«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қала құраушы кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінің үздік қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Металлургияның майталмандарына 2023 жылдың үздік көрсеткіштері үшін Балқаш қаласында құрмет көрсетілді.
Балқаш мыс балқыту зауытындағы катодшылар, конвертершілер және слесарь жөндеуші барлығы жеті жұмыскер көп жылғы және адал еңбектері үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің I, II және IІІ дәрежелі салалық төсбелгісімен марапатталды. Екі қызметкер «ҚР Құрметті энергетигі» атағын алды.
2018 жылы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығы қала құраушы кәсіпорынның қызметкерлері мен еңбек ұжымдарын жоғары өндірістік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге және кәсіпорынның оң имиджін құруға ынталандыру үшін 1 млн. теңге мөлшерінде ақшалай сыйақы бекітті. Осы дәстүрге сай жыл қорытындысы бойынша «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС құрылымдық бөлімшелерінің үздік қызметкерлері марапаталып келеді.
– Бұл шара бесінші жыл өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорынымыздың барлық қызметкерлерінің іскерлік және шығармашылық белсенділік танытуына, кәсіби әлеуетін толық көрсетуге және пайдалануға жағдай жасау және материалдық қызығушылықты күшейту. Басшылықтың мұндай жан-жақты қолдауы, ынталандыруы, моральдық және материалдық көтермелеуі бізге нәтижелі, ұзақ және мінсіз жұмыс істеуге, еңбекке адал және ынта-жігермен қарауға, жұмыс сапасын жақсартуға, еңбек ұжымдарында тұрақтылық пен салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл адал еңбек ұжымда әрқашан мойындалып, оң бағаланатынына, беделін арттырып, әріптестер тарапынан лайықты тану мен құрметке ие болатынына біздің әрбір қызметкеріміздің сенімін тудырады. Сондай-ақ, мұндай күшті ынталандырулар бізге бар кадрлық әлеуетімізді дамытуға, нығайтуға және сақтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС өндірістік директоры Марат Әубәкіров.
Сонымен, 2023 жылдың қорытындысы негізінде «Кәсіби шеберлік» номинациясы бойынша зауыттың мысты электролиздеу цехының электролизші маманы Әлімжан Нақыпбеков, «Сенімділік» номинациясы бойынша слесарь маман Андрей Бобин жеңімпаз атанса, «Құзыреттілік» номинациясын оператор-гидрометаллург Дмитрий Самонов жеңіп алды. Номинациялар бойынша үш жеңімпаздың әрқайсысына 1 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. Бұл – Балқаш металлургтерінің 2024 жылы өнімді еңбек етуіне ынталандыратын марапат болды.
Ләззат СМАҒҰЛОВА.
Балқаш