Биылғы жылы Жезді кен орнының ашылғанына 80 жыл толып отыр. Марганец өндірісінің қаһарман тарихы от-жалынға оранған 1942 жылдан басталады. Соғыстан кейінгі жылдары Жезді кенішіне жаңа толқын жоғарғы оқу орындарын бітірген білімді жас тау-кен инженер мамандары келе бастады. 60-80 жылдары Жезді кен өндірісінде жергілікті жерден шыққан кен өндірісінің жетекшілері, білікті мамандар жұмыс істеді. Бекет Аймағанбетов, Сәруар Жақыпбеков, Аманжол Дәукенов, Жақан Махмутов, Жолтай Әшірбеков, Ниязғали Жайсаңбаев, Аман Құрманов, Дәуімбай Молдабеков, Анатолий Сокол, Қайролла Ермеков сынды өндіріс басшылары кен өндіруге өз үлестерін қосып, Жезді кеніші отандық металлургия заводтарын марганецпен қамтамасыз етіп тұрды.
Жезді кенішінің өндіріс саласында тамаша жаңалықтар өмірге келіп, нағыз тау-кен өндірісінің мамандар мектебі қалыптасып, кен байыту фабрикасы, № 5-6 шахталар, «Жақсы қотыр» карьері ашылды. Сол кездегі тау-кен инженерінің бірі Бекет Ұрмағанбетұлы Аймағанбетов. Ол 1936 жылы Жезді өзенінің бойындағы Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Алғашында Қарабұлақта, кейіннен Жездіге қатынап оқып, орта мектепті үздік аяқтады. Туған өлкесіндегі кен өндірісіне өз үлесін қосу ниетінде тау-кен инженері болуға шешім қабылдады.
1959 жылы Қарағанды қаласындағы Еңбек Қызыл ту Орденді политехникалық институтын аяқтап сол кездегі Марганец, кейін Жезді деп аталған туған мекеніне кенші инженері болып оралды. Еңбек жолын шахтада тау-кен мастерінен бастап, тау-кен өндірісінің барлық салаларын меңгеріп, басшылық мектебінен өтті. 1960-76 жылдардан №5, №6 шахталарының учаске басшысы, кейін шахта бастығы, жаңадан ашылған «Жақсы қотыр» ашық карьерінің басшысы болып қызмет атқарды. Аймағанбетов білімді басшы, іскер ұйымдастырушы бола білді. Шахтаға бастық болғанда күн демей, түн демей жер астына түсіп, кеншілердің жұмыс орнын, олардың жағдайларын тексеріп, көріп шығатын.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары бұл өндіріс Одақтағы марганец өндірісінің шын мәніндегі флагманы бола білді. «Уралгипроруда» «Уралмеханобр» ғылыми-зерттеу институттарының инженерлік жобалары кен өндірісінде сәтті тәжірибелер өткізді. Кен инженері Б.Аймағанбетов өз жұмысына берілген, қызметіне тиянақты, өте білімді басшы болатын. 1977 жылдан бастап зейнеттікке шыққанға дейін Жезді кен басқармасының өндірістік-техникалық бөлімін (ПТО) басқарды, басқарманың бас инженері міндетін де атқарды.
Өндірістік-техникалық бөлім қызметі Кеңес Одағының қара металлургия министрлігінің Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы «Уралруда» өндірістік кен бірлестігімен тығыз байланыста болды. ӨКБ бас директоры, Социалистік Еңбек Ері Михаил Горшколеповтың жетекшілігімен «Уралруда» бірлестігінің мамандарымен бірге марганец кенін игерумен айналысатын «Орталық», «Үшқатын», «Жақсы қотыр» т.б. кеніштерінің жобаларын зерттеп, әзірледі.
Алған білімі, еңбектегі тәжірибесі кеніштің өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы ретінде «үлкен білімді, білікті маман» деген атақ, абырой әперді. Бұл оны жоғарғыда айтқандай шахта, карьер көлеміндегі басшы емес, жалпы кеніштің өндіріс саласындағы жоғарғы дәрежедегі маманы ретінде танытты.
Өндірістің қай саласында болмасын қызмет атқарған Бекет Аймағанбетов кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен, ісіне адалдығы, жауапкершілігімен ерекшеленді. Ол кісі барлық күш-жігерін, білімін өндіріске арнады.
Бекет Аймағанбетов 90 жылдардың соңында зейнетке шығып, 2000-2003 жылдары Жездідегі тау-кен және балқыту ісі музейінің тау-кен бөліміне аға ғылыми-қызметкер болып қызмет істеді. Өлкенің тарихын зерттеуге, Жезді марганец кенішін өндірістік тарихының ашылмаған беттерін ашуға өз үлесін қосты. Оның ғылыми жұмыстары кен өндіру процесіне, тау-кен ісінің технологияларына арналды. Талдысайдағы ежелгі металлургия пештері зерттеуге, сол жердегі археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты.
Уақытында Жезді кенішінде еңбек етіп, Жезді кенін жаңа технологиялар мен өндіруге өз үлесін қосқан, кеніштің тарихына да өз ізін қалдырған инженер-маман Бекет Ұрмағанбетұлы Аймағанбетов білімді, зиялы адам еді. Туған жердің осындай азаматтары мақтауға да, мақтануға да лайық.
Мұхиден Уатаев, М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің әдіскері.