Биыл еліміздің индустриясына зор үлес қосып отырған Балқаш мыс балқыту зауытында қара мыс алынғанына 84 жыл толды. 1938 жылдың 24 қарашасы Қазақстанның металлургия саласының тарихына алтын әріппен жазылған күн болды.
Осы жылдар ішінде Балқаш металлургтері еңбек вахтасын табысты өткізіп келеді. Осы аралықта зауыт гүлдену де, тоқырау да кезеңдерінен өтті. Әсіресе, 90-жылдары өнеркәсіптің жалпы құлдырауы мыс алыбына әсер еткен қиын кезең болды. Бірақ, Балқаш металлургтері барлық сынақтарға төтеп беріп, бірегей өндіріс пен кәсіпорынның өзін сақтай алды. Мыңдаған металлургтер ұжымы жанқиярлық еңбектің, мамандық пен кәсіпорынға адалдықтың арқасында тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділікке қол жеткізді. «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты қазіргі уақытта Балқаш өңіріндегі негізгі қала құраушы кәсіпорын болып қала береді. Осынау айтулы күнге орай «КәсіпҚорған» кәсіподағы балқаш филиалының зауыттағы кәсіподақ комитеті бірқатар шаралар ұйымдастырып, өндіріс озаттарына алғыс білдірді. Өндіріс ошағындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті мыс балқыту цехының ұжымына тоңазытқыш сыйға тартты. Ұжымға деген мұндай құрмет үшін зауыт директоры Ербол Айбеков алғысын білдіріп, әріптестерін мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен мыс балқыту цехы еңбеккерлерінің арасында спорттық жарыстар өтті. Оның шеңберінде жұмысшылар арқан тартыс, қол күресі, үстел теннисі, футбол сынды спорт түрлерінен бақ сынады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.