Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызда ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз бір жаңғырып қалатыны сөзсіз. Әлемді дүрбелеңге салған пандемия салдарынан екі жыл үзіліп қалған мейрамды №1,2,3 Жезқазған кен байыту фабрикасының ұжымы жаңа серпінмен атап өтті.
Әз Наурыз мерекесінде фабрика басқармасы ғимаратты әсем безендіріп, ауыл-ауылға бөлініп, ұлттық болмысымызды насихаттады. Ал, мерекенің басты жаңалығы – өндіріс ошағындағы №1 бас корпустың еңбеккерлері шаһарымыздағы «Екі жұлдыз» тойханасында әз Наурызды кең көлемде атап өтті.
Ұжым басшысы Нұрғали Есілбаев бастаған еңбеккерлер «Ұлытау», «Абылайхан», «Сарыарқа», «Қабанбай», «Жошыхан», «Арғанаты», «Алтын Орда», «Абай» ауылдарына бөлініп, қазақ халқының дәстүрлі әндерінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, ұлттық ойындарынан бақ сынады. Әр бригада байқау шартына сай өнерлерін паш етті.
Қыз ұзату, жас босанған анаға кимешек кигізу, ат қою, бесікке салу, тұсаукесер сынды дәстүрлерімізді әр ауыл ретімен орындап шықты. Ұлттық билеріміз бен ойындарымызда да бас корпустың ұжымы көпшілікті тәнті етті. Арнайы құрылған қазыларалқасы әрбір өнер көрсетушінің киім киісіне, ұлттық дәстүрді насихаттай білу шеберлігіне баса мән берді.
Байқауға Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының фабрикадағы комитеті мен «Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы демеушілік танытты.
Айшықты шараның маңыздылығы жайында №1 бас корпустың басшысы Нұрғали Есілбаев былайша баяндап берді:
– Біз әдетте Жаңа жылды 1 қаңтар деп белгілеп, соның алдында ұжыммен қарсы алуды дәстүрге айналдырып жібергенбіз. Жасарған, жаңарған Тәуелсіз елімізде оның орнына әз Наурызды ұжыммен неге атап өтпеске? Міне, біз осы ұстанымды алға шығар аотырып, биылғы әз Наурызды ерекше жағдайда атап өтуді жөн санадық. Қаншама салт-дәстүріміз жарқырап шығып жатыр. Бұл жастарға үлгі ғой. Келер жылы бұл шараны қолдаушылар легі де көбейе түсеріне сенім мол. Біздің бастамамызды қолдаған фабрика директоры Мұрат Бөрібаевқа, демеушілік көрсеткен «Amanat» партиясы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғысымызды білдіреміз, – деді Н. Есілбаев.
Байқау болған соң оның жеңімпазы болары анық. Қазыларалқасының шешімімен үшінші орынды «Сарыарқа» ауылы деген атқа ие болған бірінші техникалық ауысымның ұжымы иеленсе, екінші орынның жүлдесін реагент бөлімшесінің «Абылайхан» ауылы еншіледі. Үшінші технологиялық ауысым еңбеккерлерінің «Ұлытау» ауылы байқау жеңімпазы деп танылды. Жеңімпаздарға демеушілер атынан қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Шара барысында слесарьлардың бригадирі Александр Болкунов қазақтілінде өлең оқып, көпшіліктің қошеметіне кенелді.
Ұлы даланың ұлттық дәстүрлерін жаңғыртқан еңбек ұжымы бұл шараны алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ ниетте.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.