«Қазақмыстың» Жезқазған аймағындағы өндіріс нысандарының әр буынынада еңбек етіп жүрген еңбеккерлер өз саласында озат маман ғана емес өнерімен,спорттағы жетістігімен көпшілікті тәнті етіп келеді. Олардың мұндай қарым-қабілетінің ашылуына септігін тигізіп отырған түрлі деңгейдегі мәдени-спорттық шаралар екені түсінікті.
Өндірістегі өрендерді қолдау мақсатында тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «JastarBolashaq» Жастар одағы жыл сайын қазақмыстықтар арасында жазғы және қысқы спорт түрлерінен спартакиадалар ұйымдастырып келеді. Биылғы жылдың жазғы спартакиадасы да қос ұйымның бірлескенінің нәтижесінде сәтті басталды. Жақында үстел теннисінен әуесқойлар арасында турнир өтіп, үздіктер анықталды. Кәсіподақтың Жезқазған филиалы көшбасшы болған тартысты бәсекеде кіл мықтылар жеңіс тұғырынан көрінді.
Үшінші жыл қатарынан өткізілген турнирде қарсыластарын шаң қаптырған «Жезқазғантүстімет» ӨБ еңбеккері Қуанжан Әлмағанбетов пен құю-механикалық зауытының намысын қорғаған Кристина Герберсгаген үшінші мәрте чемпион атанды. Осылайша бұл турнирде екі чемпионның аты шықты.
ІІ және ІІІ орынның жүлдесіне іліккендер сапында Жезқазған байыту фабрикасынан Әсел Ғабасова, Жезқазған мыс қорыту зауытынан Қуаныш Марғарапов, бірыңғай қойма шаруашылығынан Салтанат Бейсенова мен электр жабдықтарына қызмет көрсету басқармасынан Айдос Қалихан бар.
– Үшінші мәрте чемпион атағына лайықты ойын көрсеттім деп ойлаймын. Мұндай жарыстар еңбеккерлердің әуесқой болса да шұғылданып жүрген спорт түрінде жетістікке детуіне жол ашады. Осы спартакиаданы үзбей ұйымдастырып келе жатқан «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы мен «JastarBolashaq» Жастар одағына айтар алғысым шексіз. Осы турнир арқылы үстел теннисін серік етіп жүрген азаматтар бір алаңда бас құрап, бір-бірінің шеберлігін көзбен көру мүмкіндігіне ие болды деп ойлаймын, – дейді турнир чемпионы Қуанжан Әлмағанбетов.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.