Кәсіби тұрғыда әрі технологиялық үдерістерге сай қара мыс алудың бастауында Қарсақбай металлургиялық зауыты тұрса, оның бүгінгі заңды мираскері Жезқазған мыс қорыту зауыты екендігіне ешкім күмән келтіре қоймас.
Жезқазған мыс қорыту зауыты ірі төрт цехтан тұратын мыс балқымасын алуда өзіндік технологиясы қалыптасқан елдегі металлургиялық нысанның бірі. Осындағы қара және катодты мыс алудың көрсеткіші жыл санап өсе түсуде. Аймақ металлургиясының алып ошағындағы өндірістің бет алысы Жезқазған мыс қорыту зауыты өндірістік бөлімінің басшысы Жандос Ізтөлеуовпен болған әңгімеде өрбімек.
– «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС құрамына кіретін Жезқазған мыс қорыту зауыты өзінің өндірістік қуатын жыл санап арттырып келеді. Бір жылға бекітілетін жоспардың көлемінің асыра орындалуы зауыттың қауһарлы екенін байқатады.
Биылғы жылдың 6 айында қара мыс өндірудің көрсеткіші 85234 тонна болса, катод мысын алудағы нәтижеміз 88949 тоннаға жетті. Осы 6 айда көзделген негізгі межеміз қара мыс алу бойынша 81930 тоннаға тең келсе, катодты мыста 88949 болатын. Демек, бұл зауыт ұжымы 6 айдың жоспарын межеден артық орындады деген сөз. Алдағы 6 айдың ішіндегі межеміз де қомақты. Қара мыс алудағы жоспар 90589 тонна деп межеленсе, катод мысын алудағы көрсеткіш – 94715 тонна. Жыл соңына дейін қара мыс өндіруден 172519 тоннаға, катод мысын алуда 182942 тоннаға жетуді көздеп отырмыз.
Өндірістік жоспардың негізгі көрсеткіштері осылай өріліп жатыр. Бұл міндетке жету жолында зауыт еңбеккерлерінің үлесі қомақты. Мыс балқыту үдерісінде адамның бас амандығы мен өмірін сақтау басты назарда. Цех басшыларынан бастап, ауысым шеберлері, бригадирлер еңбеккерлерге күнделікті жұмыс көлемін беру барысында қауіпсіздік саясатын басшылыққа алу жөнінде нұсқамалар беріп отырады. Өңірдің өндірісін өркендету жолындағы Жезқазған мыс қорыту зауыты ұжымының еңбегі ерен деп білемін.
Аға буынның ізін жалғастыра отырып, жаңа технологиялармен қара және катод мысын алудағы жас толқынның іскерлігі де басшылық тараптан қолдау тауып келеді. Әтен Саят Әбухатирұлының басшылығындағы мыс алыбы саналатын Жезқазған мыс қорыту зауыты жыл соңына дейін міндеттерді жоспардан асыра орындауға пейілді.
Сары мысымен әлемді мойындатқан Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Әрқайсыңыздың мамандыққа деген адалдықтарыңыз ортақ жетістікке үлес болып қосылуда. Бағындырған әрбір белес – біздің жеңісіміз. Осындай жемісті де жеңісті күндеріміз көп болсын. Баршаңызға мықты денсаулық, қажымас жігер тілеймін. Алдымыздағы аға буынның өнегелі жолын жалғастыра беру баршамыздың міндетіміз. Мерекелеріңізбен, металлургтер! – деп сөзін түйіндеді сөзін бөлім басшысы.
Өндірістік бөлім басшысы Жандос Ізтөлеуов
Жандос Ізтөлеуов – балқыту цехының анод бөлімшесінде балқытушы болып еңбек жолын бастаған азамат. Өндіріске келген 16 жыл ішінде металлургияның қыр-сырына қаныққан ол балқыту цехындағы барлық «баспалдақтардан» өтті. Бөлім, цех басшысы сынды қызметтерде Жандос Оңғарбайұлы өзін ұйымдастыру қабілеті жоғары маман ретінде танытты. Зауыт басшылығы оған 2023 жылы өндірістік бөлімнің тізгінін тапсырды. Ондағы негізгі мақсаты – зауыттың бір жылдық өндірістік көлем орындауын бақылауға алып, мәселелер туындаған сәтте шешімін табуға күш салу. Металлургияның нақ ортасы саналатын – балқыту цехынан қанаттанған Жандос Ізтөлеуовтің алдағы қызметіне сәттілік тіледік.
Мақала басында әңгіме өзегіне айналған зауыттың балқыту цехындағы пеште балқытылатын мыстың қызуына екінің бірі шыдас бере қоймайды. Нағыз еңбектің қайнаған ортасы да осында. Жалыны бет шыдатпайтын пештің қасында тұрып, балқыма алудың қандай қиямет-қайым екенін өзіңіз де сезетін шығарсыз?
Тәулік бойы жұмысы тынымсыз атқарылатын цехтан ауысым шебері Қайратбек Сейіловты жолықтырдық. Қайратбек Қазанғапұлы металлургияның отаны – Қарсақбайдың тумасы. Әкесі Қазанғап кенттегі зауытта апаратшы болып еңбек еткен. Жезқазған мыс қорыту зауыты қатарға қосылған соң, 1976 жылы осында еңбек жолын жалғастырады. Қайратбек Сейілов бір жылдай «Анненск» шахтасында ауысым шебері болып, кейін зауытқа ауысады. Алғашында щихта дайындау цехына жұмысқа қабылданған ол 2014 жылдан бері мыс балқыту цехында ауысым шебері. Ол мұндағы өндірістің «тілін» ұжымның мақтанышы болған, талай жастың қанаттануына себепкер болған саланың майталманы Табыс Міржақыповтан үйрінді.
Балқыту цехының ауысым шебері Қайратбек Сейілов
– Металлургиядағы ірі буынның біріне саналатын балқыту цехына келгенде барлық технологияның жай-жапсарын осында күйдіруші болып жұмыс істеген Табыс
Мыржақыповтан меңгердім. Негізгі мақсатым – күнделікті өндірістік үдерісті, берілген тапсырмаға сай жұмыс жүктемесінің қауіпсіз жүзеге асуын бақылау.
Осындағы Қуан Бекимановтың бригадасының балқыма алудағы еңбегі ұшан-теңіз. Оның қарамағындағы 18 жігіттің әрқайсы жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Аға балқытушы Дүйсен Салмұрзинов бастаған балқытушылар тобы жыл басынан бері межелі көрсеткішке жетіп келеді. Бір ауысымда 7-8 мәрте балқыма құйылады. Өзімнен шыңдалған жас маман балқытушылар Айдос Омаров, Абай Қойшы, Марат Ерсейтов сынды жігіттерден күтер үміт мол, – дейді Қайратбек Сейілов.
Цехтағы озат балқытушылардың қатарында Қаныш Қараевтың есімі ерекше аталады. Ол да Қарсақбайдың тумасы. 1995 жылы балқыту цехына келген Қаныш Қараұлы сол жылдары цехта балқытушы болған Асқар Жүсіповтен кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Қуан Бекиманов бригадасының білікті балқытушысы Қаныш Қараұлы 1200-1500 градуста балқыма алуға машықтанған.
Балқытушы Қаныш Қараев
– Балқытушы болу үшін ептілік, жалынға төтеп беретін шыдамдылық керек. Металды балқытудың да өзіндік тәсілдері бар. Соның барлығын кезең-кезеңмен жүзеге асырғанда ғана нәтижеге қол жетеді. Осы салаға келген 29 жыл ішінде тәжірибе жинақтап, артымыздан ерген жастарға тәлімгер де атандық. Тәлімімнен өткен Ғалымжан Барлыбаевтың жұмысқа деген ынтасы қуантады, – дейді Қаныш Қараұлы.
Тұтас ел экономикасына негіз болып отырған түсті металлургия саласында шоқтығы биік Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымы өздерінің төл мерекелеріне осындай толайым табыспен жетіп отыр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.