Қалам тартуға себепкер болып отырған «Батыстың» құрамындағы № 67 шахта – талай еңбек озаттарының атын әйгілеген алыптардың бірі. Аталған шахтада Темірхан Мұрзатов басшылық жасайтын № 70 үңгілеу телімінің өндірістік көрсеткіштері мен қауіпсіздік саясатын жүзеге асыруда тасы өрге домалап тұр.
Геолог зерттеп, зерделеп, маркшейдер үңгілеу желісін анықтап, қадасын қағып берген бағытты үңгілеп, кеншіге жол ашушылардың табандылығының арқасында белгіленген көлемде кен өндіріліп алынуда.
Кенішке арнайы сапарымыз барысында телімнің ұжымымен тілдесіп, тыныс-тіршілігімен танысқа болатынбыз. Батыр тұлғалы, өндіріске жаралғандай телім басшысы Темірхан Қанатбекұлы алдымыздан шығып, ақжарқын кейіппен қарсы алды. Телім басшысының орынбасары Бауыржан Касетов те осы арадан табылды. Темірхан Қанатбекұлының әңгіме ауанынан аңғарғанымыз, бұл телімнің жігіттері – шахтадағы барлық кен желісіне жол ашып, табыстың көзін бастаушылар.
– «Үңгілеушілер – ен байлыққа жол ашушылар» деген тәмсіл бар кеншілердің арасында. Зерттеліп, жоспарға сай бекітілген аумақты аршып, үңгілеп беру біздің басты міндетіміз болып табылады. Өзімізге тапсырылған жұмысты қауіпсіз әрі сапалы орындауға телімнің жігіттері әбден төселген. Телімде төрт бригада бар, атап айтқанда, Досбол Аппазов, Нұрлан Кеншібеков, Қабыл Танқыбаев, Берік Нүрекеновтің бригадасы ортақ іске жұмыла кіріскенде айлық межені орындап шығады. Біздің негізгі айлық көрсеткішіміз – 130 қума метр. Осы жоспарды белгілеген деңгейден асыра орындап жүрген Берік Нүркеновтің бригадасын ерекше атап өткен жөн. Бұл жігіттер үңгілеудің айлық көрсеткішін 220 қума метрге дейін жеткізіп, жоспарды асыра орындауда.
Ұжымымыз үңгілеуші, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері Айтуған Оспановпен мақтанса, бригадирлеріміз Досбол Аппазов пен Қабыл Танқыбаевтың омырауында ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Әрине, бұл марапаттар жігіттерге өздерінің адал еңбегімен, кәсіпке деген адалдықтарының арқасында келді. Ұжымдағы кадрлардың қатарын жастар құрайды. Аға буын өкілдері тәлімгерлікпен оларды өндіріске баулып келеді. Әрбір ауысым алдындағы жиында жұмыс көлемі айқындалып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамалар беріледі. Жігіттердің жайлы жағдайда еңбек етуі жолында телім механигі Жұмабай Исахан, тау-кен мастері Ернар Тілеуов қажетті мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Кен өндіру жұмысы әуелі геологиялық барлаудан, кейін оның дұрыс бағытта бұрғыланып, тиісті деңгейде кен алынуында маркшейдердің қызметі аса маңызды. Телімнің маркшейдері Дәуіржан Бейсеновтің бұл бағыттағы жұмыстары нәтижелі. Ұжымның берілген жоспарды орындауында жігіттердің бір-біріне деген сыйластығы, қолдауы маңызды. Қазір телімде 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір үйдің баласындай ортақ мүддеге жұмылған ұжым «Батыс» кенішінің табысына табыс қосуда, – деді Темірхан Мұрзатов.
Телім басшысы Темірхан Мұрзатов.
Темірхан Қанатбекұлының кенші болуы кездейсоқ емес. Ол аймаққа аты мәлім Мұрзатовтардың әулетінен шыққан үшінші буын кенші. Атасы Сағат, әкесі Қанатбек шыңырауда шыңдалған жандар. Қанатбек Мұрзатов бүгінде «Лайықты еңбек» кәсіподағының төрағасы. Атадан балаға мирас болған кәсіпті бүгінде Темірхан Мұрзатов лайықты жалғастырып келеді. Сәтбаев қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжін тау-кен ісі мамандығы бойынша тәмамдаған бетте Темірхан Шығыс Жезқазған кенішінің № 55 шахтасына үңгілеуші болып жұмысқа қабылданды. 8 жыл осы кәсіптің бар қыр-сырын үңгілеуші бола жүріп меңгерді. Бригада басқарды. Енді міне, алып шахтадағы ен байлыққа түрен салушы телімнің тізгінін ұстап отыр. Қарағанды техникалық университетінің түлегі. Кеудесінде ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Бұл беделге Темірхан Қанатбекұлы кен өндірісіндегі ерен еңбегімен жетті.
«Тыңға түрен салушылар» деп әспеттелетін үңгушілердің шахта астындағы қызу еңбегі кен алудың бастамасы деп бағаланады. Үңгілеу жұмыстары дұрыс әрі қауіпсіз жүзеге асқан жағдайда кен бұрғылау да нәтижелі болмақ. Осы жауапты шаруаның тігісін жатқызып, қауіпсіз үңгілеуде жетістікке жетіп жүрген Мұрат Әбішевті әріптестері «үңгілеудің шебері» деп құрметтейді.
Мұрат Қанатұлы – қасиетті қарт Ұлытаудың тумасы. 2007 жылы «Қазақмыс» корпорациясының технологиялық колледжінен тау-кен ісі, соның ішінде үңгілеуші мамандығының дипломын алған жас маман осы телімге келді. Ол кезде бұл №6 телім болатын. Кенші мамандығына бет алған жастың талпынысын ұжымдағы аға буын қолдап, қабілетін шыңдады. Оқу орнындағы ойға түйгені мен ағалардың тәжірибесін ұштастырып, мамандықты тез меңгеріп кетті. Сол кездегі бригадир Серғали Асылбеков, тәлімгері Ғалымжан Тұрсалин Мұраттан көп үміт күтті. Бетін қақпады, қайта белін буды. Түбінде мықты үңгілеуші шығатынына сенім артты.
Озат үңгілеуші Мұрат Әбішев
– Қай істің бастауында болсын аға буынның тәлімі мен тәжірибесі тұратыны хақ. Мен осында келгенде қолдау білдіріп, талабымды ұштаған сол кездегі ағалардың ыстық ықыласын ұмытқан жоқпын. Сол кісілердің жол нұсқауымен бүгін кәсіби тұрғыда шыңдалған маман дәрежесіне жеттім. 2017 – 2020 жылдары бригада басқардым. Осының барлығы маған деген ұжымның қолдауы деп білемін. Қазір «Epiroc Boomer» деп аталатын техникамен кеншілерге жол ашып жүрмін. Осы жылдар ішінде Ардақ Тайкуленов, Жалғас Нұрмағанбетов, Ахан Маймышев сынды азаматтар тәлімімде шыңдалды, – деді Мұрат Қанатұлы.
Кен өндірісінде 17 жыл еңбек өтілі бар Мұрат Әбішевтің де салаға қосқан үлесі бағалаусыз қалмады. Басшылықтың шешімімен оған ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі берілді. Ұжымында абыройға кенелген үңгілеуші Мұрат Әбішевтің ортақ мүддеге жұмыла тер төгуі – кәсібіне адалдығының белгісі.
«…Жер асты – көгілдір тау, құлама жар,
Жер үсті – көк тіреген мұнаралар.
Көлбеп жатқан көк тасқа сына қағар,
Кеншілер – кереметтей ғұламалар…» – деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, жетіқат жер астындағы қазба байлықтың көзін ашып, кен алған кеншілердің тынымсыз еңбегі күнбе-күн уақытпен санаспай жалғасып жатыр. «Батыстық» кеншілердің бүгінгі жетістігі өздерінің маңдай терімен жеткені деп білеміз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.