ТМД елдерінің арасында кен өңдеуде көшбасынан көрінген Жезқазған байыту фабрикасының №1 байыту фабрикасының бірінші кезеңі іске қосылғанына келер жылы жетпіс жыл толады.
Заман ағымымен үндестік тауып, өндірісті өлкенің өркендеуінде айрықша орны бар фабриканың кен өңдеудегі технологиясы уақыт өткен сайын жетіліп келеді.
Фабриканың технологиялық сызбасы бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі – кеніштерден келетін кендерді қабылдау. Екіншісі – ұсақтау корпустарында кенді (ірі, орташа және ұсақ) кезең-кезеңмен ұсақтау. Үшінші кезең – қойыртпақ ала отырып және кейіннен оны флотацияға жібере отырып, барабанды диірмендерде кенді ұнтақтау. Төртінші кезең – флотация. Мыс минералдарының ұсақталған бөлшектері арнайы химиялық реагенттерді қосып, сулы ортадағы ауа көпіршіктерінің бетіне бекітіледі.
Мыс минералдары бар қалқымалы көпіршіктер көбік түзеді, ол дайын мыс концентратына айналғанға дейін флотацияның келесі сатыларына жіберіледі. Көпіршіктерге бекітілмеген және бос жыныстың батып кеткен бөлшектері «байыту қалдықтары» деп аталады. Флотациядан кейін байыту қалдықтары құбырлар арқылы қалдық қоймасына жіберіледі. Өңдеудің бесінші кезеңі – мыс концентратын қойылту және сүзу.
Жылына 22 млн. тонна кен өңдеуге қауқарлы өндіріс ошағына отыздың ордасын енді ғана бұзған білікті маман Мұрат Бөрібаев басшылық жасайды. Осы салада шыңдалып, ысылған Мұрат Ерболатұлы екі мыңнан аса еңбеккері бар ұжымды бірлікте басқарып келеді. Сондықтан да шығар, байыпты байытушылардың бағындырған белестері көпшіліктің көңілінен шығуда.
Кешенді байыту әдіс-тәсілдері қалыптасқан фабрика кенді ірілеп, орташа, майдалап ұнтақтау технологиясы бойынша жұмыс жасайды. «Қазақмыс» компаниясының кен өңдеудегі ірі құрылымы саналатын өндіріс нысаның ұжымы өздерінің төл мерекелеріне табыспен жетіп отыр.
Фабриканың негізгі буындарының бірі саналатын №2 бас корпусына жол бастаған өндірістік-технологиялық бөлімнің жетекші маманы Қаныш Уахитов 34 жыл осы ұжымда еңбек еткен. Диірмен машинисінен телім басшысына дейінгі қызметтерді атқарған ол цех басшысы Марғұлан Әбдікеровпен жүздестірді. Марғұлан Қамзабекұлы жас болса да ұжымының табысты болуына білімі мен біліктілігін бағыттап отыр.
Марғұлан Әбдікеров
– Жоспар бойынша айына 1 млн 114900 тонна кен өңдейтін №2 бас корпуста 330 адам еңбек етуде. Мұнда диірмен машинисі, флотатор, конвейер машинисі, слесарь жөндеуші сынды маман иелерінен бөлек, электр қызметі бөлімі бар. Аталмыш бас корпуста кен құрамындағы мыс концентратын алу үдерісі жүргізіледі. Біздің табысты болуымызға негіз болатын тетік жаңа технологияларды игеру болып табылады. Кендегі мысты ұсақтап, қалқып алу үдерістерін жетілдіру арқылы ұжым белгіленген межеге жетіп келеді.
Өнімнің сапалы болуына үлес қосып отырған бірқатар еңбек озаттарының есімдерін атап өткен жөн болар. «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иегері, диірмен машинисі Мәулен Көпеевтің салаға сіңірген еңбегі ерен. Аға технолог Еркебұлан Әбілов, бас механик Нұрмұханбет Мұсылманбеков, энергетик Абылай Тәжібай ұжымның қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасап отыр.
Диірмен машинистері Юрий Чертан, Жәнібек Жанайдаров, Арман Мұханбетжанов, конвейер машинистері Лариса Тительская, Гала Нұрбаева, Әсем Қамбарова, Қалдыгүл Елеусізова, слесарь жөндеушілер Төрехан Тіленов, Нұрболат Зидельдин, Еркін Махамбетов, Барлыбай Бейжантаев, кран машинистері Инна Иванова, Светлана Бикова, Петр Верменичев өндірістің қуатын арттыруға үлес қосып келеді.
Біздің ұжым өнім өндіруден бөлек, еңбекті қорғау саласындағы жетістіктері үшін бірнеше жыл қатарынан «Қазақмыс» корпорациясы бойынша және фабрика ішіндегі үздік көрсеткіштері үшін марапатталып келеді. Әрине, біз мұндай жетістікке жекелеген еңбек адамдарының арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Кен өңдеуде кешенді технология қалыптасқан №2 бас корпус табыс тайқазанын толықтыруда осылай үлес қосуда, – дейді Марғұлан Әбдікеров.
Марғұлан Қамзабекұлы 2011 жылы әскери міндетін орындап келген соң осы цехқа жұмысқа орналасқан. Диірмен машинисінен басталған еңбек жолымен сатылай өскен Марғұлан бригадир, бөлім басшысы, аға шебер, технологиялық жетекші сынды міндеттерде өзінің біліктілігін көрсетті. Өткен жылдың қарашасынан бері ұжымның тізгінін қолға алды. Аға буын өкілдерінің тәлімінде шыңдалған Марғұлан Әбдікеров ұстаздары жайында былай деп ағынан жарылды.
– Өндіріс бір орында тұрып қалмауды талап ететін сала болғандықтан мен біліктілігімді шыңдауда осы цехта басшылық құрамда болған бірнеше аға буынның мектебінен өттім. Юрий Наливайко, Қаныш Уахитов, Алмаз Мырзабеков, Ержан Зәмекбаев сынды майталмандардың тәжірибесі мен білімі маған бағыт-бағдар болды. Мамандықтың қыр-сырын меңгеруімде осы кісілердің еңбегі зор, – дейді.
Марғұлан өндірістегі қауіпті жағдайларды алдын алудың жобасын әзірлегені үшін «Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы ең тиімді шешімдері үшін» номинациясымен марапатталған.
Кен өңдеу ісі бір ғана бағытта шектеліп қалмайды. Мұнда бірнеше құрылымның жұмысы қат-қабат жүзеге асып жатады. Сондай құрылымның бірі – слесарь жөндеушілердің тобы. Аталған ұжымда еңбек еткеніне 15 жыл болған Айдос Аяғанин қазір 5 разрядты-жөндеуші. Цехтағы технологиялық жабдықтарға ағымдық және күрделі жөндеуді жүзеге асыратын Айдос Әмзебекұлы алғашқы еңбек жолын диірмен машинисі болып бастаған. 2008-2010 жылдар аралығында кен ұнтақтаған Айдос кәсібін слесарьлыққа ауыстырды. Бригада жетекшісі болды.
Айдос Аяғанин
– Бір ауысымда 40 адам еңбек етеміз. Біздің басты мақсатымыз – цехтағы жабдықтарға қызмет көрсету. Кен өңдеуде үдеріс тоқтаусыз жүзеге асырылуы керек. Сондықтан слесарь-жөндеушілердің қызметі маңызды. Бір сапта жүрген Болатбек Кадекешов, Ербол Есенғабылов, Нұрболат Зидельдин, Сейіткерей Қозыбақов, дәнекерлеуші Ғабиден Нұрлан, Андрей Венгрусьтің еңбектерін айрықша атап өткен жөн. Арман Ахметов сынды білікті диірмен машинисінен тәлім алдым. Ол кісіден өндірістік үдерістің қыр-сырына қанықтым. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты маман болып қалыптасуыма ықпал етті, – дейді Айдос Әмзебекұлы.
Фабриканың әрбір цехында еңбек әулеттерін кездестіруге болады. Атадан балаға мирас ретінде қабылдап алған әулеттер қаншама. Ал, бір салада ерлі-зайыпты болып еңбек ету де екінің біріне бұйыра бермесі анық. №2 бас корпуста флота машинаның тілін меңгерген Ләззат Махамбетова өзінің өмірлік жарын өндірісте жолықтырған жан. Ләззат бұл цехқа 1995 жылы конвейер машинисі болып келген. Ол кезде анасы Әзиза Шахмағанбетова конвейерді ұршықша иіретін тәлімгер болатын. Кенді ұнтақтаудың әліппесін анасынан үйренген Ләззат кейін флота машинаға ауысты. Үздіксіз айналып жататын машиналардың қасында жүрген жас қыздың батылдығы, көздеген мақсатына қол жеткіземін деген ұмтылысы оны кейін абыройға бөледі. 1996 жылы №2 ұнтақтау корпусында еңбек етіп жүрген Сағындық Махамбетовпен көңіл жарастырып, бас құрады.
Сағындық пен Ләззат Махамбетовтер
– Осы цехқа келгенім күні кеше ғана сияқты. Зымырап уақыттың өтіп жатқанын енді сезінгендейміз. 28 жыл еңбек өтілім осы бір ғана цехта қалыптасты. Анамның ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдарының арқасында конвейерді де, флотацияны да меңгердім. Өзіме өмір сыйлаған жанның өндірісте тәлімгер болуы баға жетпес құндылық болды. Осындай жолдан өтіп, тәжірибе жинақтағаным анамның арқасы. Өндірістің арқасында өмірлік адамымды да жолықтырдым. Сақтаған Махамбетов қазір №2 ұнтақтау корпусында кран машинасын жөндеуші болып еңбек етеді. Оның еңбек өтілі 30 жылды құрайды. Сағындық екеуміз 4 бала тәрбиелеп, өсірдік.
Флотаторшылар бригадасына жетекшілік ететін Алмаз Әубәкіровтің шеберлігінің арқасында табыстың көкжиегінен көрініп келеміз. Басшылық бірнеше жасты тәлімгерлікке бекітті. Солардың бірқатары осы жерден қанаттанып, жан-жаққа түлеп ұшты. Әсел Бекова, Сандуғаш Қуанбекова, Гүлмира Әбдірахманова, Мая Ахметова сынды шәкірттеріммен мақтанамын. Сандуғаш Қуанбекова екеуміз бір ауысымдамыз. Шәкіртімнің талабы таудай, – дейді Ләззат Махамбетова.
Жұптары жарасқан Сағындық пен Ләззат Махамбетовтер қазіргі таңда өз саласының білікті мамандары. Оларға қарап фабрикадағы жастар бой түзеп келеді.
№2 бас корпустың инженерлік-техникалық қызметкерлері
Өңірде өндіріс әлеуетін арттырып отырған Жезқазған байыту фабрикасының №2 бас корпусы өз саласында биік белестерді бағындырып келеді. Ұжымның табысты болуы байытушылардың өз кәсібіне деген адалдығыны арқасы деп білген жөн.