Бұдан бір жыл бұрын, былтыр 5 шілдеде ол кеншілер қаласына әкім болып тағайындалды. Өндірісте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген жас жігіттің жаңа қызметіне жұртшылық сыни тұрғыда қарағанын сездік. Өткен уақытта ондай көзқарастың жағымды жағына қарай өзгергенін де байқадық.
Жақында Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат БӨРІБАЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.
– Мұрат Ерболатұлы, кеншілер қаласының басшылығына Сіз биліктің баспалдағымен емес, тікелей өндірістің өңешінен келген адамсыз. Қалаға бас-көз болу мен байыту фабрикасында концентрат алуға жетекшілік жасаудың айырмашылығы жер мен көктей екені белгілі. Алғашқы әсеріңіз қандай болды? Қазір қандай ойдасыз?
– Иә, рас айтасыз, мен бұл қызметке биліктің баспалдағымен емес, өндірістің қалың ортасынан келдім. Жылдар бойы байыту фабрикасында жұмыс істеп, еңбек адамдарының қуанышы мен қиындығын бірге көрдім. Концентрат алу – нақты есеппен, тәртіппен, үнеммен жүретін шаруа. Ал, қала басқару – бұл одан да күрделі: мұнда әр шешім мыңдаған адамның өміріне тікелей әсер етеді.
Алғашқыда, мойындаймын, оңай болған жоқ. Жаңа салалар, күрделі жүйелер, әкімшілік пен қоғамдық жауапкершіліктің жүгі – бұлар өндірістегі технологиялық процестерден мүлде бөлек. Бірақ, қиындық маған жат емес. Өндірісте үйренген тәртіп пен табандылықтың арқасында біртіндеп бейімделіп, істі игере бастадым.
Қазір айтарым: менің көзқарасым өзгерген жоқ. Қайда жүрсем де, ең басты мақсат – халыққа қызмет ету. Қала – бұл үлкен ұжым. Ал, біз – соның бір бөлшегіміз. Ең бастысы, халықпен бірге болып, оларды тыңдай білу керек. Сол кезде ғана қала дамиды, ел сенеді.
– Бір жиында: «Келесі жылды қоя тұрайық, оның да уақыты келеді. Биылға не жоспарланып еді, не орындалмады? Орындалмаса, оның себебі неде?» деп, құр сөзден қуырдақ қуыруға әуес шенеунікке тосқауыл қойғаныңызды көріп, қатты риза болған едім. Бұл сауалым сол сипаттас: қалаға әкім болып келгенде қандай ой-жоспарыңыз болды, соның қаншасы іске асты?
– Мен өзім де құрғақ есеп пен жалпылама уәдені ұната қоймаймын. Әр істің өлшемі – нақты нәтиже.
Қалаға әкім болып келгенде, басты үш бағытты өзіме бағдар еттім: біріншісі – жылу жағдайы, екіншісі – инфрақұрылымды жаңарту, үшіншісі – қала тұрғындарының үнін еститін ашық әкімдік құру.
Бір жылда не істелді?
Ең алдымен, жылу мәселесіне аса көңіл бөлінді. Өзіңіз білесіз, біздің жылу беру қазандығы 60 жылға жуық қызмет етуде. Әбден тозығы жеткен. Тек 5 ықшам ауданға арнап салынған қазандықтар. Бүгінде екі есе өскен қаланы жылытуға қауқары әрең жетуде. Сол себепті, қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Биылғы жылу беру маусымы ойдағыдай деп айтпасақ та, апатсыз өтті.
Тағы бір мәселе жылу желілерінің тозығы жеткен. 50 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Биыл №1,2 жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте, жол мәселесін де айтып кетуім заңдылық. Қаладағы жолдың жағдайы сын көтермейді. Оны жасырмаймыз, мойындаймыз. Биыл тек 8 көшеге ғана орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, жер астымен өтетін жылу желілерінің құбырлары ауыстырылады. Биыл жол жөндеп, келер жылы оны қазу дұрыс болмас еді.
Енді орындалмаған істер жайлы айтар болсам, бір жылдың ішінде шешіле салатын мәселе жоқ. Мәселен, апатты үйлерді жөндеу, жылу жүйесін толық жаңарту, экология мәселелері – мұның бәрі үлкен қаражат пен ұзақ дайындықты қажет етеді.
Жоспар көп, бірақ мен үшін ең маңыздысы – уәде мен істің арасы алшақ болмауы. Сол бағыттан таймай, нақты жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Қолдау білдіріп, сын айтсаңыздар – мен тек қуана қабылдаймын.
– Енді болашаққа болжам жасап көрейік. Келешекте кеншілер шаһары қандай болуы керек? Ол үшін жасалып жатқан жұмыстың жөн-жобасы қандай?
– Кеншілер қаласының келешегіне қатысты менің ойым – анық әрі нақты. Бұл қала тек кен өндірумен ғана емес, заманауи инфрақұрылымы, жайлы тұрмысы және әлеуметтік тұрақтылығымен ерекшеленетін шаһар болуы керек.
Менің арманым – осы жердің тұрғыны «менің балам басқа жаққа емес, осында қалып, еңбек етіп, өмір сүрсе екен» деп ойлайтындай деңгейге жеткізу. Ол үшін бізге мынадай негізгі бағыттармен жұмыс істеу қажет:
- Экономиканы әртараптандыру
Кен өндіру – негізгі тірек, бірақ соған ғана сүйеніп отыра алмаймыз. Қалада шағын және орта бизнесті дамытуға нақты жағдай жасау – басты міндеттің бірі. Қазірдің өзінде индустриалды аймақ құру, кәсіпкерлікке жеңілдетілген инфрақұрылым ұсыну басталып кетті.
- Қаланы көгалдандыру және экология
Кеншілер қаласы ауыр өндірістің орталығы болғандықтан, экология мәселесі өткір. Алдағы жылдары қаланы жасыл аймаққа айналдыру, жел сүзгілері мен шаң-
тозаңға қарсы шараларды күшейту жоспарланған. Біз тек өндірістен емес, табиғатпен үйлесімнен де ұтып шығуымыз керек.
- Жастарға жағдай жасау
Білім алу, кәсіп үйрену, жұмыс табу, тұрғын үйге қол жеткізу – жастардың болашағы осы төрт бағытпен тікелей байланысты. Біз солардың әрқайсысын жүйелі қолға алып жатырмыз. Жастар кететін емес, керісінше осында келетін қала болуға тиіс.
– Қалада түйіні шешілмеген мәселе баршылық. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым қатты алаңдатады. Қазір халық белсенді. Әлеуметтік желінің қызуы бет қаратпайды. Сыни тұрғыдағы жазбаға қалай қарайсыз?
– Дұрыс айтасыз, қалада түйіні тарқамаған мәселелер аз емес. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым – мектеп, балабақша, емхана, спорт нысандары – халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Бұл салада жылдар бойы қордаланған проблемалар бар, оны жасыра алмаймыз.
Бүгінде халық бұрынғыдай үнсіз емес, белсенді, талапшыл. Әлеуметтік желілерде сын көп, кейде қатты айтылып жатады. Бірақ, мен оған жағымсыз дүние деп қарамаймын. Керісінше, сын – қоғамның жан айқайы, ескеріп, талдап, түзетуге мүмкіндік беретін кері байланыс көзі.
Шындыққа жанасатын сын болса – мен тек ризамын. Себебі, кейде жергілікті деңгейдегі мәселелерді сол әлеуметтік желіден бірінші болып біліп отырамыз. Бұл – шын мәнінде, әкімдік пен халық арасындағы диалогтың бір түрі. Ал, диалог жоқ жерде, даму да жоқ.
Сынға қарсы қорғанудың жолы – ашықтық пен нақты жұмыс. Біз сыннан қашпаймыз, керісінше, сол арқылы өсуге, түзетуге, өзгертуге тырысамыз.
– Сіздің жаңашылдығыңыз бен батыл қадамдарыңызды тұрғындар қалай қабылдайтынын көріп, біліп отырмыз. Мәселен, басшылардың, оның қатарында өзіңіз де барсыз, көше аралап, мәселені шұғыл шешуге ұмтылысы, сондай-ақ, тұрғындармен кездесудің жылына екі рет емес, шағын аудандарда ай сайын өткізілуі… Бұл идея қайдан, қалай туды? Нәтижесі сезіле ме?
– Қазір бұрынғыдай бір-екі есеппен шектеліп қалатын заман емес.
Халықты тыңдамасаң, тек қағазға қарап шешім қабылдасаң – нақты өмірден алшақтап кетесің.
Сол себепті, «жұртты күтпей, өзіміз барайық» дедік. Әр шағын ауданға шығып, көшені аралап, үйлердің ауласын көріп, тұрғынның көзіне қарап сөйлескенде ғана мәселенің түп-тамыры ашылады.
Ал, ай сайын кездесулер өткізу – жай көзбояушылық емес. Бұл – жүйелі жұмыс тәсілі. Жылына бір-екі рет жиналып, бәрін сол кезде шешеміз деу – бүгінгі белсенді азаматқа жеткіліксіз.
Басты нәтиже – сенім. Адам бізге бұрынғыдай арыз жазып емес, бетпе-бет келіп, пікірін, талабын айта алады. Екіншіден, мәселені сол жерде бірге көріп, тиісті басшыларды шақырып, дереу шешу мүмкіндігі туады.
Бір ғана мысал: бұрын бір көше жарықсыз жатса, қағазбен жүріп бірнеше апта өтетін. Қазір сол көшені өзіміз аралап өтсек, сол аптада шешіледі. Себебі, жауапкершілік көзбен көрген сәттен басталады.
Бұл тәсілдің артында үлкен еңбек бар. Бірақ, менің түсінігімде әкім – тек тапсырма беріп отыратын адам емес. Әкім жұртпен бірге жүріп, бірге тыңдап, бірге шешетін адам болуы керек. Біз соған қарай бет алдық.
– Соңғы сауал. Оқырмандарды елдің аузында жүрген әкімнің жеке өмірі мен отбасы да қызықтырады. Ендеше, олардың да тілегін орындаған дұрыс болар.
– Иә, халықтың тек қызметіңе ғана емес, адами болмысыңа да қызығушылық танытатынын түсінемін. Бұл – табиғи нәрсе. Сол себепті жеке өмірім туралы қысқаша айта кетейін.
Мен 3 баланың әкесімін. Ата-анаммен тұрамын. Әкем құқық қорғау органдарында қызмет еткен, анам – ұстаз.
Бүгінгі атқарып отырған қызмет – отбасым үшін де сынақ. Себебі бұл – уақытпен санаспайтын жұмыс. Бірақ, менің үйдегі жақындарым оны түсінеді, қолдайды. Сол үшін де оларға шексіз ризамын!
– Мұрат Ерболатұлы, бүкпесіз, ашық әңгімеңізге рахмет! Қазақта: «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген сөз бар. Бұл күрделі сөйлемнің бірінші бөлігін толық орындадыңыз. Енді, екінші бөлігін ойдағыдай орындауыңызға тілектеспіз.
Әңгімел
ескен Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ