«АҚ ЖОЛ» Демократиялық Партиясы Республикалық штабының өкілдері Ұлытау облысындағы үгіт-насихат науқанын қазақ хандығының арғы атасы саналатын Жошы хан кесенесіне барып тағзым жасап, құран бағыштаудан бастады. Бұдан соң партия төрағасының орынбасарлары Қазыбек Иса мен Берік Дүйсембинов Жезқазғанға келіп, өңірдегі партия филиалының мүшелерімен және сайлаушылармен кездесті, баспасөз конферециясын өткізді. Бас қосу барысында алдағы сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарына назар аударылды.
«Ақжол» партиясының 17 тармақтан тұратын бағдарламасында тұрақты дамудың негізі – бәсекелестік және жаппайк әсіпкерлік, Тәуелсіздік бастауында Алаш ұлттық идеясы тұруға тиіс деп санайды. Сондай-ақ, білімді ұлт және әділ қоғам, еңбекпен қамту арқылы жұмыссыздықты қысқарту, тұрғынүймен қамтамасы зету, демократия мен парламентаризмді дамыту, жемқорлықпен, оффшорлармен күресу басты бағыттары болып табылады. «Тәуелсіздіктің бастауында қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің негізі ретінде Алаш ұлттық идеясы жатыр. Қазақ елі үшін Алаштан артық идея жоқ», – депсанайды «Ақжол» партиясыныңсеркелері.
– Біздің сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанымызды қасиетті Ұлытаудан бастауымыздың үлкен мәні бар, – деді «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса. – Жошы хан қазақ хандығының негізін қалағанәлемге танымал тұлға, Алтын Орданың атасы. Ал, Алтын Орданың негізінде қазақ хандығының құрылғанын ескерсек, тарихымыздың тамыры Ұлытауда жатқанына көзіміз айқын жете түседі. Биыл Жошыханның таққа отырғанына 800 жыл толғалы отыр. Бұл тарихи дата мемлекеттік деңгейде тойлануға тиіс. Бағзы заман тарихын балбалтастарымен айшықтап тұрған бұл қасиетті өлкенің тарихы тым тереңге тартатыны белгілі. Көк аспан астын жаулаған көк түріктерден, Ұлықұлыс пен Алтын Ордадан бастау алып қанатын кеңге жайған Қазақ хандығының тамыры да Алаш ұстанымымен ұштасады, осының барлығы бір-бірімен сабақтасып келеді. Біздің бағдарламамыздың өзегінде де Алаш идеясы жатқанын, ұлттық экономикамыздың бар екенін білесіздер. Сондықтан да, біз еліміздің барлық аймағын аралар алдындағы сапарымыздың алғашқы қадамын осы тарихы терең қасиетті өңірден бастауды жөн көрдік, – деген Қазыбек Иса одан әрі партияның қоғамдағы маңызды орнына тоқталды.
«Ақжол» партиясы 2004 жылдан бері сайлауға қатысып келеді. Бұл тұрғыда мол тәжірибесі бар. Парламенттегі оппозициялық көзқарастағы жалғыз партиямыз деп санайды өздерін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы наурыздағы халыққа Жолдауындағы алға қойылған басты міндеттерінің біразы «Ақжол» партиясының көптен көтеріп жүрген ұсыныстарының назарға алынуы десе болады. Соның бірі – Парламенттің ролін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру. Мәселен, басқа ешқандай партия мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды көтерген емес. Ұлтымыз үшін аса өзекті осы мәселені көптен бері «Ақжол» көтеріп келеді. Алаш идеясын да басқа басқа партиялар ауызға ала бермейді.
– Бұрынғы талай кедергілер мен тосқауылдардан қаймықпай өткенімізді білесіздер. «Ақжолды» әлі де аяқтан шалғысы келетін жағдай кездесіп тұрады. Партияның әрбір мүшесі бәсекелестікте бәсін жібермей алға ұмтылып, «ең күшті партия бізбіз» деген нық сенімде болып белсене жұмыс жүргізейік. «Сайлау маңызды емес, санау маңызды» демекші, дауыс беруден бастап, бюллетендерді санап, хаттама толтырғанға дейінгі барлық жағдайға жіті бақылау жасаған жөн. Осыған дейінгі әділетсіздік бұл сайлауға жүрмеуі тиіс. Әділетті Қазақстан құрамыз деген сөз рас болатын болса, сайлау комиссияларындағы жұмыстың бәрі әділдікпен адал атқарылуы керек. Қоғам да осыған дайын болғаны жөн, – деп сөзін қорытындылаған партия төрағасының орынбасары сайлауға түсіп жатқан әріптестеріне сәттілік тіледі.
Амандық РАХҰЛЫ.