады.
– Денсаулыққа аймақтың экологиялық жағдайы мен шөлайтты климаты елеулі әсер ететінін де жоққа шығара алмаймыз…
– Әрине, сөз жоқ! Металлургиялық өндірістің қоршаған ортаға, сонымен қатар адам денсаулығына келтірер зияны баршылық. Компания басшылығы өндірісте
зиянды қалдық мөлшерін азайтатын технологияны енгізу бағытында жұмыс жасап жатыр. Біз өз тарапымыздан еңбеккерлерге еңбек демалысына шыққанда денсаулығын оңалту үшін белгілі бір мөлшерде өтемақы көлемін қарастыруын жұмыс берушілердің алдына мәселе ретінде көтеріп келеміз.
Кейбір кәсіпорында ілгерілеушілік бар екенін айтып өту керек. Осыны түпкілікті бір жақты етуге жұмыс жасайтын боламыз және «КәсіпҚорған» кәсіподағы тарапынан берілетін емдеу-сауықтыру жолдамасын қаржы мүмкіндігіне қарай көбейтеміз бе деген ой бар. Кәсіпорындар болса өз еңбеккерлерін жыл сайын тегін медициналық бақылаудан өткізіп отыруға, оларды емдеу мекемелерінде сауықтыруға бөлінетін қаржы мөлшерін ұлғайтуға мүдделі. Бұл жұмысқа да Ұжымдық шарттар арқылы бақылау жасайтын боламыз.
– «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаған. Тәмсілдің түпқазығы таза әрі сапалы тағам туралы екені де анық. Күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктің үш түрі ғана шығарылатын біздің облыста оның бағасы болса аспандап тұр. Кейбіреу сол қымбатшылыққа «Қазақмыстағы» жалақының жоғары болғаны әсер ететінін алға тартып жүр. Сіздің пікіріңіз?
– Нарықтық жағдайда не нәрсенің бағасын анықтайтын сұраныс пен ұсыныс қой. Әрине, біздің еңбеккерлердің жоғары жалақысы бағаның да көтерілуіне әсер етеді. Өйткені, өзіңіз айтқандай ұсыныс аз да, сұраныс баршылық. Бұл мәселені компания басшылығы жергілікті атқарушы билікке қойып жүр, оны шешудің де жолдарын бір кездері қарастыруды бастағанбыз. Сәтбаевпен екі ортада ірі сауда орны арқылы азық-түлік, тауар бағасын түсіру көзделген.
Сөз соңына айтарым, еңбеккерлердің, өз мүшелерінің мүддесін білдіру мен қорғауда кәсіподақтың болашағы бар. Тек, бір «әттеген-ай» – еңбеккер мүддесін қорғайтын кәсіподақтар арасында берік ымыра-бірліктің болмауы, әрқайсысы «көрпені» өзіне тартып, ортақ істе бір-біріне кедергі жасауы. Қазір кейбір кәсіпорында 3-5 кәсіподақ ұйымы бар, олар тартысып жүргенде, еңбеккер мүддесі кейде тасада қалады. Осы жағдайды шешсек, жұмысты еңбек адамына қамқорлық жасауға, қолдауға, қорғауға бағыттасақ, қарапайым еңбек адамының, өз мүшеміздің сеніміне ие боларымыз, ел экономикасының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосарымыз анық.
– Ақтарыла айтқан ашық әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.