Халқымыз қашаннан жерді асыраушысы санап, қастер тұтатыны белгілі. «Баптай білсең, жер жомарт» дейді. Істің көзін тауып, жерге иек артып еңбек еткен жанға үкіметке алақан жаймай-ақ бақуатты өмір сүруге болады екен. Жалпы, бізде мал өсіріп, егін егумен қатар, бау-бақша өсірудің де мүмкіндігі мол. Біреулер бұл кәсіпті ұсақ-түйек санауы мүмкін. Алайда, іс барысына бойласаңыз мүлдем олай емес екенін көресіз. Осы орайда, Жаңаарқа өңірінде бақша өсіру кәсібін дөңгелетіп, өзін-өзі қамтамасыз етумен қатар нарыққа шығарып сатуды да жолға қойған жергілікті өнім өндірушілердің іс-әрекетін көпшілікке үлгі ретінде ұсынуды жөн көрдік. Оның бірі – жылыжай шаруашылығына ден қойған Рүстем Кәрімов болса, екіншісі Жаңаарқа қарбызын брендке айналдыруды мақсат тұтқан – Сержан Түсіпбеков.
Рүстемнің негізгі кәсібі электрмен дәнекерлеуші. Кейінгі жылдарда тұрақты жұмыс орны болмай, дәнекерлеу ісімен маусымдық кезде ғана айналысатын болғандықтан жанбағудың басқа да жолын қарастыруға тура келген еді. Негізі, қолынан көп іс келеді. Темірден түйін түйеді десе де болады. Соған қарамастан ол жер үйінің аумағындағы оны-мұны егетін жерді тиімді пайдаланып, бақша шаруашылығымен айналысуды жөн көрді. Ең әуелде 2014 жылдан бастап көкөніс көшеттерін және қызанақ өсіріп, сатып көрді. Одан кейінгі бір-екі жылда төселе келе қияр егумен де айналысты. Осылайша ол бақша өнімдерін өсірудің қыр-сырынбіршама меңгеріп, мол өнім алудың жолын қарастыра бастады. Сөйтіп көкөністің ерте пісуін қамтамасыз ететін жабық құрылыс (парник) салуды қолға алды. Аумағы 200 шаршы метр болатын полиэтиленмен жабылған орында қызанақ пен қиярдың жайқалып өскенін көріп, «мынауың кәдімгі жылыжай емес пе» деген едік.
– Бұл жылыжай болу үшін ішіне пеш орнатылып, жылу тартылуы керек. Сондықтан, мен мұны бірер жылдан бері парник ретінде қолданып жүрмін. Ең әуелі бұдан да шағын жабық жерде пеш жағып ерте көктемде көшеттерімді өсіріп алып, содан соң осында әкеліп отырғызамын. Аудан орталығындағы жер үйі бар тұрғындардың барлығы дерлік огородпен айналысып, картоппен қоса қызанақ пен қияр өсіретіні белгілі. Менің мақсатым – өнімімді олардан ертерек пісіріп, саудаға шығару. Мәселен, қиярларымды маусым айынан бастап халыққа ұсынсам, қызанақты шілденің ортасынан бастап сатып жатырмын. Мол өнім алу негізінде тұқымына байланысты. Мәселен, кейінгі жылдарда мен қиярдың адам деген сортын егіп жүрмін. Өнімді біркелкі берумен қатар қиярдың бұл түрі өсімдіктің әртүрлі ауруына ұшырамайтын төзімді болып келеді. Жабық орындағы көкөністерді тамшылатып суарамын. Ал, үй айналасындағы ашық танаптарға да жаппай қызанақ пен қияр егемін. Олар арық арқылы суарылады. Сондағы байқағаным, тамшылатып суару әдісімен өсірілген қызанақ аналарға қарағанда ертерек қызарады. Әрі суға үнем. Түні бойы тамшылап, өсімдіктің тамырын ылғалдандырып тұрады. Бір түп қызанаққа кем дегенде 2 литр су, қиярға 1,5 литр су кетеді. Енді осы жабық орынды одан әрі кеңейтіп жылыжайға айналдырмақпын, – дейді Рүстем.
Оған дайындық жұмыстарын да бастап қойыпты. Үш шелек көмір салса тәулік бойы жанатын пешті өз қолымен жасап қойған. Үй жанынан ұра қазып, қыста өнім сақтайтын жертөле құрылысын салуға да кірісіпті. Қолы шебер жігіт шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтардың барлығын өзі жасайды. Ғаламтор иіріміндегі шебер қолдылардың жетістіктеріне үңіле жүріп арамшөп жұлатын құрылғы жасап алыпты. Жер жыртатын мотоблок та сондай ізденістерінің бірі. Онымен көктемде қажетсінген адамдардың бақшалық жерін жыртып беріп табыс табатыны да бар. Оның сыртында құрылыс жүргізіп, үй салғандардан дәнекерлеу жұмыстарына тапсырыс болып тұрады. Аудан тұрғындарының көпшілігі Рүстем Кәрімовті шебер дәнекерлеуші ретінде жақсы біледіекен. Талай үйдің жылу жүйелерін тартып беріп, алғыс алып жүрген жайы бар. Еңбекқор жігіт өткен жылы бір жолдасымен бірлесіп далаға қарбызда егіп көріпті. «Қарбызға құмайттау, сортаң емес жер қолайлы болады екен. Әзірше ондай жер танабы болмай тұр», – дейді ол.
Рүстем не шаруаны қолға алса датек өз қабілеті мен мүмкіндігіне сенеді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жылыжай шаруашылығы жобасын бастарда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша әкімдік арқылы 500 мың теңге қаржылай көмек алыпты. Одан берідегі шаруалардың барлығын өз күшімен атқаруда. Кәсіпкердің қазіргі басты мақсаты жабық құрылыс аумағын кеңейтіп, технологияға толық сай келетін жылыжайға айналдыру. Сол арқылы көкөністен ерте көктемнен бастап өнім алуды ойластыруда.Жалпы ол жанбағуға қатысты жұмыстың қандайынан болмасын тартынбайды. Дегенмен, көңілі бақша шаруашылығымен түбегейлі айналысқанды қалайды.Қазір жұбайы Айнұр бала күтімімен үйде отырған көрінеді.Екеуі 6 баласын мәпелеп алаңсыз өсіруде. Ең үлкені студент болса, кішілері бір жаста. Кәсібін нәсібіне айналдыра білген Рүстем бақша егіп, байып кетпесе де қазіргі бақуатты тұрмысына шүкіршілік етеді. Мұның бәрі ерінбей еңбек ете білудің арқасы екенін ол жақсы біледі.
Амандық РАХҰЛЫ.
Жаңаарқа ауданы.