Жезқазған – Ұлытау төңірегінің тарихын бағамдай білген жанға тасада қалып, есімі ұмыт қалған тұлғалар жиі кездеседі. Өз дәуірінде ел-жұртына шапағаты тиіп, ауыл-аймағының қошеметін көрген жандардың есімі мен еңбегін ұлықтау бізге парыз. Өңір тарихының ақтаңдақ бетінде ұмыт қалған есімнің бірі Қостай Қозыбағарұлы – темірден түйін түйген ұста болған жан.
Қостай Қозыбағарұлы шамамен 1840 – 1925 жылдар аралығында өмір сүріп, Ұлытау өңірінде ұсталық, зергерлік өнерімен айналысқан. Қазақ халқының қолөнері өте бай, ата-бабаларымыз киіз үй жакбдықтарын, сандық, күбі, кебеже, аттың ертұрмандары т.б. заттарды әртүрлі ағаштардан дайындаған. Ал зергерлік бұйымдарды әртүрлі әдістерді пайдалана отырып, алтын, күміс басқа да құңды асыл тастармен безендірген. Мысалы: жүзік, сырға, бойтұмар, шашпау, өніржиек т.б. заттарды асыл металдарды балқыту арқылы дайындаған. Атамыз туралы осы Жезқазған – Ұлытау өңіріне белгілі дәрігер Өмірбек Мұқанов ақсақалдың көнекөз қариялардың аузынан естігені кезінде Амангелді Иманов жауынгерлеріне қылыш, әртүрлі керекті құралдарды дайындаған деп айтатын. Батырдың қарындасына және атамыздың келініне асыл бұйымдардан сырға, білезік, жүзік жасап, сыйға тартқан екен. Ұста атамыз жайлы өңірімізге белгілі Сағындық Қожамсейтов: – Молдаш Қостайұлын бала кезімде көргенімде, ол кісі әртүрлі бұйымдар жасайтын төсі, көркі үйінің алдында тұратын. Молдаш Қостайұлына ұста атамыздың өнері жұғысты болған деп топшылайтынмын, – деп отырады.

Ұстаның немересі Әбілқасым Молдашұлының айтуынша, тапсырысқа алған жабдықтарды үйі басқа жаққа көшіп бара жатса да, қоста қалып күрке жасап адамдардың берген сұраныстарын жасап бітірмейінше сол жұртта қалып қояды екен. Әкемізден естіген тағы бір қасиеті, ол өз еңбегіне ешқашан ақы алмаған. Ұстаның өнерін бағалағандар ауылына әкеліп, өздерің жаратыңдар деп беріп кететін болған. Қостай бабамыз туралы Ұлытау ауданының Амангелді кентінде тұрған Бітімбай ақсақалдың әкесі Мәжен ақсақал жиі еске түсіріп отыратын.
Қарсақбай кентінде тұрған Құрманбаевтардың әкесі Жұмағұл ақсақал есіне алып ол кісінің жақсы істерін әңгімелейтін. Қостай Қозыбағарұлы бабамыздан Молдаш, Әшім тарайды. Молдаш баласы Әбілқасым, қыздары Тыным, Үкеш еді. Қостай атамыздың келіні Бальзам әжеміз Ұлытау өңірінің Амангелді кенті – бұрынғы Сарлық ауылының соғыс жылдары ауыл совет қызметін (қазіргі ауыл әкімі) атқарған. Үкеш апамыздың ұлы Мұса Танабаев 2006 жылдары Жезқазған қаласының әкімі қызметін атқарды. Әшім атамыздан тараған ұлдары Әбдіғали, Жұмағали, Ерғали, қыздары Зина, Дүйсенкүл, Дина осы Жезқазған өңірінде тамыр жайып, елге қызмет жасады. Әбілқасым Молдашұлынан тараған Нұрлан, Ерлан, Бағлан, Марғұлан, Ербол, Жасұлан, қыздары Ләззат, Лизат, Лиза, Лена, Жанна, Шолпан, Айман осы Жезқазған – Ұлытау, Жезді төңірегінде әртүрлі қызметтер атқарып жүр.

Тарих және оны қалыптастырушы тұлғалардың есімі ғасырлар өтсе де ұрпақ жадынан өшпейді. Қостай бабамыздың есімін келер ұрпаққа дәріптеу мақсатында Қумола өзенінің бойындағы мәңгілік мекеніне белгі қойдық.
Бабамыздың ұлт руханиятына қосқан үлесін ұрпағы жадында мәңгіл сақтаса дейміз. Қазір бабамыздың көрігі шөбересі Әбдіғалидің үйінде сақтаулы. Астана жағында зергерлік бұйымдары да сақтаулы. Әбілқасым Молдашұлының Жезді кентіндегі қарашаңырағында бабамыздың бөркі де бар.

Уақыт өтіп, ғасыр алмасуда. Алайда, ұлт тарихында тасаланып қалған тұлғаларды қайта жаңғыртып, есімін ұлықтау өткенімізді ұмытпау деп білемін.
Ерлан Қостаев,
ұстаның шөбересі,
Қ. Сәтбаев атындағы № 7 мектеп-лицейдің мұғалімі.






