Бала-болашағың. Егеменді елдің ертеңгі болашағы бүгінгі жастар. Сондықтан жылына бір келетін балалар мерекесін лайықты атап өту «Қазақмыста» дәстүрге айналған. Компания қызметкерлерінің балалары өндіріс әлеміне қызықты саяхат жасап, ата-аналары еңбек ететін кәсіпорындардың жұмысымен жақынырақ танысты. Осындай танымдық экскурсиялардың бірі Құю-механикалық зауытында ұйымдастырылды.
Зауытқа кірген сәттен-ақ балаларды өндіріс тынысы қарсы алды. Алдымен қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Себебі мұнда әр қадам – тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Содан кейін ғана кішкентай қонақтар цехтарға бет алды. Гүрілдеген станоктардың үні, қызу еңбек ырғағы балаларды бір сәтке таңырқатып тастады. Бірі көз алмай қарап тұрса, енді бірі мамандарға сұрақ жаудырып, өндірістің құпиясын танығысы келді. Бүгінде зауытта 500-ге жуық маман тер төгіп, алты цехта үздіксіз еңбек жүріп жатыр. Құю-механикалық зауыты директорының орынбасары Сабыржан Есмағамбетов балалардың бұл сапарына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өндіріс орнын көзбен көру – жас ұрпақ үшін үлкен тәжірибе, әрі болашақ мамандық таңдауға әсер ететін маңызды қадам.
Ал зауыт қызметкері Тілектес Елеусізов үшін бұл күн тіпті ерекше өтті. Ол өз балаларына жұмыс орнын көрсетіп, олардың таңданысын бірге бөлісті. Балалардың қызығушылығы әке еңбегіне деген мақтаныш сезімін де арттыра түскендей. Шара соңында балаларға арнап жайылған мерекелік дастархан өндіріс әлеміндегі әсерлі күнді жылы әсермен түйіндеді. Өндіріс мекенінен олар тек әсер емес, жаңа арман да алып қайтқандай болды.
Гүлім Маратқызы













