Ұлытау облысында 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтуде. 5 күнге созылатын бұл додаға 10 команда, 140-қа жуық спортшы қатысуда.
Турнир ҚР Жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Мұқашбек Амановтың 50 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылды. Мұқашбек Аманов бокспен 10 жасынан бастап шұғылданған. Өзі чемпион болмаса да, бірнеше чемпион тәрбиелеген тәжірибелі жаттықтырушы. Мәселен, Азия чемпионы Айдын Абишевты, ҚР аймақтық чемпионатының жеңімпазы Мұхтар Төлегеновты, ҚР чемпионы Ерсұлтан Назарқұловты жаттықтырды. Қазір де бапкердің шәкірттері ел намысын шет елдерде қорғап жүр. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қонақтар Мұқашбек Амановтың осы еңбегін ерекеше атап өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімі Қайрат Шайжанов бапкерге салт-дәстүр бойынша шапан жапты, естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, кеште ҚР бокс федерациясының атынан «Құрметті бокс ардагері» атты мерекелік төсбелгісі тағылды. Мерейтой иесі бүгін келген қонақтарға алғыс білдірсе, қызы өмірлік тәрбиеде әкенің орны бөлек екенін айтты.
Сонымен, турнир басталды. Былғары қолғап сайысына кіл мықтыны анықтауға барлық қалааудандардан жас боксшылар келген. Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістіруде. Олардың арасында облыстық және республикалық бәсекелерде топ жарып жүрген жас өрендер де бар.Турнирдің негізгі мақсаты жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын сақтау, қазақ боксшыларының жетістіктерін кеңінен дәріптеу болып табылады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.