Дүниенің аласапыранын шығарып, бейбіт өмірге қатер төндірген, миллиондаған адамның өмірін қиған, ананы баладан, баланы әкеден айырған фашизмді өз үңгірінде түпкілікті талқандап, Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне биыл 80 жыл толып отыр. Әр кез, әр уақытта Жеңіс күні жақындағанда есті, саналы адам бүгінгі бейбіт заманның бағасын оймен тағы да бір електен өткізіп, толғанып тебіренері сөзсіз.
Басқаны қайдам, өз басым осындай күй кештім. Әкемнің сонау бір жылдары Жеңіс мерекесінде балаларының ортасында отырып: «Нан болса, соғыс болмаса, қалғаны өз қолдарыңда. Маңдайдан терді тамшылатып адал еңбек етіңдер, соғыста судай аққан қанмен келген бейбіт өмірді бағалаңдар» деп айтқан өсиеті құлағыма келгендей әсерленіп, тебіренетінім бар.
Мен бұл мақаламда Ұлы Отан соғысының ардагері әкем Түсіпбек Жалмағанбетұлы туралы ғана емес, оның інілері: Асқар Бәйдешұлы мен Мұханбедия (Сары) Сыздықұлы туралы да сыр шертемін. Ағамыз Асқар Бәйдешов – Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болатын. Ол 1905 жылы қазіргі Ұлытау ауданы, «Байқоңыр» ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әділетсіздіктің талайын көзбен көріп өскендіктен болар, өте шыншыл, батыл адам еді. Әкесі Бәйдеш – 1916 жылы Торғай өңіріндегі Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылардың бірі. Амангелді Имановтың басшылығымен патшасының жазалаушы әскерлерімен талай рет қақтығысқа түсіп, азаттық жолындағы айқаста аянбай айқасып, ерлігімен танылған. Осындай әкенің өнегесін көрген Асқар да өжет, қайсар мінезімен өмірде тура жолдан таймай өтті.
Асқар аға еңбекке ерте араласқан, еңбек жолын Байқоңыр көмір шахтасында жұмысшы болып бастаған. Кейінірек Қарсақбай металлургия заводында жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда, «ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен» қысылтаяң уақытта, 1941 жылы жазда алғашқылардың қатарында майданға аттанады. Әскер қатарына алынған алғашқы кезеңде артиллерия жауынгерлерін даярлайтын үш айлық курстан өтеді. Великий Луки қаласын қорғау кезінде ерен ерлік көрсетеді. 1942 жылы жазда Коммунистік партия қатарына қабылданады.
Майдан жолдарында қарулас достарымен бірге фашистердің оңдаған танкісін, бронемашинасын өртке орап, көзін жойып, асқан ерліктің үлгісін танытады. Кезекті ұрыстың бірінде жамбасына снаряд жарықшағы тиіп, ауыр жарақат алады. Алты ай госпитальде жатып емделеді. Одан шыққан соң екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде әскер қатарынан босатылып, елге оралады. Жауынгерлік ерлігінің айғағындай бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталады.
Соғыстан балдақпен оралған ол өзіне тән өжеттік пен қайсарлықтан танбай, бірден Қарсақбай металлургия заводына жұмысқа тұрады. Бір аяқтан айырылып балдақпен жүрсе де, жұмыстан бас алмайды. Кейін Рудниктегі «Покро» шахтасында жұмысын жалғастырды. 1948 жылы жеңгеміз Нүркен Жүнісовамен шаңырақ көтеріп, сегіз бала тәрбиеледі. Ағайынды Бәйдешовтер, Белгібаевтар әкемнің соңынан ерген інілері еді, барлығы бізді бауыр басатын.
Орны бөлек Сары ағамыз білімімен, сабырлығымен, ақкөңілдігімен, адалдықтың туын ұстаған тұлға ретінде біздің есімізде қалды. Ол 1920 жылы Байқоңыр ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі отызыншы жылдары өмірден өтіп, інісі Кәрімтай екеуі жетімдіктің зарын тартып ержетеді. Байқоңырдан Қарсақбайға келіп, осында мектепте оқиды. Мектепті бітірген соң, сонда мұғалім болып еңбек жолын бастайды. 1939 жылы Алматыдағы медициналық институттың жұмысшы факультетіне оқуға түседі де, келесі жылы бірінші курсқа оқуға қабылданады.
Сол жылы әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеуге аттанады. Қиыр шығыстағы 123-атқыштар дивизиясында әскери міндетін атқарады. Амур өзенінің жағасындағы Благовещинск қаласында орналасқан 192-полк құрамында болады. 1941 жылы жеделдетілген бағдарламамен оқып, кіші авиация мамандарын даярлайтын курсты тамамдайды. Сосын авиация механигі болып 326-девизияның 443-полкіндегі 1-эскадрильяның 3-экипажына механик болып қабылданады. Майдандас достары туралы Сары ағамыз таңды таңға ұрып әңгімелеуден жалықпайтын еді.
Соғыс аяқталған соң 443-полк Солтүстік Манчжурия, Қытай арқылы Оңтүстік Сахалинге жіберілді. Сары ағамыз Сахалиндегі әскери қызметін 1946 жылы аяқтап, елге оралды. Омырауында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Берлинді алған үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқыраған жас жігіт елге оралысымен прокуратура органдарында Қарсақбай, Ұлытау, Токаревка, Киевка, Жезқазғанда қызмет етті. Тергеуші, прокурордың көмекшісі, прокурор болып заңдылықты қорғап, сақтау жолында аянбай тер төгеді.
Еңбек ете жүріп, қызметінен қол үзбей заң саласы бойынша білімін жетілдіруді де ұмытпайды. 1952 жылы Алматы қаласындағы заң мектебін бітіріп, заңгер мамандығын алып шығады. Ұзақ жыл атқарған прокуратура органындағы қызметін денсаулығына байланысты ауыстыруға тура келіп, жұмыс орнын Жезқазған кен-металургия комбинатына ауыстырады. Комбинаттың заң бюросының бастығы болып біраз жыл қызмет атқарған уақытта да абырой биігінен көріне білді.
Кейін кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары болған кезінде де еңбекшілердің мүддесін қорғау жолында білімі мен біліктілігін көрсетіп бақты. Қай жерде қызмет атқарса да адалдықтың ақ жолынан танған жоқ. Осы қасиеті оны әріптестері арасында, тұрғын халық арасында құрметке бөледі. Мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Бейбіт кезеңде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. Прокуратура саласының жоғары басшылығы тарапынан марапатқа ие болды. Әрдайым қарапайымдылықпен, сыпайы, сырбаздықпен маңындағы адамдармен жылы қарым-қатынас жасады. Сондықтан, төңірегіндегілер оны сыйлап, қадірлейтін.
Әкеміз Түсіпбек Молақов өмірдің ащы-тұщы дәмін бір адамдай татқан, көңілге түйгені мол, көпті көрген жан болатын. 1901 жылы Торғай уезіндегі Қайдауыл болысының № 5 ауылында дүние есігін ашқан екен. Туғаннан көргені қиындық болғаннан шығар, ол қайсар, табанды болып өседі. Бірге туған он төрт бауыры сүзектен қайтыс болады, әке-шешеден ерте айырылады. Жасында жоқшылықтын зардабын көп тартып, байдың жалшысы болып жүреді. Сыр елінде кірпіш құйып, күн көріс табады.
1927 жылы Байқоңыр көмір қазбаларының № 18 шахтасында шахтерзабойшы болып, ауыр жұмыста шыңдалып, белін бекем буады. Арнаулы курста оқып 1932 – 1938 жылдары десятник қызметін атқарады. Шаршап шалдығуды білмейтін еңбекқорлығымен, адалдығымен, өжет те қайсар мінезімен көзге түсіп, Байқоңыр партия ұйымы бюросының хатшылығына сайланады. 1938 жылы Байқоңыр көмір қазбаларының директоры болып тағайындалады.1939 – 1941 жылдары Жезқазған кен басқармасы партия бюросының хатшылығына сайланады.
1941 жылы соғыс басталғанда мыс комбинатының басшылары Түсіпбек Молақовты Байқоңырдағы № 19 шахтаға бастық етіп тағайындайды. Бұл жұмысын 1943 жылдың маусымына дейін атқарып, сол жылдың шілдесінде соғысқа аттанады. Майданға әкеміз 2-Беларусь майданының құрамында артиллерия сержанты болып кіреді. Өндірісте әбден шыңдалып, жанындағыларды соңына ерте білетін қабілет-қарымын көрген әскер басшылары оны көп ұзамай артиллерия кондырғысының командирі қылып тағайындайды.
Гродно қаласын азат ету үшін болған қиян-кескі ұрыста әкеміз ауыр жараланады. Өлім халінде госпитальге түскен оны әскери дәрігерлер ажал тырнағынан арашалап алады. Емделіп, қатарға қосылған соң тағы да қан майданға кіріп, зұлым жаумен айқасқа түседі. Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосады. Майдан даласындағы ерлігінің белгісіндей омырауында екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі жарқырап соғыс аяқталған соң елге оралады.
Елге оралған соң төрт жылғы соғыстан күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына бел шеше кіріседі. 1945 – 1947 жылдары Байқоңыр комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1947 – 1949 жылдары «Казмедьстрой» тресі қосалқы шаруашылығының директоры, 1949 – 1953 жылдары «Қызыл әскер» колхозының басқармасы болып қызмет атқарады. 1954 жылы «Казмедьстрой» тресінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1955 – 1978 жылдары Жезқазған кен басқармасының «Покро-15» шахтасы бастығының орынбасары болып көп жылдар бойы абройлы еңбек етеді.
Әкеміз ерлік пен еңбекті құстың қос қанатындай қатар еншілеп, бар ғұмырын туған халқының келелі келешегіне сеніммен өткерді, сол жолда аянбай еңбек етті, елінің алаңсыз, бейбіт өмір сүруі үшін қан майданда қаһармандықпен фашизммен айқасты. Кімге де болсын қол ұшын беруге әзір тұратын қайырымдылығымен, қызметте әр жұмыстың тетігін таба білетін іскерлігімен, ағайын-туысқа қамқорлығымен, өжет те қайсар, табанды, жігерлі мінезімен елге елеулі, халыққа қадірлі болды. Әкеміз ұлы өзгерістер өріс алған дәуірдің перзенті еді. Ол жаңа мемлекет – Кеңес Одағының іргетасын қалаушылар қатарында болды.
Арқа төрінде кен өндіру саласын дамытуға елеулі үлес қосты. Жезқазған аймағының ғана мақтанышы емес, ұлттың ұлағатты ұлына айналды. Анамыз Ұлтуған екеуі он бала, отыз екі немере тәрбиелеп өсіріп, артына ата атына лайықты ұл-қыз, немере, шөбере қалдырды. Ата-анамыз бізді бауырмал, кішіпейіл болуға баулыды, шыншылдыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Әкешешеміздің өнегесін көріп өскен біздің әрқайсымыз бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі болып отырмыз. Әке аманаты елге қызмет етіп, біздің береке-бірлікте, адамгершілікте болуымыз еді. Әкеміз 94 жасында, 1995 жылы дүниеден озды. Өмірінің жалғасы – ұрпағы енді әкемізден көрген өнегені өз балаларымызға беруге ұмтылудамыз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай байқоңырлық ағайынды үш қыранның өмірінен естелік жазу маған бұйырған үлкен бақыт деп санаймын.
Әбуләйіс МОЛАҚОВ,
«Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесі филиалының басшысы, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты.