19 қазан – Құтқарушы күні. Мереке қарсаңында Ұлытау облысы төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Құтқарушылар құтқару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техника мен құралдардың қалай қолданылатынын айтып берді.
Ілкімді шара аясында апаттық-құтқару техникасы мен сүңгуір техникасының көрмесі өтті. Құтқарушылар құтқару жұмыстарын жүргізудің түрлі тәсілдерін көрсетті.
Жалпы, төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез-келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс.
Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Олардың басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.